Accessibility links

Татарстан парламентінде мектептерде татар тілі жойылып бара жатқаны айтылды


Татар тілі оқулығы. Көрнекі сурет
Татар тілі оқулығы. Көрнекі сурет

Татарстан парламенті – мемлекеттік кеңесте мектептерде татар тілін оқытудың азайып бара жатқаны туралы айтылды. "Татар тілі мүлде қолданылмай кеткен мектептер бар" деді "Единая Россия" депутаты, жергілікті ТНВ телекомпаниясының басшысы Ильшат Аминов.

"Неге бұлай болып жатыр? Бұған қалай әсер ете аламыз?" деп сұрады ол Татарстан білім министрі Ильсур Хадиуллиннен.

Министр бұл ақпаратты тексеруге уәде берді. Оның айтуынша, ата-ана орыс я татар тілінің бірін өз еркімен таңдайды. "Тілді оқығы келетін бала болса, өтініш жазуы керек" деді Хадиуллин.

Оның айтуынша, әр ұлттың ана тілі "федералдық компонент" аясында оқытылады. "Біз тілді оқытпаймыз деп ешкім айта алмайды. Орыс, татар, чуваш, марий тілдерінің бірін таңдауға қақыңыз бар" деді Татарстан білім министрі.

Татарстанда мемлекеттік тіл болғанына қарамастан, татар тілі 2017 жылдан бері мектептерде тек ерікті түрде оқытылады.

Ресей президенті Владимир Путин 2017 жылы шілдеде Йошкар-Олада өткен ұлтаралық қарым-қатынас мәселесі жөніндегі кеңесте "бөтен тілді міндеттеп оқытуға болмайтынын" және "орыс тілін оқыту деңгейін төмендетуге" жол берілмейтінін айтқан, содан соң білім туралы заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Сол отырыста Путин бас прокуратураға Ресейдің ұлттық субъектілерінде ұлттық тілдердің ерікті түрде оқытылып жатқанын тексеруге тапсырма берген.

Татарстан мемлекеттік кеңесінде басында бұған қарсы шыққан, кейіннен мемлекеттік тіл – татар тілін тек өз еркімен оқуға мүмкіндік беретін ережені бір ауыздан қолдап дауыс берді.

Татарстан – Ресей Федерациясының құрамындағы республика. Елдің конституциясы бойынша, орыс және татар тілдері мемлекеттік тіл болып саналады. 1990 жылдардан бері мектептерде екі тіл қатар оқытылып келген. Путиннің мәлімдемесінен соң аймақтың қадағалаушы органдары мектептерге татар тілін міндетті пәндер қатарынан алып тастап, факультативтік сабақ қатарына қосу жөнінде нұсқау берді.

Татарстанда 3 млн 800 мыңдай адам тұрады, соның жартысынан астамы - татарлар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG