Ресейде коронавирусқа қарсы жаппай вакцина салуға "Спутник V" екпесінің екінші компонентінің жетіспеуі кедергі болуы мүмкін. Бұл жөнінде жұма күні "Медуза" сайты хабарлады. Мұның алдында Ресейде тұрғындарға коронавирус вакцинасын салуға кедергі жасайтын бірнеше мәселе, соның ішінде оны өндірудегі қиындықтар туралы айтылған.
Ресейде жаппай вакцина салудың 5 желтоқсанда басталатынын апта басында осы елдің президенті Владимир Путин айтқан. "Медузаның" мәліметі бойынша, қазір Ресейде вакцинаның бірінші компоненті көп өндірілген, дегенмен фармацевтикалық компаниялар оның екінші бөлігін шығаруды жолға қоя алмай отыр. "Онсыз вакцинацияны бастай беруге болады, бірақ аяқтау мүмкін емес" деп жазады басылым.
"Медузаға" ақпарат берген дереккөздер - федералдық деңгейдегі шенеунік және фармацевтика саласының өкілі Ресейдегі қоймаларда қазір "Спутник V" вакцинасының 500 мыңдай данасы ғана бар екенін айтқан. Вакцинаны араға бірнеше апта салып, екі рет егу керек. Оның бірінші компонентін өндіруде іркіліс жоқ, тек екінші бөлігінің өндірісін жолға қоюда қиындықтар болып жатыр. Дереккөздер бұл мәселенің бір жарым айдан соң шешілетінін айтқан. Дегенмен вакцинаны тек өндіріп қана қоймай, оның сапасын да тексеру қажет болады.
Мұның алдында The Bell вакцина өндірісін жаппай жолға қою қиын болып жатыр деген хабар таратқан. Басылымға сұхбат берген адамдардың айтуынша, жыл соңына дейін екпенің 500 мың дозасын өндіру мүмкін емес. Вакцина өндірумен айналысып жатқан бір компания өкілі "қыста шығарылатын вакцинаның саны өте аз болады" деген.
Қарашаның басынша Ресей президенті Владимир Путин "Спутник V" вакцинасын өндіру бойынша Франция басшысы Эммануэль Макроннан көмек сұраған. Макрон бұл мәселені ғалымдармен ақылдасуға уақыт сұрады деген ақпар болды. Бірақ бұл ресми деңгейде расталған жоқ.
- Ресей денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Гамалея орталығы әзірлеген Covid дертіне қарсы вакцина 11 тамызда тіркелген. Бұл – коронавирустың жаңа түріне қарсы әлемде жасалған алғашқы вакцина. Дегенмен тіркеуге алған кезде ол клиникалық сынақтың тек екі кезеңінен өткен, яғни тек ондаған адамға ғана сыналып көрген. Кейін үшінші сынақ кезінде екпенің тиімділігі 95 пайыз деген тұжырым жасалды. Бірақ сынақ нәтижесін тәуелсіз түрде бағалағандар болған жоқ.
- Қазақстан Ресейдің коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын желтоқсанда өндіруді бастап, келесі жылы оны халыққа жаппай егуді жоспарлап отыр. Бұл жөнінде 4 желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілігі мәлімдеді.
- Қазақстанда Ресей вакцинасын өндіру 22 желтоқсанда басталады, алдымен дәрігерлерге, педагогтарға және күш құрылымдарының қызметкерлеріне екпе салынады деді премьер-министр Асқар Мамин. Президентке берген мәліметінде ол осы айда отандық вакцинаның 2 млн дозасын өндіру басталатынын да айтты.
- Қазақстанның Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина шығаратын зауыт салынып жатыр. Құны 7 млрд теңге болатын зауыт келер жылдың наурыз айында вакцина шығара бастамақ. Бұл жөнінде 2 желтоқсанда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлім еткен.
ПІКІРЛЕР