Accessibility links

Қытайда өмір бойы түрме жазасына кесілген этникалық қазақтардың туыстары Нұр-Сұлтаннан көмек сұрады


"Қытайда туыстарымыз өмірлік түрме жазасын алды" деген қазақстандықтар биліктен араша сұрады. Алматы, 2 қазан 2020 жыл.
"Қытайда туыстарымыз өмірлік түрме жазасын алды" деген қазақстандықтар биліктен араша сұрады. Алматы, 2 қазан 2020 жыл.

2 қазанда Алматы қаласындағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюрода жиын өткізген бір топ қазақстандық азамат Қазақстан билігінен Қытайда өмір бойы түрме жазасына кесілген туыстарына араша сұрады.

Жиын өткізушілер 1940-1950 жылдар аралығында Қытай билігіне қарсы шығып, ұлт-азаттық көтерілісті басқарған Оспан батыр Исламұлының ұрпақтары - үш этникалық қазақты Қытай билігі жазықтан-жазықсыз соттап отыр деп санайды. Оларға 24 қыркүйекте шыққан үкім бойынша «әсіре ұлтшыл», «отан тұтастығына қауіп төндірген» «Қазақстандағы «ұлтшыл» ұйымдармен байланыс орнатқан», «Қазақстанмен жиі байланысқа шыққан», «Қазақстанның Тәуелсіздік күнін құттықтап, қонағасы берген» секілді айыптар таққан.

Қытайда өмір бойы түрме жазасына кесілгендердің бірі - Толқын Соғысайұлы. Алматыда өткен жиынға Толқынның балдызы (әйелінің інісі) Ахат Әшу келді. Оның айтуынша, 30 жыл орта мектепте химия пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген жездесіне тағылған айып – «қос тілділікке, яғни қазақ мектептерін қытай және қазақ тіліне оқытуға қарсы шығу мен Қытайдың жоспарлы туу саясатына қарсылық».

– Бірақ менің жездеме тағылған бұл екі айып та дәлелсіз. Өйткені онда екі қыз бала ғана бар. Одан кейін ол екінші қызын алтыншы сыныптан бастап тек Қытай тілінде оқытатын мектепке берді. Сонда ол қалай Қытай саясатына қарсы келіп отыр? - дейді Ахат.

Қытайда өмірлік түрме жазасына кесілген тағы екі азамат - Нағыз Мұхамедұлы мен Нұрлан Нәбиұлының туыстары да жақындарын заңсыз соттап отыр деп есептейді.

Сотталған үш азамат та 2017 жылдың наурыз айы мен 2018 жылдың желтоқсан айы аралығында ұсталып, Алтай қаласы Көктоғай аудандық түрмесінде отырған. Алғашқы сот 2020 жылы шілде айында онлайн түрде өткен. Сот шешімі 24 қыркүйекте шыққан. Туыстарының айтуынша онлайн сот кезінде сотталушы үш азаматтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайтындарын, өздерін түрмеде ұрып-соғып, азаптағандарын айтқан.

– Туыстарымыз қамауда отырған кезде Қазақстан билігіне бірнеше мәрте араша сұрап, хат жаздық. Тек бір рет қана сыртқы істер министрлігінен «Қытайдың ішкі ісіне араласа алмаймыз» деген жауап алдық, - дейді баспасөз маслихатын ұйымдастырушылар.

Олардың айтуынша, бұған дейін Алматыдағы Қытай консулдығы бұлардың арызына "бұл біздің ішкі ісіміз" деп жауап берген.

2 қазанда Азаттық тілшісі Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігіне бірнеше рет хабарласқанмен жауап ала алмады.

Жұма күні жиынға сотталғандардың туысынан бөлек қоғам белсендісі Балташ Тұрсымбаев пен медицина саласының сарапшысы Мақсұт Темірбаев қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG