Accessibility links

Үстінен бірнеше іс қозғалған белсенді Қуат Уәлиев абақтыда аштық жариялады


Қазақстандық белсенді Қуат Уәлиев
Қазақстандық белсенді Қуат Уәлиев

Азаматтық белсенді Қуат Уәлиев Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Ақмол абақтысында аштық жариялады.

Бұл ақпаратты Азаттыққа жеткізген нұрсұлтандық белсенді Жанат Нұркішевтің айтуынша, ол «бірнеше күннен бері нәр татпаған».

Белсенді Қуат Уәлиевтің аштық жариялағанын Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция бөлімшесіндегілер теріске шығарды. Өзін «кезекші Сыздықовпын» деп таныстырған азамат «онда бәрі қалыпты, бізде [қамаудағыларды] үш мезгіл тамақтандырады» деді. Ал Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчуктың Азаттықа мәлімдеуінше, Қуат Уәлиев 20 қыркүйектен бері ас ішуден бас тартқан.

– Заңсыз шеруге барғаны үшін оған қатысты соттың екі қаулысы шығып, жалпы саны 30 тәулікке қамауға алынған. Ол «тым көп мерзім берілді» деп наразылық танытып, 20 қыркүйектен бері тамақ ішуден бас тартқан. Бірақ бүгін ас ішуге уәде берді. Ол тамақ іше ме, жоқ па қазір кешкі ас уақытында белгілі болады, – деді Гүлнар Пинчук.

Биыл 2 қыркүйекте Целиноград аудандық сотының судьялары Динара Мерзадинова мен Валентина Валитова бірінен соң бірі шығарған сот қаулысына сәйкес азаматтық белсенді Қуат Уәлиевті Қазақстанның әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабының 2-тармағымен «заңсыз шеруге қатысты» деп айыпталып, жалпы жиыны 30 күнге қамалған.

Уәлиев шеруге емес, 24 шілде және 8 тамызда Ақмола облысы Талапкер ауылында өткен Дулат Ағаділдің асына қатысқаным үшін жазықты болдым дейді.

Ол биыл ақпанда тергеу изоляторында қайтыс болған белсенді Дулат Ағаділдің бітпей тұрған үйін салуға көмектесіп, басқалармен бірге бейітіне барып құран бағыштағанын, ешқандай ұран көтермегенін айтады. Сот Уәлиевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, бастапқы шешім өзгеріссіз қалған.

Бұған қоса 2 қыркүйекте Қуат Уәлиевке тағы бір айып тағылды. Судья Валентина Валитова оны «сотты құрметтемеді» деп айыптап, 55 560 теңге әкімшілік айыппұл салған.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қалалық полиция басқармасы Қуат Уәлиевті «заңмен тыйым салынған ұйымның ісіне қатысты» деп айыптап, үстінен қылмыстық іс қозғаған. Жақтастары қазір осы істе қорғау үшін оған адвокат іздеп жатыр.

Қазақстандық құқық қорғаушылар 25 қыркүйекте болуы мүмкін митинг қарсаңында белсенділер жаппай қуадаланып жатқанын айтады. Жуырда құрылған VERITAS құқық қорғаушылар ұйымының дерегіне сенсек, соңғы айда республика бойынша 91 кісі қамауға алынып, 32 адамға әкімшілік айып салынған, жалпы 200-ден аса адам қудаланып жатыр делінеді.

Қазақстан билігіне қарсы пікір айтып жүрген қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 25 қыркүйекте республикада жаппай наразылық шарасын өткізуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG