Accessibility links

"Заңсыз жұмыстан қуылдым" деген жаңаөзендік мұнайшы пикетке шықты


"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы мұнайшысы Асылбек Табылдиев Маңғыстау облысы әкімдігінің ғимараты алдында бір адамдық пикет өткізіп тұр. Ақтау қаласы. 5 қазан 2020 жыл.
"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы мұнайшысы Асылбек Табылдиев Маңғыстау облысы әкімдігінің ғимараты алдында бір адамдық пикет өткізіп тұр. Ақтау қаласы. 5 қазан 2020 жыл.

5 қазанда "Өзенмұнайгаз" компаниясының мұнайшысы Асылбек Табылдиев Ақтаудағы Маңғыстау облыстық әкімдігінің алдына бір адамдық пикетке шығып, "заңсыз жұмыстан шығарылғанына" шағымданды.

52 жастағы Асылбек Табылдиевтің Азаттыққа айтуынша, ол 2019 жылдың мамырында денсаулығына байланысты ауруханаға жатқанына қарамастан жұмыс беруші "Өзенмұнайгаз" компаниясы "үш сағаттан артық" жұмыс орнында болмады деп жұмыстан шығарған. Ол бірнеше сотта "жеңілгенін", енді қай жерге барып әділдікке қол жеткізерін білмеген соң президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарын аудару үшін пикетке шыққанын айтады.

Табылдиев қолына "Қазақстан Республикасы президенті Тоқаевтан, елбасы Назарбаевтан көмек сұраймын. Қудалаумен мені заңсыз жұмыстан шығарған тұлға қазіргі таңда Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаров" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

- Мені жұмысқа қайта алуды сұрап жүргенде "Өзенмұнайгаз" мекемесінің бастығы болған Мақсат Ибағаров енді Жаңаөзен қаласы әкімі болды. Қабылдауында болдым. Маған "бұл шаруаны мына кісілер шешеді" деп жұмыссыздық бөлімінің қызметкерлерін нұсқады. Ал мен одан жұмыс емес, өз орыныма қайта алуды сұрап отырмын. Моральды тұрғыдан шаршадым, - дейді ол.

Асылбек Табылдиевтің сөзінше, пикетке шығатыны туралы өтінішті алдымен Жаңаөзен қаласына тапсырған, бірақ қала әкімдігі заңсыз екенін айтып, рұқсат бермейтіні туралы жауап берген. Кейін өтінішін Маңғыстау облыстық әкімдігіне жолдаған. "Үш күн бойы" жауап берілмеген соң құқығым бар деп пикетке шыққанын айтады.

Пикетке шыққан Табылдиевке полицейлер тиіспеді. Бірақ өзінің сөзінше, полиция пикеттен соң таксимен кетіп бара жатқан жерінен тоқтатып, кейін жібергенін айтады.

Азаттық тілшісі "Өзенмұнайгаз" компаниясының жұртшылықпен байланыс департаменті директоры Әділ Сүйебаймен хабарласқан еді. Ол Асылбек Табылдиевтің жұмыстан шығарылғанын растап, шешім заң талабына сай болғанын айтты.

- 13 қыркүйекте апелляциялық сот Табылдиевке қатысты шыққан Жаңаөзен сотының шешімін қуаттады. Яғни, ол сотта да [жұмыстан заңсыз шыққанын] дәлелдей алмады. Былтыр оны жұмыстан шығарған кезде келісім комиссиясына келіп, басынан не жағдай өткенін түсіндірмеген. Оны цех бастығы жұмыс уақытында іздеп таппаған. Барлығы Еңбек кодексіне сәйкес, - деді ол.

Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровке хабарласқанымен, ол мобильді телефонын көтермеді.

"Өзенмұнайгаз" компаниясы – Жаңаөзен қаласындағы ең ірі өндіріс орыны. Онда 16 құрылымдық өндірістік басқарма бар. Компанияда тоғыз мыңнан аса адам жұмыс істейді. Кәсіпорын "Өзен" және "Қарамандыбас" мұнай-газ кен орнындарын игерумен айналысады.

"Өзенмұнайгаз" компаниясында жұмыс және жалақы дауы жиі туындайды. 2011 жылы мұнайшылардың жалақы талабы ең ірі мұнайшылар ереуілімен аяқталған еді. Ел аузында "Жаңаөзен оқиғасы" деп аталып кеткен 2011 жылғы ереуілде полиция жалақы талап еткен мұнайшыларға оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен оқиғасында 17 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG