Биылғы жылдың соңына дейін үкімет қазақстандықтардың офшорда есепшоты бар-жоғын тексереді. Бұл туралы жұма күнгі брифинг кезінде премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смаилов хабарлады.
– Жыл соңына дейін экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдердің салық органдарымен жеке және заңды тұлғалардың қаржылай есепшоттары жайлы ақпарат алмасу жоспарланып отыр. Сәйкесінше Қазақстан азаматтары туралы алынған мәліметтерге талдау жүргізіледі, – деді Смаилов.
Ол сонымен бірге үкімет көлеңкелі экономикамен күресті жандандыруды көздеп отыр, ол үшін офшорлық юрисдикцияға ақша аудару мәселесіне қатысты заңнаманы жетілдіру керек болады деді.
1 қыркүйекте халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес мақсатында 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар мен судьялардың шетел банктеріне ақша салуына шектеу қою қажеттігін айтқан болатын. Бір күннен соң қаржы министрлігі шенеуніктер мен олардың отбасы мүшелеріне шетелден есепшот ашуға тыйым салынады деп мәлімдеген еді.
Кейбір сарапшылар үкіметтің бұл әрекеті аса тиімді бола қоймас, себебі қазақстандық элита офшордағы есепшотты көп жағдайда өз атынан ашпайды деген еді.
Кезінде экономикалық реформа жүргізу бойынша постсоветтік кеңістікте "көпке үлгі" саналған Қазақстанның имиджі соңғы уақытта шенеуніктер мен олардың отбасының шетелдегі қымбат мүліктері мен есепшоттары жайлы ақпаратқа байланысты айтарлықтай бүлінген болатын.
Биыл Ұлыбританияның қылмыспен күрес ұлттық агенттігі (NCA) Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы мен немересінен Лондондағы қымбат зәулім сарайды қандай қаржыға сатып алғанын түсіндіруді талап еткен болатын. Агенттікпен соттасқан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиев және оның шешесі Дариға Назарбаева құны шамамен 100 млн доллар тұратын үш үйді сақтап қалған. Бірақ бұл іс бұрынғы президенттің отбасы мен байлықтарына халықаралық БАҚ-тың назарын аударған.
Оқи отырыңыз: Дариға Назарбаева мен ұлының "төбесі көкке жетті". Олар Лондондағы мүліктерін сақтап қалды
ПІКІРЛЕР