Accessibility links

Microsoft: Ресей, Қытай және Иран хакерлері АҚШ-тағы сайлауға ықпал етуге тырысып жатыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресей, Қытай және Иранмен байланысты хакерлер АҚШ-та алдағы уақытта өтетін президент сайлауына қатысы бар адамдар мен топтарды аңдып жүр. Бұл туралы бейсенбі күні Microsoft компаниясы хабарлады. Компанияның айтуынша, төрт жыл бұрын Демократиялық партияның серверін бұзуға араласқан хакерлер енді сайлауға ықпал етуге тырысып жатыр.

"Сырттан белсенділік артып келеді, сайлау процесіне ықпал етуге күш салған әрекеттер көбейді" деді Microsoft өкілдері.

Сарапшылардың айтуынша, хакерлер әсіресе президент сайлауына түсетін республикашылдар кандидаты Дональд Трамп пен демократтар ұсынған кандидат Джо Байденді нысанаға алып отыр.

Microsoft ресейлік Strontium хакерлер тобының 200-ден астам ұйымға кибершабуыл жасауға тырысқанын айтады.

"2016 жылдағыдай Strontium қолданушылардың тіркеу деректерін ұрлауға күш салып отыр. Әзірге толық емес мәлімет бойынша олар деректі арнайы қызметке ақпарат жинауға көмектесу үшін немесе қаралау кампаниясына пайдаланғысы келеді" деді Microsoft компаниясының вице-президенті Том Берт.

Британдық BBC сайтының жазуынша, Fancy Bear атпен де белгілі Strontium тобын сарапшылар ресейлік әскери барлау қызметімен (ГРУ) байланыстырады. Мамандардың пайымдауынша, сол хакерлер тобының британдық саяси партияларға бағытталған кибершабуылдарға да қатысы бар. Дегенмен Microsoft нақты қай саяси партиялар екенін ашып көрсетпеген.

IT компаниясының мәліметінше, қытай хакерлері Джо Байден айналасындағы адамдарды төңіректесе, Иранның кибералаяқтары Ақ үй жетекшісі Трампмен байланысты адамдардың компьютеріне шабуыл жасап жатыр. Microsoft мәліметінше, кибершабуылдардың басым бөлігі нәтижесіз аяқталған.

Мәселеден хабары бар ақпарат көзіне сүйенген Reuters агенттігі 10 қыркүйекте Ресеймен байланысы болуы мүмкін хакерлер америкалық SKDKnickerbocker консталтинг компаниясына кибершабуыл жасағанын хабарлады. Демократиялық партия атынан сайлауға түсетін Джо Байденнің штабы осы компаниямен бірге жұмыс істейді. Reuters-тің ақпарат көзінің айтуынша, компанияға шабуыл жасалатынын бұған дейін Microsoft мамандары ескерткен.

Мәскеу өзге елдердегі сайлауға қатысы бары туралы айыптауларды үнемі жоққа шығарады. 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауына да қатысы жоғын айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG