Беларусь оппозициясы жетекшілерінің бірі Мария Колесникова туралы қарама-қайшы ақпарат тарады. Беларусь шекара қызметі Колесникова шекарадан өтіп, Украинаға кетті десе, Украинаның ресми орындары бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Украина шекара қызметінің хабарлауынша, шекарадан екі оппозициялық белсенді Антон Родненков және Иван Кравцов өткен. Құпия дереккөзге сүйенген "Интерфакс-Украина" агенттігінің жазуынша, Колесникованы қауіпсіздік күштері елден күшпен шығаруға тырысқанмен ол паспортын жыртып тастап, қалып қойған. Бұл ақпаратты Украинаның ішкі істер вице-министрі Антон Геращенконың сөзіне сүйенген Mash Telegram-арнасы да жазды.
Бұған дейін үш оппозициялық белсенді Мария Колесникова, Антон Родненков және Иван Кравцов із-түзсіз жоғалып кетіп, жақтастары оларды бір айдан астам уақыттан бері өтіп жатқан президент Александр Лукашенкоға наразылық шарасын басу үшін қауіпсіздік күштері ұстаған болуы мүмкін деп болжаған еді. Үшеуі де билікті бейбіт жолмен ауыстыруды көздейтін оппозиция құрған үйлестіру кеңесіне мүше.
Беларусь шекара қызметінің өкілі Антон Бичкуски бұған дейін Азаттықтың Беларусь қызметіне олардың елден шығып кеткенін айтқан еді.
Бір күн бұрын куәгерлер сөзіне сүйенген Tut.by сайты Минск орталығында белгісіз біреулердің Колесникованы микроавтобусқа отырғызып, күшпен алып кеткенін хабарлаған болатын.
Беларусьте оппозиция жетекшілері жоғалып кеткеннен кейін билікке қысым күшейген. Еуроодақ Беларусь режимін төрт аптадан астам уақыттан бері өтіп жатқан наразылықты басу үшін "адам ұрлау" мен "қорқыту шараларын" қолданды деп айыптады.
Наразылық кезінде мыңдаған адам ұсталған, тергеу изоляторына қамалғандар өздерін ұрып-соғып, азаптағанын айтқан. Көптеген ақпарат құралдары елден шығарылды. Сайлауға оппозиция атынан қатысқан кандидат Светлана Тихановская биліктің қысымымен елден кеткен. Ол 8 қыркүйекте Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) саяси істер және демократия жөніндегі комитет отырысында Беларусьтегі жағдай бойынша баяндама жасайды. Ол сонымен бірге осы аптада Варшавада Польшаның ресми өкілдерімен кездеспек. Беларусьті 26 жыл басқарған Лукашенко бұған дейін қарсыластарымен диалог орнатудан бас тартып, жаңа сайлау өткізбейтінін айтқан.
ПІКІРЛЕР