Accessibility links

Ащысай тұрғынының қазасынан соң құрылған комиссия Тоқаевқа талап қойды


Қоғамдық комиссия мүшелері жиын өткізіп жатыр. Алматы, 4 қыркүйек 2020 жыл.
Қоғамдық комиссия мүшелері жиын өткізіп жатыр. Алматы, 4 қыркүйек 2020 жыл.

Ащысайдағы адам өліміне байланысты құрылған қоғамдық комиссия өкілдері 4 қыркүйекте Алматыда жиын өткізіп, билікке бірнеше талап айтты: тамыз айының ортасында Ащысай ауылында пышақталып, ауруханада көз жұмған белсенді Нұрлан Ахметовтің өлімі мен оған жасалған бірнеше қастандық әрекетті жан-жақты зерттеу, белсендіге бұған дейін жасалған қастандықты тергемей, "қылмыстық істі жапқан" полицейлерді жауапқа тарту, құқыққорғау жүйесін реформалау.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында болған белсенді өліміне байланысты бұған дейін Қылмыстық кодекстің 99-бап 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған еді. Комиссия мүшелерінің айтуынша, жәбірленушінің туыстары істің қалай жүріп жатқанынан бейхабар.

"Туыстарына астанадан адамдар келсе де, тергеуге қатысып жатырмыз дегеннен басқа ешқандай ақпарат бермеген. Күдіктілер ұсталды ма, ұсталмады ма, белгісіз" дейді комиссия өкілдері.

Қоғамдық комиссия өкілі Қыдырәлі Оразұлы "бұған дейін осыған ұқсас қылмыстар толық ашылмай, жабық күйде қалып, бір қылмыс екіншісіне әсер етіп, қоғамдық тәртіпсіздік, ұлтаралық қақтығысқа апарғандықтан біз белсенділер болып, іс ашық тергелуі үшін амалсыздан осындай комиссия құрып отырмыз" деді. Олар бұл жолы да іс ашылмай қала ма деп алаңдап отырғанын жеткізді.

Белсенділер таратқан баспасөз мәлімдемесінде Ахметов қаза болғанға дейін жылдар бойы оған бірнеше қастандық жасалғаны: "автоматпен оқ жаудырғаны", "інісін пистолетпен атып, көзін жарақаттағаны", "көлігі мен үйіне жарылғыш заттар қойғаны" жазылған.

Комиссия өкілі қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзге мәселелермен қатар осы іске ерекше құқықтық баға беріп, істі бақылауына алуды сұрап отырғанын жеткізді.

"Өздерінің төл міндеттерін, қылмыстың алдын алуын және болдырмауын, жасалған қылмысты ашуды, қылмыскерлерді тұқындаудың орнына демократияландыруды талап еткен қоғам қайраткерлерін, белсенділерін, ұлт патриоттарын аңдумен қудалау мен бейбіт жиынға қатысушыларды заңсыз ұстаумен, қорқытумен, сотқа жалған хаттама толтырумен айналысатын полиция жүйесін түбегейлі реформалауды талап етеміз. Мұндай реформа жасамайынша полиция өзінің міндетін атқармайды" деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Азаттық тілшісі 4 қыркүйекте Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасына хабарласқан кезде баспасөз қызметі "бүкіл істі Алматы облыстық полиция департаменті жүргізіп жатыр" деді.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі "алдыңғы істер дұрыс тергелмеді" деген комиссияның мәлімдемесі бойынша нақты жауап бермеді. Департаменттің баспасөз хатшысы Ақбота Әзірбектің сөзінше, істі ішкі істер министрлігі жүргізіп жатыр.

"Осы мәселедан соң топ құрылды. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері тартылды. Сол кезде-ақ осы іс ішкі істер министрлігіне өткен. Бұл істі қазір ішкі істер министрлігіндегі криминалдық полиция департаменті, тергеу департаменті тергеп жатыр", — деді Әзірбек.

Азаттық ішкі істер министрлігінен "Ахметов қазасы бойынша тергеу қай деңгейде жүргізіліп жатыр" деп сұраған. Ведомствоның баспасөз қызметі ресми сұраныс жіберу керегін айтып, жауап берген жоқ.

Бұған дейін Ахметов өлімінің 2007 жылы Бәйдібек би ауылында болған "қазақтар мен шешендер арасындағы қақтығыспен" байланысты екені хабарланған еді.

Видео: Ащысай тұрғынының өлімі мен 13 жыл бұрынғы қазақ-шешен жанжалының байланысы бар ма? (17 тамыз 2020 жыл).

Ащысай тұрғынының өлімі мен 13 жыл бұрынғы қазақ-шешен жанжалының байланысы бар ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:05 0:00

2007 жылдың наурыз және сәуір айларында Алматы облысындағы Бәйдібек би (бұрынғы Маловодное) ауылында жергілікті қазақтар мен шешендер арасында қақтығыс болған. Оқиға бильярд залындағы ерегістен басталып, аз уақыт ішінде үлкен жанжалға айналған. Оған екі тараптан жүздеген адам қатысқан. Іс насырға шауып, жанжал соңы оқ атумен аяқталған, салдарынан бес адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG