Accessibility links

Ресей бас мүфтиі Мұхаммед пайғамбар карикатурасына бола жауласудың қажеті жоқ деп санайды


Ресей бас мүфтиі Талғат Таджуддин.
Ресей бас мүфтиі Талғат Таджуддин.

Ресей бас мүфтиі Талғат Таджуддин Мұхаммед пайғамбар карикатурасына бола жауласудың қажеті жоқ деп санайды. Оның пікірін РБК сайты жариялады.

"Біреу бір нәрсені салып қойыпты деп түкке тұрмайтын нәрсе үшін соғыс жариялап, жауласудың қажеті жоқ - мұндай істі құдай да, құдай елшісі де, құдайға сенетін адамдар да жаратпайды, бұл табиғилыққа, өмірге жат нәрсе" деді бас мүфти.

Оның сөзіне қарағанда, Мұхаммед пайғамбар "кек қайтаруды ешқашан насихаттамаған және кешірімді жоғары бағалаған".

Ол Франция президенті мен оны жақтаған француздарды "барша мұсылманның жауы" деп атаған Шешенстан мүфтиінің сөзін жеке пікірі деп қабылдау қажеттігін айтты.

16 қазанда Парижде сабақ кезінде оқушыларға Мұхаммед пайғамбар карикатурасын көрсеткен 47 жастағы мектеп мұғалімі Самюэль Пати кісі қолынан қаза тапты.

Осыдан соң Франция президенті Эммануэль Макрон шабуылды "исламистер терактісі" деп атап, зайырлы қоғам құндылықтарын қорғауға шақырған. Макрон мәлімдемесі бірқатар мұсылман елдерінде наразылық туғызды. Макронның саяси ислам жайлы мәлімдемесін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған "исламды қорлау" деп бағалап, француз өнімдеріне бойкот жариялаған. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Макронның "қылмыскерден жүз есе жаман" екенін айтса, Шешенстан мүфтиі оны "барша мұсылманның жауы" деп атаған.

Қадыров сөзіне түсініктеме берген Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков және Ресей либерал-демократиялық партиясының жетекшісі Владимир Жириновский субъект басшылары сыртқы саясатпен араласпауы тиіс деп мәлімдеген. Песковқа жауап қатқан Қадыров "бұл тақырыпты оған жеке түсіндірудің қажеті жоқ" деп, Жириновскийден кешірім сұрауды талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG