Accessibility links

Алматыда билік рұқсат берген митинг өтті. Талап – несиені кешіру, сайлауға бойкот


"Демпартияның" Алматыдағы митингі қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:03 0:00

"Демпартияның" Алматыдағы митингі қалай өтті?

Бүгін, 14 қараша күні Алматы қаласында Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында митинг өтті. Митингіге Демократиялық партия құруға талпынып жүрген саясаткер Жанболат Мамай мен Украинада тұратын журналист, Youtube желісіндегі "Бәсе" каналының авторы Айдос Садықов шақырды. Ұйымдастырушылар несиенің кешірілуін, жердің сатылмауын, саяси тұтқындардың босатылуын талап етіп, 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауына бойкот жариялауға шақырды.

Митинг алдында оппозициялық "ДАТ" газетінің жетекшісі Ермұрат Бапидің ұсталғаны белгілі болды. Сонымен қатар Алматыдағы митингіге қатысамын деген Жаңаөзен тұрғындарының қаладан шығуына да тосқауыл қойылған.

Азаттық тілшісі митинг басталар сәтте жүздеген адамның жиналғанын хабарлады. Біразы саяси тұтқындардың суретін көтеріп шыққан.

Сағат 12.00 уақытына белгіленген митингіні Жанболат Мамай бастап, биліктің құрбаны болды деген азаматтардың атын атады.

- Кеше, 12 қараша күні осыдан 15 жыл бұрын мына биліктің қолынан белгілі, көрнекті қоғам қайраткері, мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділов қаза тапты. "Өз-өзіне үш рет оқ атты" дейді. Өтірік қой, оған кім сенеді. Ол - биліктің қолынан қаза тапқан адам. Одан кейін үш ай өтпей жатып белгілі, көрнекті қоғам қайраткері, мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев пен оның серіктері қаза тапты. Одан кейін 2011 жылы Жаңаөзен қырғыны болды. Полиция қызметкерлері автоматпен, пистолетпен бейбіт мұнайшыларды оқ атып қырып салды деп айтуға болады. Одан кейін сол сотта шындықты айтқаны үшін жас жігіт Александр Боженко қайтыс болды. Пышақтап кетті көшеде. Ол да - биліктің құрбаны. Одан кейін былтыр астананың түрмесінде Дулат Ағаділ қайтыс болды. Ол далада не үйде қайтыс болған жоқ, түрмеде, полиция жауапты мемлекеттік мекемеде қайтыс болды. Яғни оның өліміне де билік кінәлі, - деді Мамай.

Жанболат Мамай түрмеде қайтыс болған белсенді марқұм Дулат Ағаділдің бірнеше күн бұрын қаза тапқан ұлы Жанболат Ағаділге тоқталып, әділ тергеуді талап етті. Осыдан кейін ол билік құрбаны деген азаматтардың құрметіне бір минуттық үнсіздік жариялады.

Үнсіздіктен кейін сөзін жалғастырған Мамай: "Біздің қойып отырған талаптарымыз анық. Бізге "Сендер Қырғызстандағыдай жасағыларың келе ме?", "Сендер Беларусьтегідей жасағыларың келе ме?" дейді. Егер Қазақстанда саяси реформалар болмаса, егер біздің азаматтарымызды осылай үйінен шыққан кезде полиция тұтқындап, не болмаса полиция учаскесіне барып, өлтіріп тастап жатса, біз алаңға шықпағанда қайтеміз? Біздің сөзімізді парламент естігісі келмесе, үкімет естігісі келмесе, митингтерге шығарғысы келмесе, біз онда жаппай алаңға шығуымыз керек. Басқа амал жоқ" деді.

Осыдан кейін ол митинг талаптарын кеңірек тарқатып, сөзді азаматтық белсенді Рысбек Тоқтасынға берді.

– Өздеріңіз 30 жыл бойы көріп келе жатсыздар. Бір ғана Назарбаевтың билігі міне бізді осы күнге жеткізді. Міне 10 қаңтар күні тағы сондай алдамшы сайлау болайын деп отыр. Біз бұл сайлауға бармаймыз. Себебі бізге жылына 92 миллион теңге шығын келтіретін, ұйықтап отыратын депутат бізге керек емес. Бізге парламентте жұмыс істейтін жастар керек. Біз алдағы бес жылда тағы сондай ұйықтап отыратын қарттарды көргіміз келмейді. Сол үшін біз бүгін саяси реформа жасауды талап етеміз. Саяси партиялар тіркелсін, сайлау туралы заңға өзгерістер енгізсін, біз соны талап етеміз. Билік 30 жыл бойы елдің бар байлығын ұрлап, тонап келді. Бір ғана Назарбаевтың отбасы, соның айналасындағы олигархтар ғана байып келді. Қалған қазақ кедейшілікте өмір сүріп жатыр, – деді Тоқтасын.

Журналист Гүлжан Ерғалиева осыған дейінгі сайлаулардың әділ өтпеуін атап өтті.

– Билік Қосановтардың көмегімен бүкіл елді алдап келді. 25 жыл бойында Қазақстанда бірде-бір таза, адал сайлау болған жоқ. Оппозицияға берілген дауысты ұрлап, демократияны әбден аяққа таптады. Ондай билікке ешқандай сенім жоқ. Енді не істейміз? Біріншіден, елдің бірлігі керек. Екіншіден, осы саяси заңдарды ауыстыру керек. Егер билік осыған көнбесе, алда болатын сайлауды ескіше өткізсе, сонда халық осындай өтірік сайлауға бойкот жариялауы тиіс, – деді ол.

Қоғам қайраткері, қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың ағасы Рысбек Сәрсенбай: "Біз кеше ғана Жанболат Ағаділді соңғы сапарына шығарып салдық. Жап-жас бала. Он екіде бір гүлі ашылмаған. Менің немеремнің қатары. Мынау Назарбаев қайраткерлерді қазаға ұшыратқаны аз ба еді? Одан кейін балаларындай жастарды өлім құштырғаны аз ба еді? Енді немересіне қол салды. Дәл Назарбаев істеді деп айтатын әңгіме емес. Бірақ соның құрған жүйесі, соның билігін сақтаудың қарекеті осындайға жеткізді" деді.

Осыдан кейін митингіге келген азаматтар бірінен кейін бірі сөз сөйледі. Соңында Жанболат Мамай жиынның қарарын оқып, 16 желтоқсан күні 2011 жылғы "Жаңаөзен" және 1986 жылғы "Желтоқсан" оқиғаларының құрбандарын еске алу үшін тағы да митингі өткізетінін мәлімдеді.

  • 2021 жылы жерді шетелдіктерге ұзақ жылға жалға беруге мүмкіндік беретін заң өзгерістеріне салынған мораторийдің мерзімі бітеді. Мораторий 2016 жылы Қазақстанның бірнеше қаласында қарсылық акциялары өткеннен кейін салынды. Биыл 10 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жердің шетелдіктерге сатылмайтынын мәлімдеді. Бірақ биыл өткен қарсылық акцияларының қатысушылары жерді шетел азаматтарына беруге тыйым салатын құқықтық механизмді көрмей тұрғанын айтқан.
  • Белсенділер несиенің кешірілуін коронавирус пандемиясы мен соған байланысты енгізілген карантин салдарынан туындаған экономикалық жағдайға байланысты талап етіп отыр. Олардың айтуынша, осының салдарынан халықтың тұрмысы төмендеген.
  • Қазақстанда парламент сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген. Кей сарапшылардың сөзінше, сайлаудың нәтижесі алдын ала шешіліп қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG