Әзербайжан күштері бітім келісімі негізінде Армения босатқан үш ауданның соңғысы – Лачин аймағына әскер кіргізгенін хабарлады.
"Әзербайжан армиясының отрядтары 1 желтоқсанда Лачин ауданына кірді" делінген Әзербайжан қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде.
Министрлік Әзірбайжан туы ілінген танк бастаған жүк көліктері тізбегінің қараңғыда түсірілген видеосын қоса жариялады.
1990 жылдардың басында Совет одағы тарап, Армения мен Әзербайжан тәуелсіз мемлекетке айналған тұста екі ел арасында соғыс болып, Әзербайжан Лачин ауданын бақылаудан шығарып алған.
Лачин – этникалық армяндардың бақылауында қалған Таулы Қарабақты Армениямен жалғастыратын стратегиялық маңызы бар орын саналған. Ол Арменияның халықаралық деңгейде мойындалған шекарасынан тысқары жатыр.
Биыл қыркүйекте 1990 жылдардан бері алғаш рет Таулы Қарабақ пен оның айналасында үлкен қақтығыс басталған. Ресейдің араағайындығымен 9 қарашада қол қойылған келісім бойынша, Армения отыз жылдай бақылауында ұстаған Таулы Қарабақ айналасындағы үш аудан – Агдам, Келбаджар және Лачинді Әзербайжанға қайтаруға уағдаласқан.
Агдам 20 қарашада, Келбаджар одан бес күн өткен соң Әзербайжанға тапсырылды.
Бітім келісімі аясында аймаққа Ресейдің 2 мың бітімгері енгізілді. Олар Таулы Қарабақпен қоса Арменияны Таулы Қарабақпен жалғап жатқан Лачин дәлізін де күзетпек.
Осы келісім бойынша екі тарап сауда-саттық үшін шекараларын ашуы керек, бірақ мұның нақты уақыты белгіленбеген.
1994 жылы атысты тоқтату келісімінен соң әзербайжандар мен олардың әскері аймақтан кетіп, этникалық армяндар қоныстанған Таулы Қарабақ де-факто дербес ел ретінде өмір сүріп келген.
ПІКІРЛЕР