"Қабірді экскаватормен қазып көмектестік". Елде маусым-шілдеде жерленгендер бірнеше есе өскен
28 Қыркүйек 2020
Қазақстанда індет өршіген жаз айларында қанша адам қайтыс болғаны жайлы билік таратқан ресми статистикаға күмән көп. Денсаулық министрлігі елде наурыздан бері коронавирус пен соған ұқсайтын пневмонияға 139 мың адам шалдығып, екі мыңнан аса адам қайтыс болды дейді. Билік індет өршіген маусым және шілдеде клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмониядан қайтқан мыңдаған марқұмды ресми статистикаға қоспады. Коронавирус жұқтырған жүздеген адамның өлімі де ұлттық статистикаға кірмей қалды. Үкімет оларды "өліміне вирус емес басқа дерт себеп болды" деді. Ресми дерекке күмән көбейген тұста Азаттық Қазақстанның бірнеше аймағынан 7 зиратты таңдап алып, маусым және шілде айларында жерленгендер санын былтырғы екі аймен салыстырды. Жеті зираттың бесеуінде маусым-шілдеде жерленгендер былтырмен салыстырғанда бірнеше есе көп.
Азаттық тілшілері бес аймақтағы көлемі орта және шағын 7 зиратты аралап, 2019 және 2020 жылдары маусым және шілде айларында жерленгендерді санады. Бес зиратта биыл маусым-шілдеде жерленгендер саны былтырғымен салыстырғанда өскен. Жерленгендер әсіресе шілдеде көбейген.
Шілде айындағы жағдай қандай?
Азаттық тілшілері аралаған зираттарда 2020 жылдың шілдесінде жерленгендер саны 2019 жылдың шілдесінде жерленгендер санынан орташа есеппен 292 пайызға артық.
Шымкент қаласының "Жібек жолы" зиратына барған Азаттық тілшісі жерленгендер арасынан тақтайшасында былтыр шілдеде қайтыс болды деген 11 адамның, биыл шілдеде қайтыс болды деген 70 марқұмның аты-жөнін жазып алды. Азаттық тілшісі барған (тамыздың ортасында) уақытта марқұмдардың аты-жөні жазылмаған 53 жас қабір де болды, яғни олар жаз айларында қазылған.
Тараз қаласындағы "Тектұрмас" және "Жас кілем" зираттарында былтыр шілдеде 162 адам жерленсе, биыл шілдеде 458 адам жерленген. Бұл деректі Азаттыққа зират әкімшілігі берді. Осы екі зиратқа жауапты "Арнайы рәсімді көрсету" компаниясының директоры Қадырхан Абдуллаев індет өршігенде қайтыс болғандардың саны күрт артқанын айтады.
– Былтыр осы уақытта күніне 2-3 адам жерлесек, биыл күніне 27-28 адамға дейін жерлеген күндер болды. Жер қазу жылдың қай мезгілі болмасын оңай емес, бірақ осы жылы жігіттерімізге қиынырақ болды. Тіпті біразы жұмыстан шығамыз деп арыз жазбақ та болды. Оларға жерді экскаватормен қазып көмектессек те, мұсылман шарты бойынша ішкі бөлігін бәрібір қолмен қазу керек, – дейді ол.
Ақмола облысы Целиноград ауданы Қараөткел ауылының зиратында былтыр шілдеде 15 адам жерленсе, биыл шілдеде 49 адам жерленген. Қабір саны 326 пайызға артқан. Нұр-Сұлтан маңындағы Талапкер ауылының зиратында былтыр шілдеде бір адам, биыл жеті адам жерленген. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылының зиратында былтыр 8 адам, биыл 32 адам жерленген, яғни қабір саны төрт есе артқан.
Шамалған ауылының іргесінде зираттың қабір қазушысы Әлімжан да маусым-шілде айларында қайтыс болған адамдардың күрт артқанын айтады.
– Бұрын бұл жерде екі бригада жұмыс істейтін едік. Кейін үлгермей қалдық. Сосын Үшқоңыр ауылынан тағы бір бригада шақырдық. Себебі бір адам күніне ары кетсе, үш зират қазар. Одан көпке белің де шыдамайды, күшің де жетпейді, – дейді ол.
Әлімжанның айтуынша, жай күндері қабірді 20 мың теңгеге қазса, жаз айларында баға 30 мың теңгеге дейін көтерілген.
Шымкенттегі зираттарда жұмыс істейтін қабір қазушы (аты-жөнін айтқысы келмеді) Азаттық тілшісіне "Қазір тапсырыс азайды. Шілде айында қабір қазып үлгермей жаттық" деді.
Ал атын айтудан қымсынған Шымкенттегі зираттың әкімшісінің сөзінше, шілдеде күніне он қабірге дейін қазылған. Ол мұндай көлемдегі тапсырыстың бұрын-соңды болмағанын айтты.
Статистика комитетінің дерегіне қарағанда, биыл шілдеде өткен жылдармен салыстырғанда көз жұмғандар саны бірнеше есе артқан. 2018 жылы шілдеде Қазақстанда 11289 адам, 2019 жылы шілдеде 12420 адам, 2020 жылы шілдеде 28 178 адам қайтыс болған. Ресми дерек бойынша, биыл шілдеде қайтыс болғандар былтырғы шілдеге қарағанда 15758 адамға көбірек болған.
Шілде айына келген Статистика комитетінің дерегі үлкен өсімді көрсетіп отыр және комитет есебі салыстырмалы түрде жеті зираттағы өзгеріске жақын. Ал денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус статистикасы бойынша, шілде айында індеттен шамамен 870 адам көз жұмған.
Маусымдағы жағдай қандай?
Азаттық тілшілері аралаған жеті зиратта 2020 жылы маусымда жерленгендер саны 2019 жылы маусымда жерленгендермен салыстырғанда шамамен 189 пайызға өскен.
Ал статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2018-2019 жылдары маусым айында 10 мың адамнан қайтыс болса, биыл қайтыс болғандар саны 15 мыңға жуықтаған. Яғни, ресми статистика бойынша маусымда көз жұмғандар саны былтырғымен салыстырғанда 67 пайызға артқан.
Ресми дерек те, Азаттық тілшілері аралаған зираттар да маусым айында былтырғы жылдардан көбірек адам қайтыс болғанын көрсетеді. Ал денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус жөніндегі ресми статистикасында биыл маусым айында 147 адам қайтыс болды деп көрсетілген. Статистика комитеті жариялаған деректе 2018-2019 жылмен салыстырғанда биыл маусымда көз жұмғандар саны бес мыңдай адамға артқан. Статистика комитетінің дерегінде өзге себептен көз жұмғандар да енген. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі мен статистика комитетінің дерегінде және зираттарда жерленгендердің пайыздық көрсеткішінде айырмашылық көп.
Пандемия кезінде кейбір елдердің билігі "індетке шалдыққандар мен қайтыс болғандар статистикасына манипуляция жасады" деп айыпталған. Қазақстанда да жұрт биліктің ресми статистикасына сенбейтінін айта бастаған тұста елдегі бірнеше журналистік ұйым мен басылым umytpa.kz сайтын ашып, індеттен көз жұмғандардың тізімін жасай бастаған.
P.S. Азаттық барған жеті зиратта жерленген марқұмдардың саны Қазақстандағы жағдайдың дәл репрезентациясы бола алмайтынын атап өткен жөн. Әлеуметтануда санаулы адамнан сауал алып, бүкіл халықтың жағдайына баға беру тәжірибесі бар. Ол үшін әр облыс, ондағы кей аудандар мен ауылдар, орталық қалалар қамтылуы қажет. Ондай ауқымды зерттеу жүргізу аса үлкен ресурсты қажет етеді. Бұл – бір.
Екіншіден, зираттардағы қабірді санауда бірқатар қиындықтар туды. Ірі зираттарда қабірлер қайтыс болған күніне қарай ретпен орналаспаған. Зерттеу жүргізген тілшілер кейбір қабірді өткізіп алуы ықтимал. Сонымен қатар, биыл қазылған қабірлердің біраз бөлігінде марқұмның аты жазылған тақтайша жоқ. Сондықтан кейбір жерленген адамның қай айда қайтыс болғанын анықтау мүмкін болмады.
Үшіншіден, маусым және шілде айында қанша адам қайтыс болғанын дәл білу мүмкін болғанымен, былтырмен салыстырып, артық санды коронавируске бірден тіркеуге болмайды. Мысалы, пандемия кезінде соқырішек ауруына шалдыққан адамға ота уақтылы жасалмай немесе жасалған ота дұрыс болмай, науқас қайтыс болуы мүмкін. Мұны эпидемия кезінде артық өлім (excess mortality) деп атайды. Екінші жағынан карантин күндері жол жүру шектеліп, көлік оқиғасынан қайтыс болғандар саны азаюы да мүмкін. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары тоқтап, суға шомылуға тыйым салынса, оқыс өлімдер көрсеткіші де төмен болмақ. Статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстанда суицидтен қайтыс болғандар былтырғы жеті айға қарағанда 12,3 пайызға төмендеген (былтыр 2293 өлім, биыл 2010 өлім).