Accessibility links

Серік Жұманғарин бәсекені қорғау және дамыту жөніндегі агенттік басшысы болды


Серік Жұманғарин.
Серік Жұманғарин.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бәсекені қорғау және дамыту жөніндегі агенттік төрағасы болып Серік Жұманғарин тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

9 қыркүйекте президент Тоқаев бәсекені қорғау және дамыту жөніндегі агенттік құру туралы жарлыққа қол қойған. Оның алдында халыққа жолдауы кезінде шенеуніктерді қысқарту қажеттігін айтқан Тоқаев елде сонымен бірге жаңадан екі агенттік, бір министрлік, бір комиссия, бір кеңес құрылатынын айтқан болатын.

Жаңадан құрылған агенттікке ұлттық экономика министрлігінің бәсекені қорғау мен монополияны шектеу бойынша өкілеті беріледі.

Серік Жұманғарин былтыр ақпан айында ұлттық экономика вице-министрі болып тұрған кезде журналистер сұрағына жауап беріп тұрып, тілшілерге "жынымды келтірмеңізші" деп ұрсып тастаған. Бұдан соң оның әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көптеген қолданушылар шенеунікті сынаған. Ізінше вице-министр журналистерден кешірім сұрауға мәжбүр болды. ҚазТАГ-тың жазуынша, бұл оқиғаға дейін вице-министр бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтан тарифке байланысты сын естіген.

51 жастағы Серік Жұманғарин жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Еуразия экономикалық комиссиясы алқасының Қазақстан атынан тағайындалған мүшесі болған. Еуразия экономикалық комиссиясының бәсеке және монополияны реттеу министрі болған. Түрлі жылдары аймақты дамыту вице-министрі, ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG