12 қазанда Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық №2 қылмыстық соты азаматтық белсенді Анна Шүкееваны полицейлерге қарата айқан "голубые" деген сөзі үшін "билік өкілін қорлады" (Қылмыстық кодекстің 378-бабы 2-тармағы) деп айыптап, жалпы сомасы 30 айлық есептік көрсеткіш - шамамен 81 мың теңге айыппұл салды.
Процесс коронавирус індетіне байланысты онлайн форматта өтті. Анна Шүкееваның Азаттыққа айтуынша, оны 25 қаңтарда полиция департментіне бір топ белсенді болып барып, "әр түрлі митинг қарсаңында өздерін ұстап әкететін полицияның әрекетін түсіндіруді" сұраған кезде айтқан сөзін “видеодан бөліп алып” қолданған.
- Біз 25 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы полиция департаментіне барып, тергеуші Әли Дәбеновті шақырдық. Себебі санкция берілген, берілмеген митингілердің бәрінде қатысты бізді "экстремистер" ретінде ұстап алып қамай берді. Мен "мұндай заңсыз шешім қалай қабылданған" деп сұрадым. Дәбеновтің орнына Ғизат Нұрқаев (қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары – ред.) шықты. Ол "Дәбенов өзінің ішкі сеніміне байланысты сіздерді осылай ұстау керек, сіздер экстремиссіңдер" деген шешім қабылдаған” деп түсіндірмек болды. Мен "егер біз экстремист болсақ, сіздер "голубойсыңдар" деген баламалы мысал айтқанмын. Бірақ олар толық видеоны емес, тек сол жерін кесіп алып "бізді қорлады, намысымызға тиді" деп айыптады, - дейді Анна Шүкеева.
Оның сөзін қоштаған адвокат Ольга Эннс сот жеті шақты шағымның тек біреуін қанағаттандырғанын айтып, "дәлел ретінде келтірген видеоның қайдан алынғаны белгісіз болғанына қарамастан сотта сол басты айғақ болды" деді.
- Біз ұсынған видеолар мен оған жасалған сараптама қаралмады, іске қосылмады. Ал қоспауға негіз болған жоқ. Объективтілік пен тараптардың өзін қолдау құқығы сақталмады, - деп санайды адвокат.
Іске қатысқан прокурор Мадияр Игенов "Шүкееваға қатысты тағылған айып толық дәлелін тапты" деп есептеп, оған 80 айлық есептік көрсеткішке (216 мың теңге) тең айыппұл салуды сұрады.
Сарыарқа аудандық №2 қылмыстық сотының судьясы Назгүл Бапақова Анна Шүкееваға 25 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салып, тағы 5 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұлды зардап шеккендер қорына аударуды мінеттеді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Екі тараптың аппеляцияға беру құқығы бар.
Қазақстанда полиция органдары Қылмыстық кодекстің 378-бабын (“Билік өкілін қорғау”) билік сыншыларына, белсенділерге жиі қолданады.
Қыркүйекте дәл осы баппен белсенді Ербол Есхожинге екі бірдей іс қозғалып, сот оған 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (265 мың теңге шамасында) айыппұл салған. Есхожин полицейлерге қарата айтқан "Назарбаевтың күшіктері" дегені үшін істі болған.
Бұл айып белсенді Айбек Сәбитовке де тағылып, сот оны "щиманушки" деген сөзі үшін 6 қазанда "билік өкілін қорлады" деп айыптап, 80 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салған. Екеуі де апелляциялық шағым жазған.
Сондай-ақ Алматы қаласындағы сот белсенді Әсия Төлесованы да "Билік өкілін қорлады" және "Билік өкіліне күш қолданды" деп айыптап, бір жарым жылға бас бостандығын шектеген. Апелляциялық сот Төлесованың үкімін өзгертпеген.
ПІКІРЛЕР