Accessibility links

Өзбекстан соты үкіметті бұрынғы саяси тұтқынды заңсыз қамағаны үшін өтемақы төлеуге міндеттеді


Чуян Маматкулов түрмеден шыққаннан кейін. 2018 жыл.
Чуян Маматкулов түрмеден шыққаннан кейін. 2018 жыл.

Өзбекстан соты мемлекетті құқық қорғаушы Чуян Маматкуловты заңсыз түрмеге қамағаны үшін өтемақы төлеуге міндеттеді. Құқық қорғаушының сөзіне қарағанда сот шешімі 12 қазанда шыққан. Кашкадария соты құқық қорғаушыға 60 миллион сом (5800 доллар) көлемінде өтемақы төлеу туралы қаулы шығарған.

Соттан 500 млн сом (48 300 доллар) көлемінде өтемақы өндіріп беруді сұраған Маматкулов сот шешіміне риза емес. Ол шешімді апелляцияға беретінін айтады.

Танымал өзбек құқық қорғаушысы, 50 жастағы Маматкулов 2005 жылы сол кездегі президент Ислам Каримовтің үстінен шағым түсіріп, оны әскери қызметкерлердің құқығын бұзды деп айыптаған.

2012 жылы қамауға алынып, бір жылдан соң "алаяқтық", "адам ұрлау" баптарымен 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Маматкулов пен жақтастары тағылған айыппен келіспей, құқық қорғаушылар істің саяси астары барын айтқан.

Бірнеше жыл түрмеде отырған Маматкулов 2018 жылы наурыз айында қамаудан босап шыққан. 2020 жылы наурыз айында барлық бап бойынша ақталған.

2016 жылы Каримов қайтыс болғаннан кейін және билікке Шавкат Мирзияев келгеннен соң Өзбекстанда 50-ден астам саяси тұтқын бостандыққа шыққан. Олардың арасында белсенділер, журналистер, құқық қорғаушылар бар.

Сарапшылар соттың мемлекетті ресми түрде ақталып шыққан Маматкуловты заңсыз қамауда ұстағаны үшін өтемақы төлеуге міндеттеуін прецедент деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG