25 қарашада Нұр-Сұлтанда өткен "Нұр Отан" партиясының сайлау алды съезінде "АҚШ сайлауда ЕҚЫҰ бақылаушыларын мүлде жібермеді. Демократтар республикашылар бақылаушыларын өткізбеді. Егер бізді сынаса, өздерінде неге осындай былық болып жатыр. Екітүрлі стандарт бар. Бір ай бойы Беларусьте [сайлаудан кейін] шулады, Болгарияда да сондай жағдай болды. Бірақ біз ол туралы естімедік. Сондықтан мемлекет ретінде біз де басқаларды тәрбиелей аламыз..." деді.
Азаттық Назарбаевтың (президенттіктен кетсе де "Нұр Отан" төрағасы ретінде билікке әсер етіп отыр) бұл сөздеріне фактчек жасады.
Назарбаев "Нұр Отан" жиынында "АҚШ сайлауда ЕҚЫҰ бақылаушыларын мүлде жібермеді" деп мәлімдеді.
Үкім: Жалған.
АҚШ-тағы кейбір штаттарда пандемияға байланысты халықаралық бақылаушылардың сайлау бөлімшесіне келуіне шектеу қойылғанымен, Вашингтон сайлауға ЕҚЫҰ бақылаушыларын "мүлде" жібермей қойған жоқ.
АҚШ-тағы сайлау
АҚШ-тағы 3 қарашада өткен сайлауда демократ Джо Байден жеңіске жетті деп жарияланды. Байден сайлау алқасының 306 дауысын, республикалықтар атынан түскен Дональд Трамп 232 дауыс алды. Сайлау ережесіне сай, сайлаушылар алқасының 270 дауысын алған кандидат жеңімпаз деп танылады. Байденнің инаугурациясы 20 қаңтарда өтеді.
ЕҚЫҰ-ның ресми сайтында "ұйым АҚШ-тағы сайлауды бақылау миссиясы үшін 39 елден 102 бақылаушы, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросынан 50 сарапшы мен бақылаушы, ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясынан 52 мүшесі мен қызметкері барғаны" жазылған. The Guardian басылымының мәліметінше, 39 елден барған 102 бақылаушы барлық дауыс саналып біткенше АҚШ-та қалады.
ЕҚЫҰ АҚШ-тағы сайлаудан кейін жариялаған алдын ала есебінде 3 қарашадағы сайлау құқықтық және логистикалық мәселелерге қарамастан бәсекеге толы болды деп мәлімдеді. ЕҚЫҰ бұл есебінде коронавирус пандемиясына байланысты бірнеше сайлау бөлімшесінде бақылаушылардың саны шектелгені, кем дегенде 18 штатта халықаралық бақылаушылардың бақылауына құқықтық шектеу қойылғанын жазды.
ЕҚЫҰ Қазақстанда өткен президент және парламент сайлауын мойындамаған. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы сайлауларды "халықаралық стандарттарға сай емес" деген. Ал Нұр-Сұлтан елдегі сайлауларды әділ өтті деп санайды.
Назарбаев "[АҚШ-тағы сайлауда] демократтар республикашылардың бақылаушыларын кіргізбеді" деді.
Үкім: Жалған
Қазақстанның экс-президенті бұл сөзді қайдан алғанын ашып айтпады. Мұндай сарындағы сөзді Дональд Трамп пен жақтастары да айтқан. Мәселенің мән-жайын түсіндірейік.
4 қарашада Детройттағы TCF көрме орталығында дауыс санаушылар бюллетень санап жатқанда партиялық ондаған бақылаушылар дауыс санау аймағына кіргізуді талап етті. Олар есік, терезелерді қағып, сайлау комиссиясынан өздерін кіргізуді, кіргізбесе дауыс санауды тоқтатуды талап етті. Сол күні Facebook желісінде республикашылдарды сайлау процесін бақылауға кіргізбеді деген сыңайдағы постар шықты. Сондай бір поста "Демократтар бізді Детройтдағы TCF орталығындағы дауыс санауға жібермей жатыр" деп жазылған. Facebook мұндай жазбаларға "жалған ақпаратпен күрес" белгісін қойды.
5 қарашада Дональд Тамптың өзі "біздің бақылаушылардың Детройттағы дауыс санауға жібермей қойды" деген еді. Трамп осы сөзді айтқан сәтте әлемдегі бірнеше БАҚ трансляцияны дезинформация деп үзіп тастады.
Сайлау комиссиясы және Detroit Free Press басылымы TCF орталығында дауыс санау кезінде 570 бақылаушы (оның 227-сі республикашы) болғанын, бақылаушылар саны рұқсат етілген лимиттен асып кеткендіктен басқа бақылаушылар орталыққа жіберілмегенін хабарлады. Залға кіргізілмеген бақылаушылардың арасында республикашылар да, демократтар да бар.
АҚШ-тағы Poynter Institute зерттеу орталығының деректерді тексеретін PolitiFact сайты Facebook желісіне шыққан "демократтар республикашылдарды сайлауды бақылауға жібермеді" деген жазбаларын, Трамптың "біздің бақылаушылардың Детройттағы дауыс санауға жібермей қойды" деген сөзіне жалған деген үкім шығарды.
Назарбаев "Бір ай бойы Беларусьте [сайлаудан кейін] шулады, Болгарияда да сондай жағдай болды. Бірақ біз ол туралы естімедік" деді.
Үкім: Жалған
Қазақстанның экс-президенті бұл жерде нені меңзегені анық емес. Бірақ Беларусьтегі сайлаудан кейінгі наразылық және Болгариядағы билікке қарсы наразылық биыл әлемдегі ірі оқиғалардың біріне айналды. Екі елдегі наразылық жайлы ВВС, Al-Jazeera, RFE/RL, Reuters, AFP, Euronews, AP сынды әлемдік медиалар ақпарат таратты. Бұл халықаралық ақпарат құралдары Қазақстандағы 2019 жылы маусымда кезектен тыс сайлау кезіндегі билікке қарсы наразылық жайлы жазған.
Беларусьте 9 тамыздағы сайлауда елді 26 жылдай басқарған Александр Лукашенко жеңімпаз деп жарияланған соң елде жаппай наразылық басталып, әлі жалғасып жатыр. Жұрт дауысымыз ұрланды деп Лукашенконың жеңісіне сенбейді. Қыркүйекте Минскіде өткен наразылықтардың біріне 200 мыңнан аса адам қатысты.
Халық Лукашенконың биліктен кетуін талап етеді. Сайлауда оның басты қарсыласы болған Светлана Тихановская Литваға кетуге мәжбүр болған. Беларусь полициясы наразылыққа шыққандарды ұрып, қинап, қамап жатыр. Беларусьтегі бұл оқиға әлемдік ақпарат құралдарының негізгі тақырыбына айналды.
Болгарияда 9 шілдеде басталған билікке қарсы наразылық та әлі жалғасып жатыр. Наразылар 2009 жылдан бері үкіметті басқарып отырған премьер Бойко Борисовтың отставкасын талап етеді. Жұрт елдегі жемқорлық белең алғанына да қарсы. Борисов "мафия мені биліктен тайдырғысы келеді" деп биліктен кетпей отыр. Оның биліктегі жақтастары наразылыққа шыққан жұртты "маймылдар", "тобыр" деп атады.
ПІКІРЛЕР