Accessibility links

Польшада мыңдаған адам абортқа тыйым салу шешіміне қарсы шықты


"Құрбан болғымыз келмейді" деген жазуы бар плакат. 25 қазан 2020 жыл.
"Құрбан болғымыз келмейді" деген жазуы бар плакат. 25 қазан 2020 жыл.

Польшада конституциялық трибунал абортқа тыйым салу туралы шешім шығарғаннан кейін тұтанған наразылық акциялары жалғасып жатыр.

Жексенбі күні мыңдаған адам католик храмының алдына жиналды. Познань қаласында ондаған адам храм алдына "Католик-әйелдердің де аборт жасатуына құқығы бар" деген жазуы бар плакат ұстап келді. Кейбір қалаларда шіркеуге кіреберіс жерде акция өткен. Лодзь қаласындағы акцияға 2 мың адам қатысқан. Кейбір қалаларда храм қабырғаларында абортты қолдаған жазбалар пайда болған.

Варшавада аборт жақтаушылары мен ұлтшылдар қақтығысып қалған.

Демонстранттардың пікірінше, басқарушы оңшылдар партиясы абортқа тыйым салуды ұсынып отырған католик шіркеуінің мүддесін қорғауға тырысып отыр. "Заң және әділет" партиясы мұны жоққа шығарады. Ал конституциялық сотқа абортқа тыйым салу туралы ұсыныс жасағандар арасында осы партия мүшелері болған.

Өткен апта ортасында Польша конституциялық трибуналы құрсақтағы нәрестенің ауыр кемістігіне байланысты түсік тастау туралы ережені конституцияға қайшы деп таныған еді. Шешімді 13 судьяның 11-і қолдаған. Заңгерлердің айтуынша, бұл іс жүзінде абортқа тыйым салғанмен пара-пар.

Бұл шешім күшіне енгенге дейін де Польшада Еуропадағы аборт туралы ең қатаң заңдардың бірі күшінде болған. 1993 жылдан бері абортқа тек зорлау және инцест жағдайында, сондай-ақ ананың денсаулығына қауіп төнгенде рұқсат етіліп келген. Соның салдарынан көптеген әйел түсік жасату үшін өзге елдерге баруға мәжбүр болған.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, жыл сайын 80-120 мың әйел өзге елде аборт жасатуға тырысады.

Сенбі, 24 қазанда демонстранттар полициямен қақтығысып қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG