Accessibility links

"Басбұзарлар, маскүнемдер". Авторитар басшының наразыларды қаралауы – "Совет одағының мұрасы"


Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап еткен наразылар шеруі. Минск, Беларусь, 6 қыркүйек 2020 жыл.
Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап еткен наразылар шеруі. Минск, Беларусь, 6 қыркүйек 2020 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко елде билікке қарсы наразылыққа шығып жүрген жұртты "арақ ішіп, есірткіге еліткен" деп қаралады. Постсоветтік елдердің басым бөлігінде президенттер үкіметке наразылық білдіріп шеруге шыққандарды "маскүнем, нашақор, қылмыстық топ мүшелері" деген түрлі теңеумен жиі кекетіп-мұқатады. Азаттық сөйлескен сарапшылар "наразыларды қаралау – авторитар басшыларға тән әдіс" дейді.

"ҚОЙ", "ЕГЕУҚҰЙРЫҚ" ДЕП КЕКЕТЕДІ

Беларусьте 9 тамызда өткен президент сайлауынан соң халықтың билікке наразылығы жалғасып жатыр. Сайлауда дауысымыз ұрланды деп санайтын жұрт елді 26 жыл басқарып отырған Александр Лукашенконың жеңісін мойындамайды, оның биліктен кеткенін талап етеді. Халық наразылығы артқан тұста Лукашенко шеруге шыққандарды кекетіп-мұқатып, балағаттауды жиілетті. 10 тамызда ол "Польша, Ұлыбритания мен Чехиядан телефон шалып, "қойды" бақылап отырғандар бар" деді.

Бұдан бөлек, Лукашенко мемлекеттік телеарнада жаппай наразылықтың үш мыңға жуық ұйымдастырушысын "бұрыш-бұрыштан ұстағандарын", олардың арасында "есірткіге елітіп, арақ ішіп алғаны" көп болғанын айтты. 12 тамызда үкімет жиынында ол "Наразылық танытушы деп жүргендердің басым көпшілігі – бұрын қылмыс жасаған, қазіргі жұмыссыз адамдар" деді.

Александр Лукашенко қарсыластарын қалай балағаттайды?

Беларусь президенті Лукашенко қарсыластарын қалай балағаттайды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:34 0:00

23 тамызда Беларусьте 200 мыңға жуық адам көшеге наразылық шеруіне шыққан күні Лукашенко өз резиденциясы алдындағы наразылар жиналған көшені тікұшақпен әуеден бақылап жүріп, бос көшені көріп, жиналғандарды "егеуқұйрық құсап қашып кетті" деп кекетті.

Лукашенкодан бөлек Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев, Өзбекстанның бұрынғы басшысы, марқұм болған Ислам Каримов те билікке талап айтып шыққан жұртты "маскүнем, сотталған" деп атаған болатын.

"ЭКСТРЕМИСТІК ЭЛЕМЕНТТЕРГЕ ЕРГЕН ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ"

Қазақстанда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан (жастар Қазақ ССР Компартиясын басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың орнына сырттан басқа адамның тағайындалуына қарсы шықты) соң "Дружба народов" журналының 1987 жылғы санында Қазақ ССР министрлер кеңесінің сол кездегі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбаты шықты. Онда Назарбаев "Былтыр желтоқсанда экстремистік пиғылдағы пысықайлар өмірді түсінбейтін, арандатушы өсек пен ұранға қарсы тұра алмайтын, студент жастардың әлеуметтік тұрғыда әлжуаз бөлігін елітіп әкеткені кездейсоқ емес" деген пікір айтты.

Мәскеудің шешіміне наразылық білдіріп, Алматының орталық алаңына бейбіт шеруге шыққан қазақ жастары. 17 желтоқсан 1986 жыл. Орталық мемлекеттік архив қорындағы сурет.
Мәскеудің шешіміне наразылық білдіріп, Алматының орталық алаңына бейбіт шеруге шыққан қазақ жастары. 17 желтоқсан 1986 жыл. Орталық мемлекеттік архив қорындағы сурет.

Кейін Қазақстан тәуелсіздік алып, Желтоқсан оқиғасына ресми көзқарас өзгерген соң Назарбаев та, мемлекеттік ақпарат құралдары да мүлде басқаша пікір айтуға көшті.

2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында мұнайшылардың бейбіт ереуілі кезінде полиция наразыларға оқ атты. Ресми мәлімет бойынша, 16 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жараланған. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев 24 желтоқсанда Жаңаөзенге барып, қала тұрғындарымен кездесуде: "Арандатушылар білгенін істеп, қашып кетті. Олардың жартысын ұстап үлгердік, ал оның бәрін басқарып отырған адам Жаңаөзенге мүлде бармаған. Әр жас жігітке 20 мың теңгеден беріп, арақ ішкізген" деді.

2012 жылғы қазанда Назарбаев Жаңаөзен оқиғасын "бүкіл әлемде болып жататын жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы кәдімгі дау" деп сипаттап, "мәселені шешуге болатын еді, бірақ жеке мақсат-мүддесін көздеген қылмыстық элементтер оны қантөгіске апарып соққан қақтығысқа айналдырды" деді. Одан кейін 2012 жылғы 7 қазанда Ресей телеарнасына сұхбатында Назарбаев "Оқиға дүкен, банктерді тонаудан басталды" деген.

Жаңаөзендегі наразылық кезінде өртенген "Өзенмұнайгаз" компаниясының ғимаратының мен сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген көшедегі жарнаманың қасында суретке түсіріп тұрған адам. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 19 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзендегі наразылық кезінде өртенген "Өзенмұнайгаз" компаниясының ғимаратының мен сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген көшедегі жарнаманың қасында суретке түсіріп тұрған адам. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 19 желтоқсан 2011 жыл.

"КРИМИНАЛДАР" МЕН "БАСБҰЗАРЛАР"

Қырғызстанда 2005 жылғы наурыздағы төңкерістен соң елден қашып, кейін Мәскеуде отставкаға кеткенін жариялаған Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаев өзін биліктен кетірген оқиға туралы айтқанда Бішкектегі президент резиденциясы – Ақ үйдің алдындағы алаңға "масайған қылмыскерлер" жиналды деген еді. "Кабинеттен дүрбімен қарасам, алаңда 15 мыңдай адам [жиналыпты], 10 мыңдайы криминал, көбі ішіп алған адамдар..." деді Ақаев ВВС-ге берген сұхбатында.

2010 жылғы сәуірде Қырғызстанда екінші рет төңкеріс болып, президент Құрманбек Бакиев орнынан кетті. 6 сәуірде басталған шерулер тәртіпсіздікке ұласып, оның соңы полиция мен бейбіт шерушілердің қақтығысына ұласты. Биліктен кеткен соң мәлімдеме жасаған Бакиев "Билікті басып алғысы келіп жатқан басбұзарлар – бөтендердің айтағын орындаушылар... Қырғызстан ешкімнің отары болмайды" деді.

Қырғызстандағы көтерілістерге баға бергенде бұрынғы Совет одағының өзге авторитар басшылары да теңеуді аямады. "Бұл революция да емес, нағыз қарақшылық және басбұзарлық" деді елінен қашқан Құрманбек Бакиевті паналатқан Беларусь президенті Александр Лукашенко Қырғызстандағы 2005 жылғы төңкеріс туралы.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Ақаевты биліктен кетірген төңкерісті "бұзақылардың ісі" деп бағалаған. "Қырғызстанда болған [оқиғаны] революция дей қою қиын. Қырғызстанның қазіргі басшыларының айтуынша, бұл – басбұзарлық және қарақшылық" деді Назарбаев. Ал Қырғызстанда президент Бакиевті орнынан кетірген 2010 жылғы сәуірдегі екінші төңкерісті де Назарбаев "нағыз басбұзарлықтың нәтижесі" деп сипаттаған.

Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев қашып кеткеннен кейін Үкімет үйі алдында Қырғыстан туын ұстап жүрген адам. Бішкек, 7 сәуір 2010 жыл.
Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев қашып кеткеннен кейін Үкімет үйі алдында Қырғыстан туын ұстап жүрген адам. Бішкек, 7 сәуір 2010 жыл.

"ЭКСТРЕМИСТЕР МЕН БАСКЕСЕРЛЕР"

2005 жылдың 10-13 мамыр аралығында Өзбекстанның Әндіжан қаласында Орталық Азияның жаңа тарихындағы ең үлкен қанды қырғын деп бағаланған қайғылы оқиға болды. Алдымен бірнеше күн қатарынан бейбіт митингіге жиналған халық жергілікті бизнесмендердің тұтқындалуына наразылық білдірді.

13 мамырда қарулы адамдар қалаға басып кіріп, наразылық танытып тұрған халыққа келіп қосылды, полиция бекетін, түрмені, әкімшілік ғимаратын басып алды. Үкімет қалаға әскер кіргізді. Түрлі есеп бойынша, сол күні Әндіжанда жүздеген, кей дерекке сай, тіпті мыңдаған адам опат болған.

Ресми Ташкент бейбіт халықтың наразылыққа шыққанын, олардың арасында кісі өлімі болғанын мойындамады. "Бұл жағдайда ешқандай бейбіт демонстрация туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Операция кезінде тек баскесерлердің көзі жойылғанын нақты айта аламын. Өлгендердің бәрінің қасында қару жатты. Олардың аты-жөнін құқық қорғау органдары анықтайды" деді Өзбекстанның сол кездегі президенті Ислам Каримов. Өзбекстан басшысы бұл оқиғаны "теракт", "экстремистік әрекет", "баскесерлер әрекеті" деп сипаттаумен болды және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының оқиғаны тексеруіне рұқсат бермеді.

Әндіжандағы қырғында қаза тапқан адамдардың жаназасына жиналған жұрт. Өзбекстан, 14 мамыр 2005 жыл.
Әндіжандағы қырғында қаза тапқан адамдардың жаназасына жиналған жұрт. Өзбекстан, 14 мамыр 2005 жыл.

"ҚАНДЫ СЦЕНАРИЙ, ТЕРРОР ЖӘНЕ ХАОС"

2013-14 жылдары Украинада Еуромайдан деген атпен есте қалған халық толқуы кезінде де билікке наразы жұртты қаралау, оларға түрлі ат қою, кекетіп-мұқату науқаны мемлекеттік деңгейде жүрді. "Жұрт ақша үшін жиналыпты", "Батыстағы белгісіз күштер арандатып жатыр" деген сөзді көп ұзамай биліктен кеткен президент Янукович те, үкімет өкілдері де жиі айтты.

Елден қашқаннан кейін таратқан видеоүндеуінде Янукович жағдайды "вандализм, бандитизм және мемлекеттік төңкеріс" деп атады.

Украинаның экс-президенті сол кездегі ахуалды "апат, бассыздық, қанды сценарий, террор және хаос" деп бағалады.

Президенттіктен кеткен соң бір жылдан кейін ВВС-ге берген сұхбатында Янукович "Билік ұлтшылдардың қолымен, олигархтардың көмегімен құлатылды" деді.

Киевтегі Тәуелсіздік алаңындағы (Майдан) билікке наразылар өздерін күшпен таратуға келген полиция жасағына қарсылық көрсетіп жатыр. Украина, 11 желтоқсан 2013 жыл.
Киевтегі Тәуелсіздік алаңындағы (Майдан) билікке наразылар өздерін күшпен таратуға келген полиция жасағына қарсылық көрсетіп жатыр. Украина, 11 желтоқсан 2013 жыл.

"ҚОРҚАУЛАР" МЕН "ТЕКЕ САҚАЛДАР"

Билікке қарсылық білдіріп көшеге шыққан жұртқа теңеу айту жөнінен Ресей президенті Владимир Путин де қалыс қалмайды. Путин оппозициялық қозғалыстарды, саяси көзқарасы өзінікімен сәйкес келмейтіндерді жиі сынайды. Әсіресе ірі наразылық акциялары жайлы пікір білдіргенде алаңға жиналған жұрттың адал ниетіне күмән келтіріп, "оларды шетелдік күштер айдап салып отыр" деген сөзді жиі айтады. Ресей мемлекеттік ақпарат құралдары наразылық шараларын көбіне осы тұрғыдан насихаттайды.

2007 жылы билік партиясы жақтастарының алдында сөз сөйлеген Владимир Путин "шетел көмегінің арқасында әрекет ететін" оппозицияны түйреп өтті. "Өкінішке қарай, ел ішінде өз халқының қолдауына емес, шетелдік қорлар мен үкіметтердің көмегіне үміт артып, өзге елдер елшіліктерін "қорқауша" төңіректеп жүргендер бар" деген.

Хабаровск өлкесінің бұрынғы губернаторы Сергей Фургалды тұтқыннан босатуды талап етіп, шеруге шыққан тұрғындар Ресей президенті Владимир Путин биліктен кетсін деп ұрандады. Хабаровск, 1 тамыз 2020 жыл.
Хабаровск өлкесінің бұрынғы губернаторы Сергей Фургалды тұтқыннан босатуды талап етіп, шеруге шыққан тұрғындар Ресей президенті Владимир Путин биліктен кетсін деп ұрандады. Хабаровск, 1 тамыз 2020 жыл.

2010 жылы телеконференцияда Мәскеудің Манеж алаңында болған қақтығыстарға байланысты Ресей полициясын сынаған сұраққа жауап берген Путин: "Биліктің бұл органдары мемлекеттің өте маңызды функциясын атқарып отыр, оларды төмендете беруге болмайды, әйтпесе біздің либерал интеллигенция "теке сақалын қырып, каска киіп, алаңға барып, радикалдармен күресуге тиіс болады" деді кекесінмен.

"АВТОРИТАР ҮКІМЕТТЕР ЖИІ ҚОЛДАНАТЫН ӘДІС"

Канаданың Торонто университетінің профессоры, "Қазіргі клан саясаты: Қазақстан мен басқа елдердегі рулық билік" кітабының авторы Эдвард Шац "наразыларды айыптай сөйлеу – Совет одағының мұрасы" деп есептейді.

Канаданың Торонто университетінің профессоры Эдвард Шац.
Канаданың Торонто университетінің профессоры Эдвард Шац.

– "Қылмыстық элементтер", "маскүнемдер" деген дискурс қайта құру кезеңінде көрініс тапты. Совет кезінде қылмыстық элементтер, маскүнемдер болды ма? Әрине, болды, бірақ [адамдарды] қаралау үшін қандай тіл қолданылды, маңыздысы – сол. "Дұшпан қаскөйлігі" туралы дискурс та совет кезінде тұрақты түрде қолданылған. Қазір режимнің асыра сілтеген іс-әрекетіне наразы болып бас көтерген оппоненттер мен жұмылған халықты қаралау үшін "Сорос" (Ашық қоғамды дамытуға бағытталған қайырымдылық қорларының құрылтайшысы, америкалық қаржыгер Джордж Сорос – ред.) деген есімді айту – ең оңай жол болып көрінеді, – дейді ол.

Ал Англиядағы Экзетер университетінің профессоры, "Шекарасыз диктаторлар: Орталық Азиядағы билік пен ақша" кітабы авторларының бірі Джон Хизершоу Азаттыққа берген сұхбатында "өзіне қарсы шыққан кез келген наразыларды қаралау – авторитар басшыға тән құбылыс" деді.

Англиядағы Экзетер университетінің профессоры, зерттеуші Джон Хизершоу.
Англиядағы Экзетер университетінің профессоры, зерттеуші Джон Хизершоу.

– Меніңше, наразы жұртты бұлайша айыптау – авторитар, тіпті консервативтік үкіметтер жиі қолданатын әдіс. Трамптың Black Lives Matter (қара нәсілділердің АҚШ-тағы нәсілдік кемсітуге қарсы наразылығы – ред.) акциясы туралы сөйлегенде "қылмыстық элементтер" деген теңеуді пайдаланатынын еске алыңыз. Әлдебір үшінші күштер туралы конспирация теориясы жиі айтылатын әсіре авторитар елдерде наразылыққа шыққан жұртты бұлайша қаралауға тырысу ерекше байқалады. Бұрынғы Совет одағы елдерінде мұның совет заманынан бастау алғаны айқын. Әр аймақ пен елде осындай консервативтік наразылыққа қарсылық дискурсы әркелкі болады. Бұған әсіресе ауылдық жерде тұратындар, қарт кісілер көбірек иланады, әрі мұны бұрынғы Совет одағынан да, басқа жерлерден де кездестіреміз, – дейді сарапшы.

Эдвард Шац постсоветтік елдердің президенттері ақпаратты қарсыластарына қарсы қару ретінде пайдаланып отыр деп санайды.

– Кейінгі бірнеше жылда әлемде ақпаратты "қаруға айналдыру" жүріп жатыр. Бұдан ешбір ел сақтана алмайды, дегенмен әсіресе постсоветтік елдер көш бастап тұр. Бұл "баспасөз – үкіметтің іс-әрекетін өз бетінше тексеріп отыратын төртінші билік" дегеннен гөрі "ақпаратты басқару – мемлекеттің мойнындағы жауапкершілік" деп санаған Совет одағынан қалған "мұра" сияқты. Бүкіл постсоветтік кеңістікте басшылар мемлекет мүддесін өз режимінің (ең сорақы жағдайда тіпті бір билеушінің жеке басының) мүддесімен араластырып жіберген. Соның нәтижесінде постсоветтік елдердің президенттері ақпаратты қарсыластарына қарсы қару ретінде пайдаланады. Осы тақырып бойынша Эндрю Уилсонның (көбіне Шығыс Еуропаны зерттейтін британ тарихшысы – ред.) "Виртуал саясат" деген кітабы бар. Уилсонның айтуынша, постсоветтік кеңістіктегі елдерде ақпаратты басқару мамандарының тұтас бір индустриясы пайдаланылады. Бұл адамдар – режимнің қарсыластарын қаралау үшін ақпарат жинаудың кәнігі мамандары. Бұған қоса, Кейт Дарден (бұрынғы Совет одағы елдеріндегі ұлтшылдық мәселелерін зерттеп жүрген америкалық ғалым – ред.) режимге жұғысты осындай адамдардың қазіргі және болашақ оппоненттерге ықпал ету тетігін қолында ұстау үшін компроматты қалайша жүйелі түрде жинайтынын айтады. Дарден мұны "бопсалаушы мемлекет" деп атайды, – дейді Торонто университетінің профессоры Эдвард Шац.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG