12 қазанда Қырғызстан сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбеков БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша арнайы уәкілі Наталья Германмен телефон арқылы сөйлесті.
Герман Қырғызстандағы жағдайды бейбіт түрде шешуге шақырып, Сооронбай Жээнбековті елдің заңды президенті, конституциялық биліктің заңды өкілі деп атаған.
БҰҰ "Президент барлық саяси күштер мен халықтың басым бөлігі, оның ішінде азаматтық қоғам мен жастардың қолдауымен құқық аясында мемлекетті тығырықтан шығаратын жол табар деп үміттенеді" делінген Қырғызстан СІМ хабарламасында.
Ведомствоның мәлімдеуінше, БҰҰ бас хатшысы Гутерриш Қырғызстандағы жағдайды мұқият бақылап отыр және бұған дейін жасаған мәлімдемелерінде айтқанындай, Қырғызстанды конституциялық процесс аясында дағдарыстан шығаруға, парламент сайлауын ұйымдастыру және елдің экономикалық тұрақтылығын тез арада қалпына келтіруге атсалысуға дайын екенін білдірген.
Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси күштер Бішкектегі "Ала-Тоо" алаңында наразылық акциясын бастаған. Парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты орналасқан "Ақ үйді" басып алды.
Сол күні наразылар талабынан кейін түрмедегі бірнеше саясаткер қамаудан шықты. Олардың арасында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, бұрынғы депутат Садыр Жапаров та болды.
10 қазанда Жапаров премьер-министр қызметіне бекітілген. Кейбір депутаттар оның қызметке тағайындалуының легитимдігіне күмән келтірген.
Қырғызстанда саяси күштер дағдарыстан шығу жолдарын әлі талқылап жатыр. 9 қазанға қараған түні Сооронбай Жээнбеков "мемлекет құқықтық аяға оралған соң президент қызметінен кетуге даярмын" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР