Accessibility links

Полиция әрекетінің кесірінен қолын жарақаттаған Азаттық тілшісі медициналық сараптамадан өтіп жатыр


Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.
Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.

Сенбілік акциядан хабар тарату кезінде полицияның шабуылына ұшыраған Азаттық тілшісі Сәния Тойкен дүйсенбі күні сот-медициналық сараптамадан өтті. 26 қазанда ол жарақаттау, кәсіби қызметке кедергі келтіру және полиция қызметкерлерінің қызметтік өкілетін асыра пайдаланып, күш қолдану фактілері бойынша прокуратураға шағым түсіретінін айтты.

24 қазанда Нұр-Сұлтанда бейбіт акцияға қатысушыларды ұстау кезінде тікелей эфирде хабар таратпақ болған Азаттық тілшісі Сәния Тойкен полиция әрекетінің кесірінен жарақаттанған еді. Полицейлер оқиғаны түсіріп жүрген тілшінің "өзін журналистпін" таныстырғанына қарамастан жұлқылап итеріп, телефонын тартып алған. Кейінірек қайтарып берген.

Медициналық мекеме дәрігерлері оның сол жақ тобығы мен шынтағының жырылып кеткенін анықтады.

Қазақстанның тең құқықты журналистер федерациясы ішкі істер министрінен тілшінің жұмысына кедергі келтіріп, күш қолданған полиция қызметкерлерін жауапкершілікке тартуды талап етті.

Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленген. Ол Қазақстанда осы сыйлыққа ие болған жалғыз адам. Тойкен осыған дейін де кәсіби міндетін атқару кезінде бірнеше рет қудалау мен қысымға ұшыраған.

24 қазанда Нұр-Сұлтанда белсенділер асар өткізіп, саяси көзқарасы үшін абақтыда отырған тұтқындардың отбасына жылу жинамақ болған еді. Оларды полиция ұстап әкеткен. Үшеуін 10-15 күнге қамаған.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі 26 қазанда ресми сауал жолдауды сұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG