Accessibility links

ЖСДП сайлауға бойкот жариялады


Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның кезектен тыс съезі. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2020 жыл.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның кезектен тыс съезі. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2020 жыл.

Өзін елдегі жалғыз "оппозициялық партия" деп атайтын жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 10 қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауына бойкот жариялады. 27 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен партияның съезінде Рахымжанов елде сайлау туралы жаңа заң қабылдағанмен жағдай өзгермегенін айтып, сайлауға қатысудан бас тарту туралы ұсыныс жасады. Ұсынысты 32 мүшесі қолдап, үшеуі қарсы шықты, бесеуі қалыс қалды.

ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2020 жыл.
ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2020 жыл.

"Сол баяғы ереже, сол баяғы жағдай, сол баяғы саяси партиялар... Осыған орай келе жатқан сайлауға бойкот жариялауды ұсынамын" деді Асхат Рахымжанов.

Саяси ұйым басшысы сайлау процесін бақылаудан да бас тарту қажеттігін айтты. Ол өз сөзінде қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың жақындағы "ЖСДП-ны қолдау жайлы" мәлімдемесін сынап, оны "арандату әрекеті" деп атады.

Әблязов осыған дейін жақтастарын, өзі құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдаушыларды сайлауға барып ЖСДП-ға дауыс беруге шақырған. Нұр-Сұлтан ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

ЖСДП съезінде Рахымжанов Әблязовтың атын атамай, оны "шетелдегі псевдодемократ, популист" деп сипаттаған саясаткер партияның "экстремистік ұйым деп танылып, мемлекеттік тіркеуден айырылуына жол беруге болмайды" деді.

Одан кейін сөйлеген партия төрағасының орынбасары Талғат Әлиев те бойкотты қолдады.

Ал президиум мүшесі, экономист Айдар Әлібаев бойкотқа іштей қарсы екенін айтса да, ұжым мүшесі ретінде съезд шешімін қолдайтынын жеткізді. "Кез келген партияның ақырғы мақсаты - билікке қол жеткізу. Бірақ қазір елде билікті сайлау механизмі жұмыс істемейді. Осы жағдайды ескере отырып, маған дейін сөйлеген әріптестерімнің сөзін ескере отырып, съездің ортақ шешімін қабылдаймын" деді.

Асхат Рахымжанов бойкот жариялау туралы ортақ шешім қабылданғаннан кейін "бұл ауыр шешім, бірақ уақыт оның дұрыс екенін көрсетеді" деді. Партия өкілдері сайлауды бақылау бойынша кейінірек шешім қабылданатынын айтты.

Съезде партияның 2007, 2012 және 2016 жылдары да сайлауға қатысып, одан нәтиже шықпағаны айтылды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 2006 жылы құрылған, 2007 жылы ресми тіркеуден өткен. 2016 жылы парламент сайлауына қатысқан ЖСДП ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 1,18 пайыз дауысын алып, мәжіліске өтпей қалған.

Сыншылар "тіркелгеніне көп жыл болса да, белсенділігі төмен" партияны биліктен басқарылады деп санайды. Партия өкілдері мұны жоққа шығарады. Былтыр қыркүйек айында партияға басшы болып келгеніне небәрі бірнеше ай болған Ермұрат Бапи орнынан алынып, партия құрамынан шығарылған еді. Сол кезде кейбір сарапшылар "Бапи партияның жұмысын жандандыруға әрекеттенді, бұл билікке жақпады" деп айтқан.

Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйесі демократия ережелеріне сай емесін айтып жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Елде мәжіліске кандидаттар ұсыну кезеңі 10 қарашада басталып, 30 қарашаға дейін созылады. Ал мәслихатқа үміткер ұсыну кезеңі 4 желтоқсанда аяқталады.

Қарай отырыңыз: Әблязов "Нұр Отанды" жеңу үшін ЖСДП-ға дауыс беруге шақырады. ЖСДП не істейді? (18 қараша 2020 жыл).

Әблязов "Нұр Отанды" жеңу үшін ЖСДП-ға дауыс беруге шақырады. ЖСДП не істейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:58 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG