Accessibility links

Алматыдағы митинг: "Билік кетсін!" деген талаптан соң әкімдік ескерту жасады


Несие амнистиясы мен жердің шетелдіктерге сатылмауын талап еткен наразылар. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.
Несие амнистиясы мен жердің шетелдіктерге сатылмауын талап еткен наразылар. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

"Билік кетуі керек!" - тіркелмеген "Демократиялық партияның" Алматыда рұқсат етілген митингісінде осындай талап айтылды. Митингіге келгендердің бірі азаматтық белсенді Юрий Маленьких пандемияның кесірінен елде экономикалық және әлеуметтік мәселелер ушыққанын атап өтті.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында билік тармақтарының бірі - сот жүйесінің "жабық корпорацияға" айналғанын айтты. Менің ойымша, Қазақстандағы билік өзіне ғана жұмыс істейтін "корпорацияға" айналған. Халықтан алыстап кетті. Конституциямызда халық - биліктің қайнар көзі деп жазылған. Сол себепті билік кетуі тиіс, Қазақстанның билік тармақтарында халыққа жұмыс істейтін адамдар отыру үшін заңды сайлау өткізу керек, - деді Юрий Маленьких.

"Коронавирус індетінің кесірінен халықтың кедейленіп кеткенін бәрі жақсы біледі. "Әлеуметтік дүмпуге" экономикалық себептер әсер етуі мүмкін, билік мұны беске біліп отыр. Билік қоғам белсенділерімен, халықпен күресе бастады" деді ол.

Белсенді сөйлеп болғаннан кейін топ жетекшісі Жанболат Мамай әкімдік өкілдерінің "Тоқаев отставкасын талап етіп, Назарбаевты атағаны үшін" ескерту жасағанын айтты.

Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасы жетекшісінің орынбасары Айдар Есенбеков Азаттық тілшісіне ескерту жасағанын растады. Оның сөзіне қарағанда митингіге қатысушылар несие амнистиясы, шетелдіктерге жер сатпау және қытай экспансиясына қарсылық сияқты шара тақырыптарынан ауытқыған. Ол аумақта адамдардың ары-бері жүруіне шектеу қойылмағанын айтты. Есенбековтің сөзіне қарағанда митингіге 100-120 адам келген, оның жартысы - журналистер. Есенбеков сонымен бірге митинг түскі 2-ден артық созылмай, бітуі тиіс деді.

Жексенбі күнгі акцияға қатысқандардың көбінде саяси тұтқындарды босатуды талап еткен плакаттар болды. Кейбірі былтыр отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаев саясаттан тұтас кетуі тиіс, оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев отставкаға кетуі тиіс деді.

1 қыркүйекте парламентте халыққа жолдау жасаған президент Тоқаев сот жүйесі "жабық корпорация болмауы тиіс" деп жоғарғы сот пен жоғарғы сот кеңесін "жаңа кәсіби кадрлар тартуды жандандыруға" шақырған еді.

2019 жылы наурыз айында отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ықпалын сақтап қалған. Оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр маусым айында президент сайлауын жеңді деп танылған, сайлау алдында және одан кейін наразылар ұсталып, көптеген тәуелсіз бақылаушылар заңбұзушылықтар болғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG