Accessibility links

Комитет: Сот Біртановты қамауға санкция берді


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Қаржы министрлігіне қарасты қаржы мониторингі комитеті 3 қарашада бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады.

"Қаржы министрлігіне қарасты қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеу қызметі бұрынғы денсаулық сақтау министрі Е.А.Біртановқа қатысты ірі көлемде қаржы жымқыру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеп жатыр. Сот Е.А.Біртановқа қатысты қамау түріндегі бұлтартпас жазасын қолдану шарасына рұқсат берді. Тергеу құпиялылығына байланысты өзге ақпарат айтылмайды" делінген хабарламада.

31 қазанда жергілікті БАҚ бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың "ақша жымқыру" фактісі бойынша ұсталғанын хабарлаған еді. ҚазТАГ агенттігі экс-министрдің цифрландыруға бөлінген 526 миллион теңге қаржыны талан-таражға салды деген айыппен күддікке ілінгенін мәлімдеген.

49 жастағы Біртанов маусым айының соңында, елде коронавирус індеті ушығып тұрған сәтте отставкаға кетті. Оның алдында оның коронавирус ауруына шалдыққаны хабарланған болатын. Экс-министр отставкаға кетуін аурудан толық емделу қажеттігімен түсіндірді. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілдедегі мәлімдемесінде денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын қатаң сынға алған.

Президент коронавирус пен ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония ауруының өршуін Біртанов басқарған мекеменің жүйелі қателігінен болды деп, сол қателіктерді тексеру бойынша арнайы комиссия құруды тапсырды.

Ізінше денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев "қаражатты ысырап ету" бабы бойынша күдікке ілініп, ұсталды. Ақпарат бойынша, тергеу органдары шенеунікті "ақпараттық жүйе құруға бөлінген 500 миллион теңгеден астам қаражатты ысырап қалды" деп айыптап отыр.

Жақында Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Болатбек Қайыповтың да "парақорлық" бабымен ұсталып, 2 айға қамалғаны белгілі болды.

Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрлігін шамамен 3 жылға жуық уақыт басқарған. Оның алдында екі жыл осы мекемеде вице-министр болып жұмыс істеді. Біртанов денсаулық сақтау вице-министрі қызметін 2008-2010 жылдары да атқарған. Одан кейін квази-мемлекеттік секторда жетекшілік қызметте болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG