Accessibility links

Минскіде жексенбі күнгі митингіде 350-ден аса адам ұсталды


Милиция қызметкерлері шеруге қатысқан ер адамды қуып жүр. Минск, 22 қараша 2020 жыл.
Милиция қызметкерлері шеруге қатысқан ер адамды қуып жүр. Минск, 22 қараша 2020 жыл.

29 қарашада Беларусь астанасы Минск мен елдің өзге қалаларында Александр Лукашенко режиміне қарсы тағы да наразылық акциясы өтті.

"Весна" құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Минскіде милиция 350-ден астам адамды ұстады. Қалалық ішкі істер басқармасы демонстранттардың көшеге "мазмұны заңға қайшы плакат пен оппозиция туын ұстап шығып", жол қозғалысына кедергі келтіргенін алға тартқан.

Жексенбі күні таңертең Минскіде билік қала орталығындағы оннан астам метро станциясын жауып, мобильді интернетті өшірді. Азаттықтың Беларусь қызметінің хабарлауынша, арнайы жасақ демонстранттарға көзден жас ағызатын газ және құлақ тұндыратын граната лақтырған. Зардап шеккендер бар. Әлеуметтік желіде жарияланған видеолардың бірінде милицияның есінен танып қалған адамды сүйреп бара жатқаны көрінеді.

Акцияға нақты қанша адамның қатысқаны белгісіз, себебі полицейлер оларға қала орталығында бір жерде жиналуға мүмкіндік бермеді. Бұған қоса, белсенділердің өздері де көп адам ұсталмас үшін тұрғындарға бір жерде жиналмауға кеңес берген.

Осыған дейін үкімет мүшелері, президент әкімшілігі қызметкерлері және арнайы қызмет өкілдері қатысқан үкімет отырысында Александр Лукашенко Минскіде "тәртіп" орнатып, "наразылық акцияларын біржолата тыюды" тапсырған.

Минск мен елдің өзге қалаларында наразылық акциясы 9 тамыздан бері жалғасып жатыр. Орталық сайлау комиссиясы Лукашенконы сайлаудың жеңімпазы деп атағаннан кейін тұрғындар көшеге шығып, президент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен. Бұған қоса, демонстранттарға күш қолдануға да қарсы шыққан. Батыс елдері Лукашенконың жеңісін мойындамайды.

Наразылықты күшпен басу кезінде кемінде 5 адам қаза болған, 6 адам із-түзсіз жоғалған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, шамамен 30 мың адам қудаланып, қоқан-лоқыға ұшыраған.

Өткен аптада Еуропарламент Беларусьтегі бейбіт шеруді күшпен басуды айыптап, депутаттар Еурокомиссияны Беларусьтегі тәуелсіз БАҚ-қа көбірек қолдау көрсетуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG