Кейінгі күндері интернетте сотталушы Жанияр Жармахановтың аузы мен көзі тігілген видеосы тарап, ол видеожазбада өзінің жеке дерегі мен Жезқазғандағы АК-159/25 түрмесін атайды. Жармаханов бұл видеоны "өлім алдындағы сөзім", ал түрмені "жезқазғандық Гуантанамо" деп атайды.
Жазасын өтеуші түрмеде азаптау барын айтып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен басқа да шенеуніктерден көмек сұрайды.
"Бұл түрмеде түрлі бассыздықтар мен азаптау болып жатыр. Біреу өз-өзін тіліп, бірі асылып, өзіне зақым келтірді. Себебі түрмеде азаптау бар. Бұл – менің өлім алдындағы сөзім. Президент мырза, прокурор мырза, министрлер, түсініңіздерші, көмектесіңіздер. Біздің басқа амалымыз қалмады. Оларды көрмес үшін, сөйлеспес үшін өзімізді тігуге тура келді. Егер бізге бірдеңе болса түрме басшысын, оның орынбасарын, режим бөлімінің басшысын, оперативті бөлімнің басшысын айыптаңыздар" дейді ол видеода.
Азаттық тілшісі Қарағанды облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментіне хабарласып, мән-жайды білмек болған. Департаменттегілер кейін жауап беретінін айтты.
Жезқазғандағы АК-159/25 түрме ІІМ қылмыстық атқару комитетіне қарайды. Әзірге Қазақстан қылмыстық атқару комитеті де бұл видеоға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Комитеттің баспасөз қызметі Азаттық тілшісінің сұрағына жауап бермеді және видеодағы ақпаратты жоққа да шығармады.
Азаттық тілшісі Жезқазғанда сотталғандардың мәселесін көтеріп жүрген құқық қорғаушы Нелли Чуйкина хабарласты. Ол түрмеге кіріп, сотталғандардың жағдайын білуге тырысатынын айтты. Чуйкинаның сөзінше, бұл аралас түрмеде жазасы орташа және жазасы ауыр адамдар да отыр. Мұнда көбіне режим бұзғандарды әкеледі. Оның сөзінше, бұған дейін де сотталғандар мен олардың туыстары осы түрмедегі қысымға шағымданған.
- Түрмедегі жағдай қиын. Сотталғандар жабық ғимаратта отырады, серуендейтін шағын алаңға ғана шығады. Терезеге жолауға болмайды, себебі тормен қоршалған. Камералары тар, жарық түспейді, жерге жақын ағашта жатады. Мұның бәрі психология жағынан және моральдық жағынан қиын. Сондықтан ондағы адамдар да "қиын". Зоналарда жұмысқа, асханаға сап түзеп барса, бұл түрмеде тамақты камераға әкеледі. Егер сотталғандарға іс тауып берсе, шағым да аз болмақ. Биылға дейін ол түрмеде ұзақ кездесуге де рұқсат етілмеген. Биыл Адам құқығы бюросының арқасында ұзақ кездесуге қол жеткіздік. Бірақ басқа мәселелер бар. Мысалы, сотталғандарға туыстары зат бере алмайды, - дейді ол.
Қазақстанда түрмедегі және полициядағы азаптау мен қысымға шағым жиі болады. АҚШ мемлекеттік департаментінің былтыр наурызда жариялаған есебінде Қазақстан түрмелеріндегі жағдай қиын екені, сотталғандарға дұрыс қарамайтыны жазылған. Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған резолюциясында Қазақстанда "сотталғандар мен күдіктілерді азаптағандар жазасыз қалу қалыпты жағдайға айналғанын" жазған.
ПІКІРЛЕР