Accessibility links

Қазақстан халықаралық соттарға жылына 11-12 млрд жұмсайды


Анатол Стати.
Анатол Стати.

Қазақстан әділет министрі Марат Бекетаев Азаттықтың Қазақстан халықаралық соттарға қанша қаржы жұмсайды деген сауалына жауап берді.

- Шамамен 12-13 миллиард теңге (31 млн доллар шамасында) жұмсайтыны есімде. Келісім шарттардың көбі доллар я еурода, себебі кеңесшілердің көбі доллар не еуромен есептесетін компанияларда жұмыс істейді, - деді Бекетаев.

Министр Қазақстанды сотқа берген молдовалық бизнесмендер Анатол және Габриэль Стати ісіне қанша қаржы жұмсағанын ашып айтпады. Бекетаев Қазақстан "кеңесшілермен келісім құпиясын сақтау туралы" сөз байласқанын, бірақ сот шығындарының да "лимиті барын" айтты.

- Шағым сомасының он пайыздан аз қаржысын заңгер алса тиімді болмақ. Мысалы, 100 миллион доллар өтеу туралы шағым түссе, ал заңгердің ақысы 10 миллион доллар болса шығын болып есептелмек. Ал шығын он пайыздан аз болса келісім тиімді болды деген сөз. Әділет министрлігі қойылған лимиттен аспайды, - деді Бекетаев.

Стати Қазақстаннан төрт миллиард доллар талап еткен. Тілші министрден осы талаптың он пайызы заңгер шығыны деп есептеуге бола ма деп сұрады. Бекетаев бұл сауалға "солай" деген ишарамен жауап берді.

2017 жылы желтоқсанда Bank of New York Mellon Қазақстанның ұлттық қорының 22 миллиард долларын бұғаттаған. 2018 жылы маусымда әділет министрлігі 21 миллиард долларды бұғаттан босатып алғанын мәлімдеген. Қазірге дейін Атырау облысындағы мұнай кеніші KMG Kashagan B.V. компаниясының 5,2 миллиард доллар акциясы әлі бұғатта жатыр.

Анатол Стати шығарылған шешім KMG Kashagan B.V компаниясының бұғатталған акциясын сатуға мәжбүрлейді деген. Ал министр Бекетаевтың сөзінше, Стати Қазақстанға тиесілі компанияны сата алмайды, себебі биыл желтоқсан басында Нидерланд сотында акцияны бұғаттау қаншалықты заңды болғаны қаралады.

- Бұл процесс енді ғана басталды. Болжауымызша, процесс 2-3 жылға созылады. Бұл істе Қазақстанның позициясы өте мықты деп ойлаймын... Бұл процесте біз жеңетінімізге сенімдімін. Стати бұл процесте неден үміттенеді? Бұл істі шулатып, қысыммен қандай да бір қаржы алып қалам ба деп үміттенер. Олай болмайды, бұған сенімдімін, - деді Бекетаев.

Министр Бекетаев Статимен істі жалғастыру және заңгерлерге шығынды "Қазақстанның сигналы" деп түсіндірді.

— Бізге нақты сигнал беру керек. Қазақстанда келіп, инвестиция құйғандай болып, бірақ қаржы салмай, кейін мемлекеттен ақша талап ету деген болмайды. Стати арбитраж сотында газ өңдеу зауытына 230 миллион доллар жұмсадым десе, іс жүзінде 180 миллион долларды офшорға шығарып, осы қаржыны Қазақстаннан өндіріп алмақ. Біздің жауабымыз бір: бұл ақшаны ол алмайды, - деді министр.

Статидің Қазақстанға қарсы түсірген шағымы 2013 жылдан бері жалғасып келеді. Қазақстан билігі арбитраж сотының 506 миллион доллар шығынды өтеу туралы шешімге қарсы шағым түсірген.

Стати Қазақстан билігімен 1999 жылдан бері таныс. LSM дерегінше, Стати құрған Tristan Oil Ltd офшор компаниясы Қазақстанның Tolknynneftegaz және Kazpolmunay компаниясын сатып алған.

Tristan Oil арқылы Боранкөл және Толқын мұнай-газ кенішін игерген. 2008 жылы Қазақстан Tolknynneftegaz және Kazpolmunay тексере келе Стати салық заңын бұзды деп айыптаған. Боранкөл және Толқын мұнай-газ кеніші "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG