Accessibility links

CPJ Нұр-Сұлтанды Сәния Тойкенге жасалған шабуылды мұқият зерттеп, кінәлілерді жазалауға шақырды


Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.
Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігін Азаттық тілшісі Сәния Тойкенге жасалған шабуылды тез арада мұқият зерттеп, кінәлілерді жазалауға шақырды. Бұған қоса, билікті журналистердің кәсіби міндетін қауіпсіз жағдайда атқаруына жағдай жасауға үндеді.

24 қазанда Нұр-Сұлтандағы бейбіт акциядан хабар таратқан Сәния Тойкен полицейлер әрекетінің кесірінен қолын жарақаттап алған еді. Полицейлер оқиғадан тікелей эфирде хабар таратқан тілшіні итеріп, телефонын тартып алуға тырысқан, жұлқылап автобусқа апарған. Сәлден соң босатқан.

Аурухана дәрігерлері тілшінің сол жақ тобығы мен шынтағының жырылып кеткенін анықтады. Тойкен полицейлердің үстінен арыз түсірді.

Дүйсенбі күні тілші сот-медицина сараптамасынан өтті. Оның қорытындысы осы апта аяғында дайын болуы тиіс.

"Қазақстан билігі журналист Сәния Тойкенге жасалған шабуылды тез арада зерттеп, кінәлілерді жазалауы тиіс. Тойкен халық үшін маңызды жұмыс атқарғаны үшін де осыған дейін көптеген шабуылға ұшыраған. Құқық қорғау органдары қудалап, шабуыл жасаудың орнына оны және өзге журналистерді қорғауы тиіс" деді Журналистерді қорғау комитетінің Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарлама үйлестірушісі Гүлноза Саид.

Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленген. Ол Қазақстанда осы сыйлыққа ие болған жалғыз адам. Тойкен осыған дейін де кәсіби міндетін атқару кезінде бірнеше рет қудалау мен қысымға ұшыраған.

Былтыр наурыз айында Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратқан Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді полиция негізсіз ұстаған. Жаңаөзен соты оны "полицияға бағынбады" деп танып, айыппұл салған. Тойкен тағылған айыпты жоққа шығарған. Оның апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. 2019 жылы ақпан мен наурыз айы аралығында полиция Тойкенді үш рет ұстаған.

Осыған дейін Қазақстанның тең құқықты журналистер федерациясы ішкі істер министрінен журналиске шабуыл жасаған полиция қызметкерлерін жауапкершілікке тартуды талап еткен. ІІМ түсініктеме бермеді.

Қазақстандық "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы "журналиске шабуыл жасау ісінің" барысын мұқият қадағалайтынын мәлімдеді.

24 қазанда Нұр-Сұлтанда белсенділер асар өткізіп, саяси көзқарасы үшін абақтыда отырған тұтқындардың отбасына жылу жинамақ болған еді. Оларды полиция ұстап әкеткен. Үшеуін 10-15 күнге қамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG