Accessibility links

Өзбекстан ІІМ Гүлнара Каримованың денсаулығына байланысты түсініктеме берді


Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызы Гүлнара Каримова.
Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызы Гүлнара Каримова.

Өзбекстан ішкі істер министрлігінің өкілі елдің бұрынғы президенті марқұм Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың денсаулығына байланысты түсініктеме берді. Осыған дейін Ташкент түбіндегі әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан Каримованың денсаулығы нашарлап бара жатқаны туралы хабар тараған еді. Министрлік өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Гүлнара Каримова Зангиоттағы ерекше режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр. Оның денсаулығы нашарлады деген сыбыс негізсіз" деді ішкі істер министрлігінің өкілі Умида Абдуллаева 12 қараша күнгі жиында.

Абдуллаеваның сөзіне қарағанда, Гүлнара Каримованың денсаулығы жайлы "толық ақпарат" жақын арада ақпарат құралдарына таратылады.

Қазан айында Гүлнара Каримованың қызы Иман Каримова Instagram парақшасында түрмедегі анасының халі нашарлап кеткенін жазған. Ол анасынан екіжақты пневмония анықталғанын хабарлап, колонияның қажетті дәрежеде медициналық көмек бермей жатқанына шағымданған.

"Соңғы бірнеше күнде Гүлнара Каримованың денсаулығы нашарлап кетті. Өкпе ауруы ушыққандықтан қазір санитарлық бөлімде жатыр. Оған медициналық көмек көрсетпейді, коронавирус тестінен өтуге рұқсат бермейді, емдеу үшін дәрі-дәрмек, аппараттар беруге де тыйым салынған" деп жазды Иман Каримова.

Бейсенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде бұрынғы президенттің қызының жағдайына тоқталған сенат төрағасы Танзила Нарбаева "Қазір гендерлік теңдік жайлы айтып отырмыз. Әйел бола ма, ер адам бола ма қылмыс жасағандардың барлығы заң алдында жауап беруі тиіс" деді.

48 жастағы Гүлнара Каримова "мемлекет мүлкін жымқырды", "салық төлеуден жалтарды" және өзге де қаржылық қылмыстар жасады деп айыпталып, ұзақ жылдарға сотталған. Соңғы рет Каримоваға үкім 2020 жылы 18 наурызда шыққан. Ол кезде қылмыстық істер жөніндегі Ташкент қалалық соты Каримованы 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды.

Тергеу органдарының мәліметінше, Каримова 51,1 млрд сом (шамамен 5 млн АҚШ доллары) активі бар ұйымдасқан қылмыстық топты 12 жыл басқарған.

Каримова 2019 жылдың наурыз айынан бері Ташкент түбіндегі Зангиат колониясында жазасын өтеп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG