26 қыркүйекте Алматы тергеу соты 23 қыркүйек күні ұсталған блогер Ермек Тайшыбековті екі айға қамау туралы үкім шығарды. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
Блогер қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабының (174-бап) белгілеріне келетін қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған.
– Түстен кейін тергеуші қоңырау шалып, қорғауымдағы Ермек Тайшыбековтің тергеу соты қашан болатынын сұрадым. Тергеуші соттың өтіп кеткенін айтты. Сот оны екі айға қамау туралы үкім шығарды. Сөйтіп ол Алматыдағы уақытша қамау абақтысынан тергеу изоляторына ауыстырылды. Тергеуші сондай-ақ сотта Тайшыбековті "мемлекеттік" адвокаттың қорғағанын айтты, – деді Ғалым Нұрпейісов Азаттыққа.
Адвокат Нұрпейісов тергеушінің жауабын наразылықпен қабылдағанын, себебі тергеушіге бүгін таңертең қоңырау шалып, Тайшыбековтің бір күн бұрын-ақ "мемлекеттік" адвокаттан бас тартатыны туралы өтініш жазғанын айтқан. Оның сөзінше, Тайшыбеков өтініште адвокаты ретінде Нұрпейісовты көрсеткен.
– Тергеу сотының бүгінгі қаулысына апелляциялық шағым беріп үлгердім. Қаулы негізсіз, себебі Тайшыбеков өзін қазақтың нағыз патриоты санайды және елден қашуды ойлап жүрген жоқ. Шағымда тергеуші әрекетінің заңсыздығын көрсеттім. Ол соттан Тайшыбековтің "мемлекеттік адвокаттан" бас тартып, өзін қорғауды маған тапсырғанын жасырып қалған. Сонымен қатар тергеушілер тағы бір заңсыз әрекет жасады. Тайшыбековтің айтуынша, ұстау кезінде полицей оған "сені атып тастау керек" деп айтқан. Мен бұл жөнінде кешегі күннің өзінде-ақ прокурорға шағым жолдадым, – деді адвокат Нұрпейісов.
Ресейшіл ұстанымымен танылған қазақстандық блогер Ермек Тайшыбеков 2015 жылы желтоқсанда Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбалары арқылы ұлтаралық араздық тудырды деп төрт жылға сотталған.
Саяси көзқарастары үшін Тайшыбековті "арандатушы", "Қазақстан тәуелсіздігіне қарсы адам" деп санайтындар бар. Оның мәлімдемелері Қазақстан парламенті депутаттарының, ұлттық патриоттық қозғалыстардың наразылығын туғызған.
2016 жылы ЕҚЫҰ өкілі Қазақстандағы блогерлерге қатысты үкімдерді сынға алды. Ал 2017 жылы Тайшыбек мерзімінен бұрын босап шықты.
ПІКІРЛЕР