Ресей президенті Владимир Путин алғаш рет оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың улануына байланысты пікірін айтты. Бейсенбі күні "Валдай" форумында сөйлеген Путин әдеттегідей саясаткердің атын атамай, "азамат", "фигурант" деген сөздермен меңзеп отырды.
Путиннің сөзіне қарағанда, егер билік шынымен де Навальныйға у бергісі келсе, онда оны Германияға емдеуге жібермес еді. Президент оппозиционердің шетелде емделуіне жеке өзі көмектескенін айтты.
"Ол азаматтың (Навальныйдың - ред.) әйелі бізден көмек сұрағаннан кейін мен бірден прокуратураға оны шетелге емдеуге жіберу мүмкіндігін қарастыруды тапсырдым. Оның үстінен қозғалған істер мен тергеу амалдарына байланысты шектеулер бар болатын, сол себепті жібермеуі де мүмкін еді" деді Путин.
Навальный тамыз айының соңында Ресейде уланған. Қазір саясаткер Германияда айықтыру курсынан өтіп жатыр. Осыған дейін батыс мамандары оның Ресейде жасалған "Новичок" тобына жататын қауіпті заттан уланғанын айтқан еді. Мәскеу оқиғаға қатысы жоғын айтады.
Уланғаннан кейін бір айдан астам уақыт ауруханада комада жатып, кейіннен есін жиған Навальный клиникадан шыққаннан кейін берген сұхбатында "у беру ісіне" президент Владимир Путиннің қатысы барына сенімді екенін жеткізген. Оның пікірінше, у беруді Ресей арнайы қызметі - ФСБ немесе сыртқы барлау қызметі ұйымдастыруы мүмкін. Саясаткердің пайымдауынша, қастандықты ұйымдастырушылар оны өлтіруге оқталған немесе мүгедек жасауға тырысқан.
15 қазанда Еуроодақ пен Ұлыбритания Алексей Навальныйдың улануына байланысты Ресейге санкция салған. Санкция салынған алты шенеунік арасында ФСБ директоры Александр Бортников, президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Сергей Кириенко, Сібір федералдық округы президентінің уәкілетті өкілі Сергей Меняйло бар.
ЕО санкциясына сонымен бірге органикалық химия және технология мемлекеттік ғылыми зерттеу институты да ілінген. Оның бөлімшесінде "Новичок" тобына жататын қауіпті зат жасалды деп айтылады. Осыған дейін Еуропаның үш зертханасы мен Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйым Алексей Навальный анализінен осы қауіпті заттың қалдықтарын тапқан еді.
ПІКІРЛЕР