Қырғызстанда биыл алғашқы 9 айда былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда пневмониядан қайтыс болғандар 2,5 есеге көбейген. Бұл ақпаратты Қырғызстан ұлттық статистика комитетінің мәліметіне сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 26 мың адам пневмонияға шалдыққан, былтыр бұл көрсеткіш 24 мыңды құраған.
Ведомство мәліметінше, былтыр алғашқы 9 айда пневмониядан 444 адам қайтыс болса (тыныс алу органдары ауруынан қайтыс болғандар санының шамамен 33 пайызы), биыл осы аралықта 1 112 адам (54 %) көз жұмған.
"Былтыр қаңтар мен қыркүйек аралығында пневмониядан қайтыс болғандар 100 мың тұрғынға шаққанда 9 адамнан келсе, биыл - 23 адамнан келіп отыр яғни, 2,5 есе көп" деді ведомство өкілдері.
Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар күрт көбейген кезде пневмонияға шалдыққандар да артты. 2020 жылы шілде айында үкімет коронавирус пневмониясын - Covid деп танып, коронавирус пен коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар есебін біріктірген. Қазақстан билігі екі статистиканы біріктіруге уәде бергенмен орындамады.
Соңғы мәлімет бойынша, Қырғызстанда өткен тәулікте коронавирус пневмониясына шалдыққандарды қосқанда 486 науқас тіркелген. Коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 67 469 адамға жетті.
Өткен тәулікте коронавирустан 4 адам қайтыс болды. Эпидемия басталғалы бері коронавирус 1 207 адамның өліміне себепші болған. Бір күнде 15 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. Штаб мәліметінше, вирус жұқтырған екі медицина қызметкері коронавирус жұқтырғандарды емдеген.
Эпидемия кезінде жалпы 3 750 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан, 3 505-і жазылған.
ПІКІРЛЕР