Accessibility links

Қырғызстан президенті отставкаға парламент сайлауы қайта өткеннен кейін ғана кететінін мәлімдеді


Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға елде парламент сайлауы қайта өткеннен кейін кетеді. Бұл туралы 14 қазан күні оның баспасөз хатшысы мәлімдеді.

Мәлімдеме президенттің елдің жаңа сайланған премьер-министрі Садыр Жапаровпен кездесуінен кейін жасалды.

"Бүгін Сооронбай Жээнбеков Садыр Жапаровпен кездесті. Келіссөз кезінде премьер-министр "президент бүгінгі кештен бастап қызметінен кетуі керек" деді. Президент Жээнбеков мұндай жағдайда кетуге дайын емеспін деп жауап берді" деді президент баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева.

Стомалиевтің сөзінше, Жээнбеков ел заң жолына түскенде немесе парламент сайлауы қайта өтіп, кезектен тыс президент сайлауы жарияланғанда ғана отставкаға кетпек.

Жапаров ел президентімен премьер-министр болып сайланған күні кездесті.

"Меніңше, біз президент жағдай тұрақтаған соң отставкаға кетеді деген бастапқы келісімге оралуымыз қажет" деді Жапаров.

Жапаровты 6 қазанға қараған түні парламент сайлауынан кейінгі толқу кезінде жақтастары түрмеден босатып алған. Қырғыз билігі оны 2013 жылы Қарақол ауылында Құмтөр алтын кенішін мемлекеттендіру талабымен митинг өткізіп, сол кездегі Ыстық-Көл облысының әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы 11,5 жылға соттаған.

Қырғызстанда 4 қазандағы парламент сайлауынан кейін саяси дағдарыс орнады. Ресми нәтиже Жээнбековке жақын деген партиялардың жеңіске жеткенін көрсетіп, сайлау нәтижесіне наразы халық көшеге шығып, қарсылық танытты. Демонстранттар "Ақ үй" резиденциясын басып алып, түрмеде жатқан саясаткерлерді босатып алды. Осы жағдайда орталық сайлау комиссиясы сайлау нәтижесін жарамсыз деп тауып, сайлаудың қайта өтетінін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG