Баку Арменияға Кельбаджар ауданынан әскері мен тұрғындарын әкетуге көбірек уақыт беріп, уағдаласқан мерзімді 25 қарашаға дейін созды. Бұл ақпаратты Әзербайжан президентінің көмекшісі, президент әкімшілігінің сыртқы саясат жөніндегі бөлім жетекшісі Хикмет Гаджиев хабарлады. Әзербайжан, Армения және Ресей басшылары қол қойған келісімге сәйкес, армян тарабы аумақтан 15 қарашаға дейін кетуі тиіс болғанмен үлгере алмаған.
Гаджиевтің сөзіне қарағанда, армян билігі әскерді әкету мерзімін ұзарту туралы өтінішті Бакуға Ресей арқылы жеткізген. Баку өтінішті орындаған. Кельбаджар ауданы мен Арменияны жалғайтын жалғыз жол арқылы бар әскер мен тұрғындарды әкетудің оңай еместігін әзербайжан жағы да мойындаған.
Әзербайжан қорғаныс министрлігінің өкілі Гусейн Махмудовтың айтуынша, армян жағы тұрғындарды әкеткеннен кейін бұл аумақта әсербайжан әскері орналастырылады. Оның сөзіне қарағанда армян тұрғындары аумақтан қарсыласпай кетіп жатыр.
"Ешқандай арандату әрекеті болмайды деп ойлаймын" деді ол.
Махмудов әзербайжан әскерінің Кельбаджар ауданынан тұрғындарды көшіру процесіне араласпай отырғанын да атап өтті.
Жексенбі, 15 қарашада Ресей қорғаныс министрлігінің ұлттық орталық басқармасы Таулы Қарабаққа қайтатын босқындар мінген 19 автобусты Лачин дәлізі арқылы аумаққа жеткізуге атсалысып жатқанын хабарлады. Таулы Қарабақтағы соғысқа байланысты сол жақтан кетуге мәжбүр болған босқындарды қайтару - Таулы Қарабақта орналасқан ресейлік гуманитарлық орталық міндеттерінің бірі. Орталық 14 қарашадан бастап жұмыс істей бастаған.
ПІКІРЛЕР