Accessibility links

Алматыда бірнеше адам "Борат-2" фильміне байланысты АҚШ консулдығына петиция тапсырды


Бір топ алматылық "Бораттың" "кешірім сұрауын" талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:34 0:00

23 қазанда өздерін "Намыс" қозғалысының мүшелеріміз деп таныстырған бірнеше адам АҚШ-тың Алматыдағы консулдығына барып, "Борат-2" фильміне байланысты петиция тапсырды. Петицияда қозғалыс мүшелері "қазақ ұлтын масқаралап, елдің абыройын түсірген" Борат-2 фильмінің көрсетілуіне түбегейлі қарсы екенін жеткізген. АҚШ елшілігінен "қатаң шара қолданып", актер мен фильм авторларының қазақ халқынан кешірім сұрауын талап еткен. Олар "Бораттың" екі фильмін де көрмегенін, фильм жайлы ақпаратты интернеттен білгенін айтады.

"Борат-2" фильміне қарсылық танытып, АҚШ-тың Алматыдағы консулдығына келген "Намыс" қозғалысының мүшелері. 23 қазан 2020 жыл.
"Борат-2" фильміне қарсылық танытып, АҚШ-тың Алматыдағы консулдығына келген "Намыс" қозғалысының мүшелері. 23 қазан 2020 жыл.

- Көк туды таптағанына жол беруге болмайды. Соны істегені біздің ар-ұжданымызға, ұлтшылдығымызға кері әсерін тигізіп жатыр. Соны көріп отырып, үнсіз қала алмадық. Азаматтық позициямызды білдіруге келдік, - дейді Азамат Ғалымжанұлы.

Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен фильмнің көрсетілуіне де тыйым салуды талап етті.

АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Эрик Майерге бағытталған петицияға 50 шақты адам қол қойған.

АҚШ консулдығына петиция тапсырып шыққан топ ғимараттан шыққаннан кейін консулдық өкілдерімен сөйлескенін, "талаптарын тыңдап, жоғары жаққа жеткізуге" уәде бергенін айтты.

Атышулы "Борат" комедиясының жалғасы ел ішіндегі және шетелдегі қазақстандықтар арасында әртүрлі реакция туғызған еді. Біреулер "фильмді көрсетуге тыйым салу керек" десе, екінші бір топ сыншыларды шектен тыс сезімталдығы үшін айыптады.

Фильмде ойдан шығарылған қазақстандық журналист Борат Сағдиевтың хикаялары баяндалады. 23 қазанда Amazon Prime онлайн-платформасынан көрсетілетін екінші бөлімде бас кейіпкер коронавирус пандемиясы кезінде АҚШ-қа оралып, "вирусты" жеңіп, елдегі президент сайлауын (АҚШ-тағы президент сайлауы 2020 жылы 3 қарашада өтеді) бақылауға тырысады.

2006 жылы алғашқы бөлімі шыққан кезде Қазақстан кинотеатрларында фильмнің көрсетіліміне тыйым салынған болатын.

Осыған дейін кейбір қолданушылар "Борат" фильмдеріне емес, фильмде айтылатын Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы петиция жазу керек деп айтқан еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG