Accessibility links

Қазақстанда бір күнде 500-ге жуық адамға коронавирус жұққаны анықталды


Қала тұрғынына ПТР-тест анықтамасын беріп тұрған медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Қала тұрғынына ПТР-тест анықтамасын беріп тұрған медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

4 қарашада Қазақстанда 494 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. Бір күнде 246 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 5 қараша таңертең таратқан хабарламасында осылай деп жазылған.

Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (222) тіркелген. Павлодар облысында - 50, Нұр-Сұлтан қаласында - 35, Солтүстік Қазақстан облысында - 32, Ақмола облысында - 29, Алматы қаласында 25 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қызылорда, Маңғыстау облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.

Қазақстанда наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталғандар саны 114 235 адамға жетті. 107 мыңнан астамы жазылған. Наурыз айынан бері кемінде 1867 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам өлімі енгізілмеген.

Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы дерегі де қосылмай отыр. Диагнозы тек ауру белгілері бойынша қойылатын коронавирус пневмониясы 38 мыңнан астам адамнан анықталған, 405 адам қайтыс болған. Үкімет коронавирус пневмониясы дерегінің аймақ бойынша бөлінісін жүйелі түрде жарияламайды.

Джонс Хопкинс университеті секілді көптеген әлемдік ұйымдар мен дереккөздер Қазақстанның дерегін ПТР тестімен расталған науқастарға ғана сүйеніп беріп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан билігі біріктірмеген екі деректі қосып жариялап жүр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққанда 114 235 емес - 152 516 болады.

Қазақстанның бірқатар облыстарында шектеу шаралары күшейді. 9 қарашадан бастап Солтүстік Қазақстан облысы, Көкшетау қалаларында блокбекеттер қойылып, аумаққа кіріп шығу шектеледі. Қазір Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары аумағына кіріп-шығу үшін жолаушылар қолында ПТР-тест нәтижесі болуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG