Өзін республика жариялаған Таулы Қарабақта әзербайжан жағында Сириядан келген жалдамалылар соғысып жүр, ал ресми Баку мұны жоққа шығарады. 21 қазанда Conflict Intelligence Team (CIT) тобы жариялаған зерттеуде осындай мәлімет жазылған. Оған "Кавказ.Реалии" (Азаттықтың Солтүстік Кавказ редакциясы) сайты сілтеме жасайды.
Осыған дейін әлеуметтік желіде жалдамалылардың өзі жариялады делінген бірнеше видео жарияланған еді. Одан Әзербайжан мемлекеттік шекара қызметінің формасы мен оқ өтпейтін кеудешесін киген араб тілінде сөйлеген сарбаздарды көруге болады.
CIT сарапшыларының айтуынша, әлеуметтік желі қолданушылары видеожазбаның Әзербайжан билігі бақылауындағы аумақта түсірілгенін анықтай алған. Атап айтқанда, Сирия жалдамалылары майданның оңтүстік бөлігінде соғысып жүр. Соңғы күндері мұнда Гадрут елді мекенінде ауыр шайқас болған.
Осыған дейін Сирия жалдамалыларына ұқсайтын сарбаздардың Қарабақ қақтығысына қатысып жүргені жайлы ақпаратты көптеген халықаралық БАҚ жазған. Мысалы, Washington Post газетінің жазуынщша, Таулы Қарабақта Сириядан келген кемінде 50 жалдамалы бар.
Түркия мен Әзербайжан Сириядан келген жалдамалылардың армян күштеріне қарсы соғысқа қатысып жүргенін түбегейлі жоққа шығарады. Осыған дейін Франция пезиденті Эммануэль Макрон да олардың қақтығысқа араласып жатқанын мәлімдеген. Ресей президенті Владимир Путин Түркия президенті Режеп Ердоғанмен телефонмен сөйлескен кезде "Таяу Шығыс аймағынан келген содырлардың әскери қимылға араласып жатқанына алаңдаған".
Таулы Қарабақтағы қақтығыс 27 қыркүйекте басталған. Армения мен Әзербайжан бір-бірін шиеленісті бірінші болып бастады деп айыптайды.
Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ дауы Совет Одағы кезінен жалғасып келеді. 1988 жылы басталып, 1994 жылы аяқталған соғыс кезінде 30 мыңға жуық адам қаза тапты, жүздеген мың адам босқынға айналды. Негізінен армяндар тұратын аймақ 1991 жылы Әзербайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеді, бірақ әлемнің ешқандай елі оны мойындамады. Халықаралық құқыққа сәйкес, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері.
ПІКІРЛЕР