Accessibility links

Назарбаев көптік етпей ме? Нұр-Сұлтанда экс-президентке тағы бір музей ашылды


Назарбаев орталығы мен экс-президенттің музейі. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2020 жыл.
Назарбаев орталығы мен экс-президенттің музейі. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2020 жыл.

Қазақстан билігі астанада елдің тұңғыш президенті, отставкаға кеткен соң қауіпсіздік қызметі мен билеуші партияның төрағасы қызметінде қалған Нұрсұлтан Назарбаевқа тағы бір музей ашты. Аумағы 40 мың шаршы метр музей ел ішінде Назарбаев орталығы деп аталатын экс-президент атындағы кітапхананың жанынан бой көтерген. Азаттық Назарбаевтың есімі берілген Нұр-Сұлтан қаласына оның аты берілген тағы бір ғимараттың неге керек болғанын анықтап көрді.

Қазақстан астанасында Нұрсұлтан Назарбаевтың музейі болған. Ол қаланың ескі бөлігіндегі президенттің бірінші резиденциясында орналасқан. Бірақ аумағы жаңа музейге қарағанда шағын – 12 мың шаршы метр.

Енді ескі музейдегі экспонаттарды жаңа ғимаратқа көшірді. Жаңа музейдің жанында аумағы 30 мың шаршы метр тұңғыш президент кітапханасы бар. Қос ғимарат та Ақордаға жақын маңда, "Алаш" ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалап, сталиндік қуғын-сүргін кезінде атылған Әлихан Бөкейхановтың атындағы көшенің бойында орналасқан.

Жаңа музейдің құрылысы 2018 жылы Назарбаевтың атындағы саябақ аумағында Құрылысты бастау үшін жұмысшыларға екі мыңға жуық ағашты басқа жерге көшіріп, қайта отырғызуға тура келді. Бұл жобаға тұңғыш президент қоры тапсырыс берген, ал құрылысты "Сембол Улусларарасы Ятырым Пейзаж Иншаат Туризм Санайи ве Тиджарет Аноним Ширкети" акционерлік қоғамының бөлімі салды. Бұл компания астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайын (Пирамида), Тәуелсіздік сарайын, Назарбаев университетін, Хан-шатыр ойын-сауық орталығын, бірнеше стадион мен президенттік қонақ үйлерді, Әзірет сұлтан мешіті мен ұлттық кітапхананы салған.

БАЙ ӘРІ ҚЫМБАТ

Назарбаев музейі ғимараты биыл жазда пайдалануға берілді. Музейдің ресми ашылу шарасы 30 қыркүйекте өтті. Ашылу салтанатынан кейін бір апта өткенде жұмысшылар музей маңына субұрқақ салып жатты.

Музей дүйсенбіден басқа күндері үзіліссіз жұмыс істеп, келушілерге тегін қызмет көрсетеді. Жұмыс күндері мұнда келушілер қатары көп болған жоқ. Бұған қазір музейге арасына он бес минут уақыт салып, бар-жоғы он адамнан аспайтын топпен ғана кіруге болатыны әсер етсе керек. Кітапхана сайтындағы дерекке қарағанда, музейдің алғашқы қонақтары негізінен бюджет мекемесі қызметкерлері, студенттер мен мектеп оқушылары болған.

Нұрсұлтан Назарбаев музейіндегі экспозиция. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2020 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев музейіндегі экспозиция. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2020 жыл.

Музей күзетшісі келген адамның металл бұйымдарын алып қалып, сканерден өтуді сұрап, гардеробқа жібереді. Едені ақ мәрмәрден төселген, төбесіне мұз сынықтары тәрізді аспалы шам ілінген дәлізде ең алдымен көзге Назарбаев 2016 жылы Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммитте жариялаған манифест жазылған гранит тақта түседі.

Ғимараттың орталық бөлігі шатырға жалғасқан үш қабатты атриумнан тұрады. Ұзындығы отыз метрге созылған көлденең экран Назарбаев музейінде жүргеніңізді еске салады. Екінші қабатқа бұдан бір жарым есе үлкен дәл осындай тағы бір экран қойылған.

Музейдің әр шаршы метрінен байлық пен қымбат заттар сезіледі. Жобалаумен айналысқан дизайнерлердің ақша үнемдеуге тырыспағаны көрініп тұр. Құрылысшылар түзу сызықтар мен мінсіз формаларға әйнек пен металды аямаған. Бәрі алтын-күміс түстерге боялған. Ғимараттың ірілігі әжетхананың төрт метрлік есіктерінен-ақ көрінеді. Қол жуатын орын әр адамның қолына жеке сабын, су мен ыстық ауа беретін бірыңғай жүйемен жабдықталған.

Нұрсұлтан Назарбаев музейіндегі экспозиция. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2020 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев музейіндегі экспозиция. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2020 жыл.

Ресепшнде тұрған қыз қолымызға музей залдарына жол сілтейтін ақпарат жазылған қағаз ұстатты. Музей сұйық кристалды led-экран, голограмма, touch-монитор, электронды карта, 3D-композиция, инсталляция және пікір жазуға арналған интерактивті медиа-үстелдермен жабдықталған жеті көрме және экспозиция залынан тұрады. Барлық экраннан Назарбаевтың суреті мен видеосы көрсетіліп, президент болған жылдары сөйлеген сөздері беріледі. Жаңа музейдің залдары "Тұлғаның қалыптасуы", "Көшбасшы жолы" деп аталады…

"Дарынды жас" талантты Нұрсұлтан туралы" деген постердің жанына "Қытайдан келген хаттар" деп аталатын басқа постер ілінген. Онда қытай мұғалімінің Қаскелең орта мектебінің сол кездің өзінде саясатқа қызығушылық танытып жүрген "үздік оқушысымен" достық лебізге толы хат алысып тұрғаны туралы хикая баяндалады.

КІТАПХАНА СӨЙЛЕЙДІ

Мемлекеттік мекеме қатарына кіретін Назарбаев кітапханасының басшылығы музей құрылысына бюджеттен ақша бөлінген жоқ деп сендіргенімен, жаңа нысанның кімнің қаржысына салынғаны жайлы айтпады.

Кітапхана директорының міндетін атқарушы Күләйша Ақтаева Азаттыққа жіберген жауабында "Жалпы алғанда, музей қызметінде АҚШ пен Еуропаның бұрынғы президенттеріне арналған музейлердің белгілі бір тұлғаның өмірін дәстүрлі формада көрсету үлгісі қайталанбаған. Құрылысқа республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Осылай астанада отандастарымыздың эстетикалық ғана емес, білім алу және зерттеуге байланысты сұранысын қанағаттандыратын тағы бір әлеуметтік нысан жұмысын бастады" деген.

Назарбаев орталығы. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2020 жыл.
Назарбаев орталығы. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2020 жыл.

Ол музейдің басқа жерге көшуін былай түсіндіреді:

"Қазір оң жағалауда жұмыс істеп тұрған музей президенттің жаңа астанадағы бірінші жұмыс резиденциясында орналасқандықтан, бұл мекеменің отандастарымыз бен шетел азаматтарының Қазақстанның қазіргі заманғы тарихына деген қызығушылығын тиісті ауқымда қанағаттандыруға мүмкіндігі жоқ".

Тарихи естелік, тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің даму процесіндегі ортақ жетістік сандық көрсеткішпен өлшенбейді.

Азаттықтың "Бұрынғы президентке арнап салынған кезекті музейден қазақстандықтарға не пайда?" деген сұрағына Ақтаева "тарихи естелік, тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің даму процесіндегі ортақ жетістік сандық көрсеткішпен өлшенбейді" деп жауап берді. Бірақ артынша орталықтың "үлкен оқу-ағарту жұмысын" жүргізіп отырғанын, 2015 жылдан бері мекеме қызметкерлері 11 мың мектеп оқушысы, студент, мемлекеттік және әскери қызметкерге тегін семинар-тренингтер өткізгенін айтты. Кітапхана басшылығының сөзінше, мұндай семинарлар кезінде қатысушыларға "стратегиялық маңызы бар мемлекеттік бағдарламалардың негізгі ережелері түсіндіріледі".

Мемлекеттік сатып алу сайтының дерегінше, биыл көктемде елде карантин мен төтенше жағдай жарияланған тұста кітапхана ондаған миллион теңгеге картридж бен кең форматтағы плоттерге арналған бояу сияқты полиграфия материалдарын сатып алған.

Мемлекеттік қаржының игерілу көлемін мына деректерге қарап-ақ бағамдауға болады: мекеме мамырда картоннан жасалған 1300 қорапқа 700 мың теңгеге жуық (696423) қаржы жұмсаған; "серверлік құрылғыны жалдау құны" шамамен 3 млн теңгеге (2945809) түскен; ал "сайтты жетілдіріп, жұмысын жүргізу" үшін бір жылда бюджеттен 4,6 млн теңге (4653469), "интернетке қосылу үшін" – 5 млн теңге (5002094) бөлінген.

Кітапхана сондай-ақ "NN Journal" деп аталатын журнал басып шығарады. Жылына төрт рет Назарбаев қызметінің хроникасын жариялайтын журнал қызметіне салық төлеушілер ақшасынан 53 млн теңге (53183928) жұмсалады.

"БҮКІЛ ЕЛ – НАЗАРБАЕВТЫҢ АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙЫ"

Өнертанушы Валерия Ибраева бұрын елде жеті көркемсурет музейі болса, тәуелсіздік алғалы олардың қатары көбеймей, сол баяғы қалпында қалғанын айтады. Олардың бәрі Совет одағы тұсында салынған.

Кезінде әр қаладан ашылған, қазір жұмыс істемейтін Сталин мен Ленин музейлерін есіме салды.

– Есесіне тұңғыш президентке арналған музейлер мен олардың бөлімдері ашылды. Ол – кез келген тарихи музейде тұруы тиіс мықты тұлға. Мұндай музейлер ескі советтік сызба бойынша салынады. Яғни бұл – көсемнің жеке басына табыну. Кезінде әр қаладан ашылған, қазір жұмыс істемейтін Сталин мен Ленин музейлерін есіме салды. Соған қарап бұл музейдің де болашағы қандай болатынын шамалауға болады. Өкінішке қарай, тарихтан ешкім ешқашан сабақ алмайды, – дейді Ибраева.

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекеновтың пікірінше, көп адам Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы рөлін дұрыс бағаламай жүр.

– Тарих шын мәнінде кейін саралап алады, – деді өзін нашар сезініп тұрғанын айтып, жауабын қысқа қайырған депутат.

Нұрсұлтан Назарбаев музейіндегі экспозиция. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2020 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев музейіндегі экспозиция. Нұр-Сұлтан, 6 қазан 2020 жыл.

Суретші Роман Захаров жаңа музейді "қыруар қаржы құйылған кезекті үлкен ғимаратқа" жатқызады.

Маған қазір қоғамда Назарбаевтың тұлғасын тірі адам ретінде емес, "діни" мақсатта аңызға айналған кісі деп қабылдайтындай көрнеді.

– Маған қазір қоғамда Назарбаевтың тұлғасын тірі адам ретінде емес, "діни" мақсатта аңызға айналған кісі деп қабылдайтындай көрнеді. Өйткені бұл жерде "дінге" тән элементтер, кескіндер мен қызметтер айқын білінеді. "Құдай, миссия не құтқарушы" бар кезде "қасиетті" жазба да, жеке басқа табыну нысандары да пайда болады, – дейді ол.

Саясаттанушы Ерлан Сайыров Назарбаевтың жаңа музейін Ресейдегі Ельцин орталығымен салыстырады.

– Бұл орталықта ағарту жұмыстары жүріп, тарих, рухани білім мен цифрлық болашақ мәселелері сөз болса, мұндай орталықтар мен музейлер сөзсіз керек. Адамдар игілігіне пайдалансын. Екатеринбургте Ресейдің бүкіл тарихы мен ел болашағынан көрініс беретін Ельцин орталығы бар ғой, – дейді Сайыров.

Екатеринбургтегі Ельцин орталығы баспасөз қызметінің басшысы Евгения Капитонихина Азаттыққа өзі жұмыс істейтін мекеме Ресейдің бірінші президентінің тарихи мұрасын сақтау, зерттеу және саралау мақсатында құрылған коммерциялық емес ұйым екенін айтты. Оның сөзінше, орталық "құқықтық мемлекет құруға, президент институтын зерттеуге және дамытуға ықпал ететін" қоғамдық-саяси ұйым ретінде құрылған. Орталықтың ресми сайтында ұйым құрылған 2008 жылдан бергі қаржы есебі жарияланған.

– Ресейліктердің президент орталығына көзқарасы туралы қысқаша айтсақ. Орталықта болмаған және бұл жобаға қырын қарайтындар сын пікірлер айтып тұрады. Бізге келгендердің көбі мүлде басқа пікір жазады, бұл жерді және Ресейдің жаңа тарихы музейін ерекше бағалайды. Карантинге дейін музейге күніне 4-10 мың адам келетін, – дейді Евгения Капитонихина.

Ақын әрі документалист Ербол Жұмағұлов Назарбаевқа арналған жаңа музей салынуын құп көрмейді.

Бәйтерек, шар және өзге түсініксіз нысандар да Назарбаевтың аты берілген үлкен музейдің экспонаттары.

– Бүкіл ел белгілі бір мағынада Назарбаевтың ашық аспан астындағы музейі іспетті. Бәйтерек, шар және өзге түсініксіз нысандар да Назарбаевтың аты берілген үлкен музейдің экспонаттары. Қазір бір қоғам қайраткері туралы деректі фильм түсіріп жатырмын. Біз фильм кейіпкерінің музей үйінде болдық. Бір кезде өзі тұрған пәтер қазір музейге айналған. Пәтерде әлгі азаматтың рухы сезіледі, өйткені ол сонда тұрған. Кез келген тарихи музей осы ерекше аурасымен тартымды. Ал мына музей – даңғойлықтың қырық мың шаршы метрі мен өзін асыра мақтаудың көрінісі. Кез келген музей – уақытты тоқтатуға талпыныс. Бұл музейдің мақсаты өлгеннен кейін ұмыт қалудан қорқуды білдіреді деп ойлаймын, – дейді ақын.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары авторитар басқару үлгісі, саяси қарсыластарын қудалағаны, елде азаматтар құқығының жиі бұзылғаны үшін сынайтын Қазақстанның бірінші президентінің есімі ел астанасына, әуежайға, университетке, мектептерге, облыс орталықтарындағы орталық көшелерге, саябақтар мен спорт нысандарына берілген. Бірнеше қала мен астанада Назарбаевқа ескерткіш қойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG