Accessibility links

Алматыда жүздей адам Тоқаевтан денсаулық туралы заңды қайта қарауды талап етті


Митингіні ұйымдастырушы дәрігер Қайырғали Көнеев сөз сөйлеп тұр. 18 қыркүйек 2020, Алматы.
Митингіні ұйымдастырушы дәрігер Қайырғали Көнеев сөз сөйлеп тұр. 18 қыркүйек 2020, Алматы.

18 қыркүйекте Алматыда рұқсат етілген митингіде жүзге жуық адам шілдеде қабылданған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы" кодекстегі кейбір заң нормаларына қарсылық білдірді.

Сарыарқа кинотеатры артындағы алаңға (Алматы қаласында осы жерде митинг өткізуге рұқсат берілген) жиналған азаматтардың ішінен сөз сөйлегендер денсаулық туралы жаңа кодексті "халыққа қарсы жасалған құжат" деп атады. Олар вакцинация мен скринингті міндеттеу, санитарлық дәрігерлер құзырын кеңейту, трансплантация туралы баптарды өзгертуді сұрайды.

- Ең бастысы біздің талабымыз – заңдағы екпені міндеттеуді алып тастау. Екіншіден, екпеден кейінгі асқыну бойынша тергеуге құжаттарды қалпына келтіру. Екпе жасалмас бұрын баланы толық тексеру керек. Қан, несеп, жүрек, ультрадыбыстық тексерістің бәрін өтуі тиіс. Екпе және оның жағымсыз әсерлері туралы толық ақпарат беру керек, - деді алғашқылардың бірі болып сөйлеген Марина Шаймаханова.

Шаймаханова екпеден кейін сәбиінің қайтыс болғанын айтады. Заң парламентте талқыланғанда сенат депутаттары екпені міндеттеу туралы бапқа "одан бас тарту құқығын" қоса енгізген. Алайда кодексті сынаушылар бұл екпеден бас тартуға кепілдік бола алмайды деген пікірде.

Митингіге келгендердің көбі түрлі плакат ұстап шықты. Онда "Мектепте балаларға психотроптар берілмесін", "Кодексті қайта қарауды талап етеміз", "Санитарлық дәрігерлер құдай емес" сынды жазулар жазылған.

Митинг ұйымдастырушылары іліп қойған плакаттар. Алматы, 18 қыркүйек 2020 жыл, Алматы.
Митинг ұйымдастырушылары іліп қойған плакаттар. Алматы, 18 қыркүйек 2020 жыл, Алматы.

Митингке келген ата-ана, әрі "Қорғау" ұйымының мүшесі Гүлмира Сембиева "Денсаулық туралы" кодекстегі 91, 92-баптарды өзгерту керек" дейді. Сөзінше, "Мектепке дейінгі және мектеп медицинасы" бабы оқу орнында ата-ананың келісімінсіз екпе егуге, психикалық денсаулықты сақтау ісін жасауға мүмкіндік береді.

- Психикалық денсаулықты сақтау дегеніміз психикалық диагностика жасау және емдеу. Яғни, ата-ана хабарсыз, ал балаға психикалық диагноз қойып, оны психотропты препараттармен емдеуі мүмкін. Бұрын мұндай болмады. Оны осы кодексте қабылдап отыр, - дейді Сембиева.

Митинг белгіленген екі сағатқа созылды. Қатысушылар қол қойған қарар қабылданып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына барлық талап жазылған үндеу жарияланды.

Орталық коммуникациялар қызметінде брифингке келген Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов бүгінгі митинг талабы жайлы сұраққа жауап беріп, "олардың әрекеті дұрыс, заңның шикі тұстары болса, өзгертуіміз қажет" деді.

Президент денсаулық сақтау туралы кодекске бұрынғы министр Елжан Біртановтың тұсында – биыл 7 шілдеде қол қойған. Заң балаларға екпе салдыруды міндеттейді.

Қабылданғанға дейін қоғам қарсылығына ұшыраған заң жобасы әлі де сыналып жатыр. Сарапшылар кодекс адам құқығына ерік беруден гөрі, міндеттеуге құрылған деп бағалайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG