3 желтоқсан күні Ақтөбенің Бестамақ ауылындағы шошқа фермасын тексерудің алдын ала қорытындысы жарияланды. Бұл туралы бейсенбі күнгі онлайн брифинг кезінде айтылды.
Ақтөбе облысы экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұлдың сөзінше, шошқа фермасының қалдықтары Бестамақ ауылындағы 13,80 гектар алқапты бүлдірген. Жердің 5,4 гектар құнарлы қабаты жойылған. Оны қалпына келтіру үшін кем дегенде бір жыл керек. Тексеру басталған он тәулік ішінде бұл аумақтан 189 тонна түрлі қалдық жиналған.
Эколог ферма маңында қазылған шұңқырлардан шошқа өлексесі, ішек-қарын, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығының өзге де қалдықтары әлі де жиналып жатқанын айтады. Сондықтан табиғатқа келген шығынның нақты мөлшері белгісіз. Шығынның алдын ала мөлшері әзірше 42 млн теңге деп бағаланды.
– Жоба бойынша бұл фермада 40 мың бас шошқа болуы керек. Тексеру кезінде шошқа санының 52 мың екені анықталды. Яғни, ауылшаруашылық кешенінің ауқымы нормативтен асып кеткен. Жобаға сәйкес шаруашылық шошқаның ішек-қарнын өңдеп, мал азығы ретінде пайдалануы керек болған. Бірақ шошқа фермасындағы сағатына 500 келі қалдық өңдейтін экструдердің қуаты жетпеген. Сондықтан шошқаның ішек-қарны мен өлексесі ферма маңына көмілген, – деді Нұржан Аққұл.
Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Азамат Құстановтың айтуынша, Бестамақтағы ауыл шаруашылығы кешені басшыларының үстінен ҚР қылмыстық кодексінің 332-бабы ("Жерді бүлдіру") бойынша қылмыстық іс қозғалған.
– Бүгін, яғни 3 желтоқсан күні, соталды тергеу басталды. Тергеу әзір ешкімге айып таққан жоқ. Бұл іспен Алға аудандық ішкі істер бөлімі айналысып жатыр, – деді Азамат Құстанов.
Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың сөзіне қарағанда, жергілікті билік шошқа фермасы қожайындарына қызмет бағытын өзгерту немесе шаруашылықты жабу туралы талап қойған.
– Облыс басшылары бұл талап бойынша кәсіпкермен екі мәрте кездесті. Ол он тәулік ішінде бізге шешімін айтуы керек, – деді Қалауов.
19 қараша күні Ақтөбе қаласының іргесіндегі Бестамақ ауылының жүз шақты тұрғыны наразылыққа шығып, ауыл іргесіндегі шошқа фермасының жабылуын талап еткен. Жергілікті жұрт ферма жақтан жел тұрғанда, күлімсі иіс тарап, үйден шыға алмай қалатынын айтқан.
Шошқаның ішек-қарны, терісі және өлексесі ауыл маңындағы орларға көміліп жатқанын видеоға түсіріп алған тұрғындар ферма қожайындарын жерді, суды ластап жатыр деп айыптаған. Тұрғындар алдында өзін "Бестамақ ауылшаруашылық кешенінің атқарушы директорымын" деп таныстырған Нұрым Құмаров кәсіпорынның экструдері сынып қалып, шошқа өлексесі мен ішек-қарнын 20 күннен бері ферма іргесіндегі шұңқырларға көміп жатқанын мойындаған.
Шошқа фермасының жабылуын талап еткен жиынға Бестамақ ауылынан бөлек, сол маңдағы Қарағаш, Бесқоспа ауылдарының тұрғындары да келген. Бұл ауылдардың бәрі Ақтөбе облысының Алға ауданына қарайды.
ПІКІРЛЕР