Accessibility links

Тәжікстан: Билік партиясы Рахмонды президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

3 қыркүйекте Тәжікстанның халық демократиялық партиясы қазіргі басшы Эмомали Рахмонды президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды. Мұндай шешім бейсенбі күні өткен партия съезінде қабылданған.

Партияның орталық атқару комитетінің жетекшісі Абдурахмон Хонов Азаттықтың Тәжік қызметіне съезге мыңнан астам делегат қатысты деп айтқан. Онда негізінен президент сайлауына кандидат ұсыну және оның бағдарламасын бекіту мәселесі талқыланған.

Тәуелсіз ақпарат құралдарын шараға кіргізбеген. Сол себепті Рахмонның съезде не айтқаны белгісіз.

Бұған дейін Рустам Латифзода (Аграрлық партия), Абдухалим Гаффоров (Социалистік партия), Саидджафар Усмонзода (Демократиялық партия) және Рустам Рахматзода (Экономикалық реформа партиясы) кандидат ретінде тіркелген еді.

Елдегі жалғыз оппозициялық саяси ұйым - Тәжікстанның социал-демократиялық партиясы қазан айында өтетін президент сайлауына бойкот жариялап, оны Конституцияға қайшы, заңсыз, халық мүддесіне қарсы өткізіліп отырған шара деп атаған.

Тәжікстанның халық демократиялық партиясы 1994 жылы желтоқсан айында құрылған. Алғашында Халық партиясы деп аталған. 1998 жылы Эмомали Рахмон партия төрағасы болып сайланып, партия атауына "демократиялық" сөзі қосылған. Елде дауыс беруге құқығы бар төрт миллион тұрғынның 15 пайызы немесе жарты миллион адам партияға мүше. Оппозиция өкілдері билік өкілетін асыра пайдаланып, жақтастарын жинады деп санайды.

11 қазанда өтетін саяси науқан – тәуелсіз Тәжікстан тарихындағы алтыншы президент сайлауы. Осыған дейінгі бес сайлаудың бәрінде Рахмон жеңген. Ол 2013 жылғы сайлауда 84 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Халықаралық ұйымдар мен батыс елдері бірде-бір сайлау әділ әрі демократия принциптеріне сай өтпеді деп мәлімдеген.

Эмомали Рахмон билікте 28 жыл отыр. Халықаралық ұйымдар мен сарапшылар Рахмон Тәжікстанда билікті сынаушыларды қудалап, адам құқығын бұзды, сөз бостандығы мен діни бостандықты шектеді деп сынайды. Оның балалары мен жақындары биліктегі негізгі қызметтерде отыр. Ұлы Рустам Эмомали – елде сенат спикері ретінде билік иерархиясындағы екінші адам.

Тәжікстанда президент 7 жылға сайланады. Дауыс берушілердің 50 пайызы қатысқан сайлау өтті деп есептеледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG