Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауылында полиция бөлімінде қайтыс болған тұрғынның өліміне байланысты үш адам қамауға алынды: бір жедел уәкіл және екі учаскелік полиция инспекторы. Бұл ақпаратты 20 қазанда Мақаншы полиция бөлімінің қызметкері Әлібек Қасенов Азаттық тілшісіне хабарлады.
Осыған дейін Мақаншы ауылының полиция бөліміне күдікті ретінде әкелінген 33 жастағы Азамат Оразалының бөлімшеде "өлімші етіп сабалғаны" хабарланған еді. Куәгерлер сөзіне сүйенген туыстары оны "полиция бөлімінде азаптап өлтірді" деп санайды. "Азаптау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
- Кеше (19 қазан) жұмыстан 6 адам шығарылды. Сол алтаудың үшеуі қамауға алынды. Қазір олар тергеу изоляторында, - дейді Әлібек Қасенов.
Марқұмның туысы Дархан Оразалының сөзіне қарағанда 20 қазанда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Қаратұма ауылына барып, қаза болған жігіттің отбасына көңіл айтқан. Азамат Оразалы өлімінен кейін дүрліккен халықты сабырға шақырған.
- Кеше (19 қазан) халық адам "өліміне кінәлілерді ұстаңдар" деп кешкі сағат 9-ға дейін уақыт бергенбіз. Оларды жұмыстан шығарып жіберген, бірақ қамамаған. Бүгін таңертеңгі 9-ға дейін қамаймыз деп жатқан. Анық-қанығын білу үшін қазір бара жатырмыз. Біз полиция бөлімшесі қызметкерлерінің қызметтен толығымен кетуін талап етіп отырмыз. Олар халық аудандық полиция бөліміне басып кірген кезде мемлекеттік қызметкерлер жұмыс орындарын тастап қашып кеткен. Халық өздері барып, марқұмның сүйегін тауып алды. Ақыры кетті ме, бәрі кетсін, - дейді Дархан Оразалы Азаттық тілшісіне.
Ақпарат бойынша, Азамат Оразалыны полицейлер 17 қазанда "мал бағып жүрген жерінен ұстап алып, бөлімшеге алып кеткен". Ол "мал ұрлығы" бойынша күдікке ілінген. Бірақ туыстарының айтуынша, оның үстінен полицияға шағым түспеген.
Туыстарының айтуынша, марқұмның денесінде "соққы іздеріне ұқсас" дақтар болған.
17 қазанда кешке "полиция бөлімшесінде Азамат Оразалының денесі табылған соң халық көтеріліп, ауыл жігіттері полиция бөлімшесіне барған. Кейінірек ауыл әкімдері мен ақсақалдар қосылып жатып, әрең тоқтатқан".
19 қазанда Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті "оқиға мұқият зерттеліп жатыр" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР