Accessibility links

Батыс Лукашенконы президент деп мойындамайды. Енді не болмақ?


Александр Лукашенко асығыс ұйымдастырылған "инаугурация" кезіндегі ант қабылдауынан кейін құжатқа қол қойып отры. Минск, 23 қыркүйек.
Александр Лукашенко асығыс ұйымдастырылған "инаугурация" кезіндегі ант қабылдауынан кейін құжатқа қол қойып отры. Минск, 23 қыркүйек.

АҚШ пен Еуроодақ 23 қыркүйек күні Александр Лукашенконың асығыс ұйымдастырылған президенттік "инаугурациясын" мойындамау арқылы Рубикон межесінен өтіп кетті.

"Америка Құрама Штаттары Александр Лукашенконы Беларусьтің заңды түрде сайланған лидері деп қарастыра алмайды" деді Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы.

Еуроодақ сыртқы істер кеңесінің төрағасы Жозеп Боррель сайлау мен "Александр Лукашенко меншіктеп отырған мандат демократиялық легитимділіктен ада" деп мәлімдеді.

Екеуі де Беларусьтегі президент сайлауын "ашық" әрі "әділ" етіп қайта өткізуге шақырды. АҚШ мұны "ұлттық диалогтан" кейін жасауды ұсынса, Еуроодақ сайлауды адам құқықтары мен демократияны нығайту жөніндегі құрылымдарының бақылауымен өткізуді ұсынды.

Олар елінен қашуға мәжбүр болған оппозиция лидері Светлана Тихановскаяның бірнеше апта бұрынғы ескертуін қолдап шыққан көрінеді.

Тихановская Еуропа кеңесінің парламент ассамблеясына (PACE) "Лукашенко мырзамен келісім жасайтын елдер мен тараптар тәуекелді өз мойнына алады", демократиялық жолмен сайланатын үкімет "заңсыз режимнің Беларусь халқының еркінен тыс жасалған" келісімдеріне берік болмайды деді.

АҚШ пен Еуроодақтың сайлау нәтижесін мойындамау туралы мәлімдемелері олардың Беларусьпен қарым-қатынасына қалай әсер етпек?

Беларусь полиция жасағы оппозиция наразылығы кезінде шерушіні ұстап жатыр. Минск, 23 қыркүйек 2020 жыл.
Беларусь полиция жасағы оппозиция наразылығы кезінде шерушіні ұстап жатыр. Минск, 23 қыркүйек 2020 жыл.

ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ВЕКТОРЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Вашингтон мен Минск арасындағы диалог өткен айдағы даулы сайлауға дейін салыстырмалы түрде берік болған. Мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның ақпан айындағы Беларуське баруы АҚШ-тың кейінгі жиырма жылда осы елге жасаған ең салмақты сапары болды. Сапар Лукашенко мен Путин қарым-қатынасының нашарлауымен тұспа-тұс келді. Мемлекеттік хатшы Беларусьтің "егемендігі" және энергиямен қамсыздандырылуы мәселесіне, сондай-ақ АҚШ-тың екі ел арасындағы қарым-қатынасты Ресейдің араздығын тудырмай "жақсартуына" басымдық берді.

Светлана Тихановская: Лукашенко халықтың шегінбейтінін біліп отыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:41 0:00

Трамп әкімшілігінің Минскіге барған өкілі "[Беларусьтің] Ресеймен қарым-қатынасы терең екені белгілі. Біз мұнда екеуіміздің бірін таңда деп келіп отырған жоқпыз" деді.

Ол сондай-ақ "бұл ұлы билік бәсекесі және ықпал үшін күрестің мүмкіндігі" деп мәлімдеді.

Осыдан кейін Беларусьте 9 тамыздағы сайлаудың нәтижесі жөнінде жаппай наразылық болып, күш құрылымдары оны басып-жаншыды. Осы кезде АҚШ шенеуніктері Лукашенконы шерушілерге қарсы күш қолдануды тоқтатып, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды.

Бірнеше аптадан соң АҚШ Мемлекеттік департаменті Лукашенконы Беларусьтің президенті деп танымайтынын мәлімдеді.

АҚШ-ТЫҢ ӨЗГЕ ЕЛДЕРДІҢ ДАУЛЫ ПРЕЗИДЕНТТЕРІН ТАНУДАҒЫ ТӘЖІРИБЕСІ ҚАНДАЙ?

21 ғасырдың басында АҚШ президенті Вудро Вильсон алдыңғы президенттің шешімінен бас тартып, Викториано Уэртаны Мексиканың президенті деп танымайтынын мәлімдеді. Мәселе Уэртаның елінен қашып, Испанияға кеткенінде шешілді.

Ал кейінгі жылдары Ақ үй әкімшілігі даулы үкіметтерді тану мәселесінде аса белсенділік танытпай, әліптің артын бағуды жөн көріп жүрді. Мысал ретінде Гондурастағы 2008 жылғы жағдайды келтіруге болады. Ол кезде Вашингтон Америкалық мемлекеттер ұйымының шешімін күтіп, содан кейін ғана Гондурас президенті Мануэль Селайяны заңсыз әскери төңкерістің құрбаны деп таныды.

Екі жылдан соң, Орталық Азиядағы Қырғызстанда төңкеріс болды. Бұл кезде Ақ үй Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев елден қашып кеткенше үнсіз отырды.

Ең кейінгі мысал – Венесуэладағы жағдай. АҚШ және елуден астам өзге мемлекет Венесуэланың 2019 жылдың басынан бергі заңды президенті ретінде оппозиция лидері Хуан Гуайдоны таныды. Бұл кезде Гуайдо елдегі Ұлттық ассамблеяның заңды түрде сайланған президенті ретінде жарты жыл бұрынғы даулы сайлауда "жеңіске жетті" деген Мадуроны алмастыру үшін транзиттік үкімет құруға тырысып жатқан. Дәл осы уақытта Вашингтон Венесуэладағы елшілігін жапқан еді.

АҚШ содан бері Венесуэлаға бағытталған санкцияларды күшейтіп, елдегі экономикалық дағдарыстың күшеюіне үлес қосты. Бірақ Вашингтон құны жүздеген миллион доллар болатын гуманитарлық және елді дамыту көмегін көрсетуді жалғастыра берді. Көмек елден қашуға мәжбүр болған миллиондаған венесуэлалықтарға да, елде қалған венесуэлықтарға да көрсетілді. АҚШ билігі ашық әрі әділ сайлауды әлі де талап етіп отыр.

Беларусь жұрты Лукашенконың жеңісімен келіспейді. Наразылар мен арнайы жасақ қақтығысты
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:00 0:00

ЕУРООДАҚ ЖӘНЕ ОНЫҢ "ШЫҒЫСТАҒЫ ӘРІПТЕСІ"

Еуроодақ сыртқы істер кеңесінің төрағасы Жозеп Боррель Лукашенконы президент ретінде танымайтынын мәлімдей отырып, Брюссельдің Минскінің ресми ұстанымын өзгерту үшін "қолда бар барлық тетікті" пайдаланып отырғанын айтты.

Еуроодақ сыртқы істер кеңесінің төрағасы Жозеп Боррель сыртқы істер министрлерінің Брюссельдегі кездесуінде. 21 қыркүйек 2020 жыл.
Еуроодақ сыртқы істер кеңесінің төрағасы Жозеп Боррель сыртқы істер министрлерінің Брюссельдегі кездесуінде. 21 қыркүйек 2020 жыл.

Боррель меңзеген тетіктердің елеулісі – он жылдық тарихы бар Шығыс әріптестігі бастамасы. 2009 жылы ұсынылған бұл бастама Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Молдова және Украина елдерімен дипломатиялық және экономикалық әріптестік орнатуға бағытталған.

Бірақ бұл форум "қауіпсіздік" және демократия мен адам құқықтары секілді "құндылық" аспектілерін қамти алмады деп сыналды. Бастама формалды билік құрылымынан тыс элементтерді елеусіз қалдыратын жоғарыдан-төмен әдісіне сүйенгені үшін де сынға ұшырады.

Еуроодақ Лукашенконы президент деп мойындамаудан туындайтын шараларын нақтыламады. Бірақ "Қазіргі жағдайға байланысты Еуроодақ Беларусьпен қарым-қатынасын қайта қарап жатыр" деп мәлімдеді.

Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская (ортада) Беларусьтегі шеруді жаншу кезінде соққыға жығылған шерушінің суретін көрсетіп отыр. Брюссель, 21 қыркүйек 2020 жыл.
Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская (ортада) Беларусьтегі шеруді жаншу кезінде соққыға жығылған шерушінің суретін көрсетіп отыр. Брюссель, 21 қыркүйек 2020 жыл.

"Еуроодақтың әріптестікті қайта қарағымыз келеді деуі [Беларусь] үкіметімен келісілген қолдау бағдарламалары мен бастамаларының қайсысын қысқартатынын анықтағысы келетінін білдіреді" дейді Еуроодақтың Халықаралық дағдарыс тобының (ICG, International Crisis Group) жетекшісі Джузеппе Фама Азаттыққа берген сұхбатында.

Бірақ Еуроодақтың Беларусьтегі бағдарламалары мен бастамалары "Шығыстағы әріптестік" бастамасына кіретін өзге елдерге қарағанда онсыз да әлсіздеу.

"Үкіметті танудың формалдығынан есепке алмағанда Еуроодақ пен Беларусь арасындағы қарым-қатынасқа анау айтқандай әсер ете қоймайды, себебі шындығын айтқанда қарым-қатынас онсыз да әлсіз болған" деді Фама.

Фама Еуроодақтың Минскідегі делегациясын қайтармағанын да атап өтті. Бірақ бұл әдіс түпкі мақсат – демократиялық дауыс беру жөніндегі оң өзгерістерге жол бастауы мүмкін дейді ICG басшысы.

"Яғни олар "Бұл сайлау жақсы өтпеді" деумен шектелуді тоқтатты. Олар қазір "Беларусьте ашық, әділ, халық кеңінен қатысатын, демократиялық және заңды сайлау өткізуге итермелейтін орта қалыптастыруға ден қойып отыр және бұл маңызды" дейді Фама.

РЕСЕЙГЕ ҚАРАЙ ИТЕРМЕЛЕУ МЕ?

Беларусьтегі жағдай Фаманың сөзімен айтқанда "жергілікті шиеленіс" болып отыр. Бірақ Батыс батыл қадамдар жасайтын болса, бұл Лукашенконы Ресейге қарай итермелеуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.

"Осы шиеленіске дейін Лукашенко Ресейдің [Беларусьтегі] ықпалына тепе-теңдік ретінде және өзін Мәскеуден тәуелсіз етіп көрсету үшін Еуропа елдеріне – Еуроодақ емес, Еуропа мемлекеттеріне – именшектеніп шығып тұрды" дейді Фама. "Алайда осы шиеленістен кейін жағдай басқа бағытта өрбуі мүмкін".

Фаманың сөзінше, Еуропаның мәлімдемесі Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) маңызды рөл атқаруына жол ашуы мүмкін.

Ал бастапқыда Лукашенкомен қарым-қатынасын тереңдетуден аулақ болған, бірақ кейін оған қолдау ретінде қарызға ақша берген Ресей – ЕҚЫҰ мүшесі.

Фаманың айтуынша, сайлаудың қайта өтуіне әкелетін ашық сайлауға жол ашатын диалог формасына оралу қажет және бұл істе Ресей оқшауланып қалмай, әріптестік танытып, атсалысуы керек.

Мақала ағылшын тілінен ықшамдалып аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG