Қылқалам орнына — пакет, кенеп орнына — пластик. Суретші Сәуле Сүлейменова бұл картинасын салуға еріктілер Нұр-Сұлтан көшелерінен жиған мыңдаған целлофанды пайдаланған. Ол қоғамға полиэтиленді ақылмен пайдаланып, қоқысты жинап жүру маңызды екенін жеткізгісі келеді.
—Майка тәрізді пакеттер бар. Ондай пакеттер ең жаман қоқыс саналады. Адамдар сондайды жиі пайдаланады. Дүкенде нанды сондайға салып алады да, артынша тастай салады. Қазір сондай жұқа целлофандармен сурет салып жатырмын. Бірақ өте қиын. Ыстық желімге қолың күйеді, — дейді Сүлейменова.
Суретші көшеде қоқыстың жәшікке сыймай жатқанын жиі көретінін айтады.
— Кейбір ауданда мыңдаған адамы бар тұрғын үйлердің жанында жалғыз қоқыс жәшігі тұрады. Айналасы — толған қоқыс. Кіп-кішкентай ғана жәшікке мыңдаған адамның қоқысы қалай сияды? Әсіресе көшеде осындай көріністі көргенде күйінесің әрі қорқасың. Жұмысқа ынтаң ашылады. Адамдарға ойыңды басқа қалай жеткізуге болады?.. — дейді суретші.
Алматыдағы Арбат аталып кеткен көше бойына қойылған 5 метрлік картина тұсына аялдап, мұқият қараған адам көп. Бірақ "пластик пакетті пайдаланбауға тырысамын" дейтін кісі аз.
— Қазір бүкіл магазинге барсаң, пакет береді. Оны тастауға обал, оны үлкен бір пакетке салып, жинай берем. Кейіннен бәрібір қоқыс жәшігіне шығарып тастаймыз ғой. Өйткені жұқа пакеттер жарамайды, ақ үлкендерімен қоқыс шығаруға болады, — дейді егде жастағы тұрғын.
Картинаны ұзақ бақылаған бойжеткен Алматы дүкендерінде "полиэтиленге балама жоғын" айтады.
— Әзірге дүкеннің көбі экоқаптамалар ұсынбайды. Әлденені ұзақ тасымақ болсам, целлофан аламын. Матадан тігілгендері де бар. Бірақ тамақты тек пластикпен тасимын, — дейді ол.
Кейінгі жылдары полиэтиленге қатынасын өзгерткендер де бар.
— Супермаркеттерде пакет ақылы болғалы, сирек ала бастадық. Бірақ күніне бір пакет қоқыс шығады. Амал жоқ қолданамыз, — дейді отбасымен көше бойында қыдырып жүрген тұрғын.
Жүздеген жылдар бойы шірімейтін полиэтиленді қолданыстан азайту үшін Қазақстанның экология министрлігі былтыр дүкендерде целлофанды тегін беруге тыйым салған. Ведомство бұл шара пакеттер айналымын 30 пайызға азайтады деп сенеді. Ведомство пластик қаптамаларға 2025 жылға қарай мүлде тыйым салуды жоспарлап отыр.
Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы, эколог Лаура Маликова жұрттың экологиялық жауапкершілігі баяу қалыптасып жатқанын айтады. Оның сөзінше, қаладағы халық саны көбейген тұста сауда орындары мен дүкендер тұрғындарға ұсынатын баламаны арттыруы тиіс.
— Экология мәдениеті жылдан-жылға өзгеріп келе жатыр деуге болады. Бірақ бұл процесс әлі де баяу. Дүкендерге қарасаңыз, жаппай полиэтиленді қолданып жатқанын көресіз. Халық ауылды жерлерден жаппай қалаға көшіп жатады. Халық өскен сайын дүкендер барып алады, полиэтиленді қолдану да өседі. Бірақ бұл мәселені сауда нүктелерінде, сауда орындарында полиэтиленнің орнына экологиялық жағынан жақсырақ альтернатива ұсыну арқылы шешуге болады, - дейді ол.
Үкіметтің 2019 жылы таратқан мәліметінше, Қазақстандағы қала, облыс және аудан орталықтарындағы қоқыс үйінділерде 100 миллион тоннадан астам тұрмыстық және коммуналдық қалдық жатыр. Жыл сайын 6 миллион тоннадай тұрмыстық қатты қалдық тағы шығады. Оның кемінде 15 пайызы — пластмасса. Елдегі қоқыстардың 90 пайызы қайта өңдеуге жіберілмейді.
ПІКІРЛЕР