Азаттық радиосы

Қырғызстан саясатындағы ең ықпалды тұлғалар. Олар кімдер?

Брюс ПАННИЕР

Қаз. 9, 2020

Қырғызстандағы үлкен өзгерістерге алып келген 5-6 қазандағы көтерілістен соң елдің ендігі тағдырын айқындауы мүмкін деген негізгі саяси тұлғаларды тізіп шығайық.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауының алғашқы нәтижелері жариялана салысымен, ел астанасы Бішкекте және басқа қалаларда ашулы жұрт көшелер мен алаңдарды басып қалды. Дауыс берудің ресми қорытындылары бойынша, 120 орындық Жогорку кенештегі орындардың барлығы дерлік билік партияларына бұйырған еді. Сайлау нәтижесі бұрмаланды деген демонстранттар оның нәтижесін жоққа шығаруды талап етіп, президент пен парламент отырған ғимаратқа, мемлекеттік телеарнаға лап қойды.Көтерілісшілер қайта сайлау өткізуді, билікке жаңа адамдардың келуін талап етті. Артынша премьер-министр мен парламент спикерінен бастап, түрлі деңгейдегі әкім-қаралар орнынан кетті. Президент Сооронбай Жээнбеков дағдарыс басталғалы жұрт алдына шыққан жоқ және билікте қалыптасқан вакуумды да толтыра алмады. Оппозициялық партия жетекшілері мен басқа да саясаткерлер Қырғызстанды жайлаған хаосты басып, елді тәртіпке келтіруге кірісіп кетті. Қырғызстан басшылығын орнынан тайдырған 2010 жылғы революциядан кейін қалыптасқан аса ауыр дағдарыстан шығуға көмектесуі мүмкін деген тұлғаларды бір шолып шықсақ. (Саясаткерлер алфавиттік ретпен берілді).

МЫҚТЫБЕК АБДЫЛДАЕВ – «Бир бол» (Бір бол) партиясының атынан сайланған парламент депутаты. 4 қазандағы парламент сайлауында ол кандидат ретінде тіркелмеді. 6 қазанда Бішкектегі «Достук» қонақүйінде өткен ондаған депутаттың жиынында ол парламент спикері болып сайланды, ал Садыр Жапаров премьер-министрлікке кандидат ретінде ұсынылды. Қонақүйдегі жиынға қатыспаған басқа депутаттар бұл шешімдердің заңсыз екенін айтып, қарсы шықты. Абдылдаевтың кандидатурасын қолдағандардың арасында Асылбек Жээнбеков пен Искандер Матраимов бар. Ол 67 жаста.

ЖАНАР АҚАЕВ 4 қазандағы сайлауда «Ата-Мекен» партиясының басты кандидаттарының бірі болды. Дауыс беру нәтижелері жариялана салысымен басталған оқиғаларда ол ерекше көзге түсті. Ақаев 5 қазанда оппозицияны Ала-Тоо алаңындағы наразылыққа және үкімет ғимаратына бастап барды, сол күні түнде қауіпсіздік күштері атқан резеңке оқ оның аяғына тиді. Қазанның 5-інен 6-сына қараған түнде парламент ғимаратын көтерілісшілер басып алған соң үкіметте жағдайды тұрақтандыру үшін саясаткерлер тобы құрған Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында да көзге түсті. Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің бұрынғы журналисі Жанар Ақаев президент Алмазбек Атамбаевтың баспасөз хатшысы қызметін де атқарған. Ол 2015 жылы Атамбаевтың Социал-демократиялық партиясының атынан парламент депутаты болып сайланған, бірақ үкіметті сынағаны үшін 2017 жылы партиядан шығарылған. Депутаттығын сақтап қалған ол жемқорлық пен тиімсіз басқаруды өткір сынап келеді. Жанар Ақаев 33 жаста.

КУРСАН АСАНОВ 4 қазандағы парламент сайлауында «Бүтүн Кыргызстан» (Біртұтас Қырғызстан) партиясының тізімінде кандидат болған. 6 қазанда Қырғызстан астанасында дүрбелең басталғанда ол Бішкектің коменданты болып тағайындалды. 2019 жылғы тамызда экс-президент Алмазбек Атамбаев құқық қорғау қызметкерлеріне бағынбай, үйінде бекінгенде, тұрғынжайына кіріп, оны берілуге көндірген де Асанов болатын. Сол кезде ол ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. Бірақ ол «ішкі істер органы қызметкерлерін қауіпті жағдайда қалдырғаны үшін» қызметінен босатылған. Көп адам Атамбаев үйіндегі сәтсіз операцияны жуып-шаю үшін билік Асановты құрбан етті деп санайды. Ол 54 жаста.

АЛМАЗБЕК АТАМБАЕВ 2011-2017 жылдары Қырғызстан президенті қызметін атқарған. Құрманбек Бакиев президенттігі тұсында премьер-министр болған ол - Қырғызстан Социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) негізін қалаушы. 5-6 қазан оқиғалары кезінде түрмеде отырған оны наразы топ қамаудан босатқан. Қырғызстанда Атамбаевты қолдайтындар бар. Парламент сайлауы қарсаңында Атамбаевтың ұлы Сейілбек пен оны қолдаушылар партияны қайта құрды. Түрмеде жатқанына қарамастан, ҚСДП-ның сайлау жарнамаларының көбінде Атамбаевтың суреті болды. Атамбаев қылмыстық топ басшысын түрмеден заңсыз түрде ерте босатқаны үшін биылғы маусымда айыпты деп танылған. Бұдан соң оған басқа да айыптар тағылған. Енді бостандыққа шыққан оған өз мұрагері Жээнбековпен арадағы алауыздығы қосымша ұпай әперуі мүмкін. Атамбаев 64 жаста.

ОМУРБЕК БАБАНОВ – бұрынғы премьер-министр, бизнесмен және «Республика» партиясының бұрынғы басшысы. 2017 жылғы президент сайлауында ол Жээнбековке қарсылас болған. Бабанов сайлауда 34 пайыз дауыс жинап жеңілді, бірақ көп сарапшы Жээнбеков әкімшілік ресурстың көмегімен жеңіске жетті деп санайды. Сайлау науқаны кезіндегі сөзі үшін ұлтаралық араздықты қоздырды деп айыпталып, түрмеге жабыларын білген ол елден кетіп қалды. Саясаттан кетемін деп сөз берген Бабанов 2019 жылы тамызда Қырғызстанға қайтып оралды. Бірақ ол сайлау қарсаңында ескі партиясын ашық қолдап, көзге түсті. Ол 6 қазандағы Үйлестіру кеңесінің отырысына да қатысты. Бабанов 50 жаста.

САДЫҚ ЖАПАРОВ 5-6 қазандағы дүрбелең кезінде түрмеде болған, оны қамаудан жақтастары босатты. «Достук» қонақүйінде аз ғана депутаттың қатысуымен өткен жиында ол премьер-министрлікке ұсынылды. Ол Құрманбек Бакиевті қолдап, оның президенттігінің соңғы екі жылында жемқорлыққа қарсы департаментті басқарған. Жапаров парламентке 2005 және 2010 жылдары екі мәрте сайланды. 2013 жылы екінші мерзім депутат болып жүрген тұсында оған және Камчыбек Ташиев пен Талант Мамытовқа 2012 жылғы қазандағы демонстрация кезінде үкіметті күшпен құлатпақ болды деген айып тағылды. Олар 18 айға бас бостандығынан айырылып, 2013 жылғы шілдеде босатылды. Алайда 2013 жылғы қазанда Жапаров Каракол қаласында наразылықты бастап, аймақ губернаторын кепілге алды. Тағы да айып арқалаған ол елден қашып кеткен. 2017 жылғы наурызда Қазақстаннан келе жатқан жерінде тұтқындалған ол 11 жылға бас бостандығынан айырылған. 51 жаста.

АСЫЛБЕК ЖЭЭНБЕКОВ – мерзімі аяқталған парламенттің депутаты, 4 қазандағы сайлауға «Биримдик» партиясы атынан қатысқан. Жээнбеков 2010 және 2015 жылдары парламент депутаты болып сайланды және 2011-2016 жылдары Жогорку кеңеш спикері болды. Ағасы, қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков премьерлікке тағайындалған соң ол қызметінен кетті. 53 жаста.

СООРОНБАЙ ЖЭЭНБЕКОВ – Қырғызстан президенті. Ол бұл қызметке 2017 жылы сайланған. Дегенмен ол басты қарсыласы Омурбек Бабановты тек әкімшілік ресурстың көмегімен ғана жеңді деп жиі айыпталады. Оны биліктен кетіп бара жатқан Алмазбек Атамбаев өз мұрагері ретінде таңдап ұсынған. Жээнбековтың інісі Асылбек 4 қазандағы парламент сайлауында «Биримдик» партиясы атынан депутаттыққа кандидат болды. Президент Жээнбеков бейтараппын деп жиі айтқанымен, «Биримдик» әкімшілік ресурстың көмегіне сүйенді деген сөз көп айтылды. Жээнбеков 5-6 қазандағы оқиғадан соң жұрт көзіне түспеді, қазір оның қайда екені белгісіз. Дегенмен баспасөз хатшысы ол Бішкекте қызметін атқарып отыр деп мәлімдеп жүр. Видеомәлімдемесінде ол оппозициялық партиялар басшыларымен кездесуге ниетті екенін айтқан. Жээнбеков Ош облысының губернаторы қызметін атқарып, 2016 жылы премьер-министр қызметіне барған. 62 жаста.

АДАХАН МАДУМАРОВ – 4 қазандағы президент сайлауында Жогорку кенештен орын алған жалғыз оппозициялық партия «Бүтүн Кырғызстанның» жетекшісі. Бірақ ол сайлаудың нәтижесі жоққа шығарылған. Мадумаров пен «Бүтүн Кыргызстан» 5 қазанда Ала-Тоо алаңында болған наразылықты қолдады. Ол 6 қазанда құрылған Үйлестіру кеңесінің мүшесі. Бұрын Мадумаров Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесін басқарған. Ол 2010 жылы «Бүтүн Кыргызстан» партиясын құрған. Бұл партия 2010 және 2015 жылдардағы парламент сайлауларына қатысып, бірде-бір орын ала алмаған. Мадумаров екі рет президент сайлауына түсіп, 2011 жылы – екінші, 2017 жылы үшінші орын алған. 55 жаста.

АҒАЙЫНДЫ МАТРАИМОВТАР: Райымбек, Искандер және Тілек – Қырғызстандағы ең ықпалды да ауқатты әулеттердің бірі саналатын Матраимовтар отбасының мүшелері. Райымбек Қырғызстан кеден қызметі басшысының орынбасары қызметін атқарған және ол елдегі қылмыстық топтың басшысы деген сөз бар. Бұған қоса ол соңғы парламент сайлауына түскен «Мекеним Кыргызстан» партиясын құрған адам ретінде аталады. Ол - Қырғызстанның тәуелсіз Kloop ақпараттық сайтының «Ұйымдасқан қылмыс және жемқорлықтан хабар беру» жобасы мен Азат Еуропа/ Азаттық радиосы ұйымдастырған зерттеу материалының басты кейіпкері. Искандер қазіргі парламенттің депутаты және ол 4 қазандағы сайлауға «Мекеним Кыргызстан» атынан кандидат болған. Тілек 2012 жылдан бері Қырғызстанның Ош аймағындағы Кара-Суу ауданын басқарып келеді. Ол қырғыз-өзбек шекарасынан өтіп кетпек болған жерінен 7 қазанда қолға түсті. Райымбек – 49, Тілек – 53, ал Искандер 58 жаста.

МЭЛС МЫРЗАКАНОВ – Қырғызстанның екінші ірі қаласы Оштың бұрынғы мэрі. 2010 жылғы қанды этносаралық қақтығыс кезінде ол осы қызметте болған. 2015 жылғы қазанда ол билігін асыра пайдаланды деп айыпталып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенімен, елден қашып кеткен. 7 қазанда таңертең Түркиядан Ошқа ұшып келген ол жиналған жақтастарының алдында сөз сөйлеп, «Қырғызстан аса қауіпті жағдайда тұр» деді. Бакиев 2010 жылы елден қашқан кезде оның командасында болса да, билігін сақтап қалған ірі саясаткер жалғыз Мырзаканов болды. Қырғыз үкіметі 2013 желтоқсанда Мырзакматовты әзер дегенде қызметінен алып тастады. Оның қайтып оралуы тұрақтылыққа бастайтын фактор саналмайды. Ол 51 жаста.

КЛАРА СООРОНКУЛОВА – Қырғызстан Жоғарғы соты Конституциялық палатасының бұрынғы судьясы. Ол сайлаушыларды тіркеу науқаны аясында азаматтардың саусақ іздері мен биометриялық мәліметтерін жинау жоспарына қарсы шыққаны үшін 2015 жылғы маусымда қызметінен алынды. Адам құқықтарын қорғаушы белсенділер оның әрекетін қолдаған. Сооронкулова – жастар мен ғалымдардан тұратын жаңа саяси ұйым – «Реформа» партиясының жетекшісі. 4 қазандағы парламент сайлауында «Реформа» 1,67 пайыз дауыс жинады. 5-6 қазандағы оқиғалар кезінде сайлау нәтижелерін сынап, тыныштыққа, келісімге шақырып көзге түсті. 51 жаста.

ОМУРБЕК СУВАНАЛИЕВ - 4 қазандағы сайлауда «Бутун Кыргызстан» партиясының тізімінде екінші болып тұрған кандидат. Ол сайлау қарсаңында Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары қызметінен кетті. Суваналиев Ішкі істер министрлігінде ұзақ жыл қызмет еткен. 2011 жылы ол тәуелсіз кандидат ретінде президент сайлауында бақ сынады. 5-6 қазанда демонстранттар парламент ғимаратын басып алған соң ішкі істер министрі жоқ болғандықтан, Суваналиев полиция мен қауіпсіздік күштердің іс-әрекетін үйлестіруге тырысты. 60 жаста.

КАМЧЫБЕК ТАШИЕВ – «Мекенчил» (Отаншыл) партиясының төрағасы. Ол 5 қазанда Ала-Тоо алаңында болған наразылыққа аз уақыт қатысты. 5-6 қазандағы оқиғалардан бері белсенділік танытпады. Ол 2012 Садыр Жапаровпен бірге «үкіметті күшпен құлатпақ болды» деп айыпталып, сотталған. 2010 жылы президент Құрманбек Бакиев биліктен кеткен соң «Ата жұрт» партиясын құрып, соның атынан парламент депутаты болды. Бакиев тұсында ол екі жыл төтенше жағдай министрі қызметін атқарды. 2010 жылғы төңкеріс кезінде ол Бакиевті жақтады. 2014 жылы «Ата жұрт» бизнесмен Омурбек Бабанов басқаратын «Республика» партиясымен біріккен соң ол партия басшылығынан кетті. Екі партия 2015 жылғы парламент сайлауы қарсаңында бірігіп, Социал-демократиялық партиядан кейінгі екінші орынды иеленді және парламентте 28 орынға ие болды. Қос партия 2016 жылы қайта бөлінгенімен, парламенттегі альянсын сақтап қалды. Қырғызстан бокс федерациясын басқарған, совет армиясында сарбаз болған ол ерекше саясаткерлердің бірі саналады. Оның Eurasianet тілшісіне «Ұру арқылы ашуымды шығару үшін ерте тұрып, спортзалға барамын» деген сөзімен және парламент сессиясында бір депутатты ұрғанымен жұрт есінде қалған. 52 жаста.

ОМУРБЕК ТЕКЕБАЕВ – Қырғызстандағы 1992 жылы құрылған ең көне саяси партиялардың бірі «Ата-Мекеннің» басшысы. Ол – 2007 жылғы ерте сайлауды қоспағанда, тәуелсіз Қырғызстан парламентінде үздіксіз қызмет етіп келе жатқан ардагер депутат. 2005 жылғы наурыздан 2006 жылғы ақпанға дейін парламент спикері болған. Ол президент Құрманбек Бакиевті «ит» деп атап, оған «алғаш кезіккен ағашқа асылып қал» дегені үшін қызметінен кеткен. Бакиевті қызметінен кетірген 2010 жылғы революция кезінде ол Алмазбек Атамбаевты қолдады және одан кейін құрылған уақытша үкіметте де оның қасынан табылды. Атамбаев президент болып сайланған соң оның Текебаевпен арасы бұзылды. Текебаев президенттің Қырғызстаннан тысқары аймақтағы дүние-мүлкіне қатысты өз зерттеуін жүргізді. 2017 жылы жемқорлық жасады деп айыпталып, тұтқындалған ол 2017 жылы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. 2019 жылы босатылған ол содан бері үйқамақта отырған. Ол 4 қазандағы парламент сайлауына кандидатурасын ұсынған жоқ, бірақ өзінің «Ата-Мекен» партиясын қолдады. 61 жаста.

ТІЛЕК ТОКТОГАЗИЕВ – бизнесмен әрі «Ата-Мекен» партиясы тізімінде екінші болып сайлауға түскен кандидат. 7 қазанда ол жаңа үкімет құрып, премьер-министр болуға дайындалып жатқанын хабарлады. Ол «Чоң Казат» (Ұлы көш), «Ыйман нуру» (Иман нұры), «Ордо» (Орда), «Мекен ынтымагы» және «Реформа» партиялары бас қосқан және бір үйлестіру кеңесімен келіссөз жүргізуге әзірмін деді. 30 жаста.