5 желтоқсан күні Ереванда өткен оппозициялық митингтің қатысушылары премьер-министр Никол Пашинян отыратын үкімет үйіне шерулетті. Бұл туралы Азаттық радиосының Армян қызметі хабарлады.
Үкімет үйі алдындағы акция кезінде "Армян революциялық федерациясы" партиясының өкілі Ишхан Сагателян оппозицияның Пашинянға отставка туралы шешім қабылдауға сейсенбіге дейін уақыт беретінін мәлімдеді.
"Никол Пашинянға отставкаға кету жөнінде ақырғы шешім қабылдау мәселесін саяси командасымен және кеңесшілерімен талқылауы үшін сейсенбі сағат 12.00-ге дейін уақыт береміз" деді Ишхан Сагателян. "Никол [Пашинян], бұл – сенің үкімет саяжайындағы соңғы сағаттарың. Біздің талабымыз біреу ғана – Никол отставкаға кетуі керек, болды!"
Таулы Қарабақтағы 44-күндік соғыстың салдарына Пашинянды кінәлайтын оппозиция премьер-министр сейсенбіге дейін отставкаға кетпесе, бүкіл ел бойынша азаматтық бағынбау акциясы ұйымдастырылатынын айтты.
Мұның алдында 17 партиядан тұратын Отанды қорғау комитеті қазіргі кабинеттің орнына келуі тиіс өтпелі үкіметтің жетекшілігіне бұрынғы премьер-министр, қазіргі қорғаныс министрі Вазген Манукянды ұсынған еді.
Оппозиция мәлімдемесіне сәйкес, Вазген Манукян премьер-министр болған сәтінен бастап партиялық қызметін тоқтатады, алдағы парламент сайлауына қатыспауға және сайлау қорытындысы бойынша премьер-министрлікке үміткер болмауға уәде береді. Сөйте тұра ол бір жылдан кейін мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуге міндеттеледі.
Митинг қатысушыларына үндеу жолдаған Вазген Манукян Пашинянның өз еркімен кеткені дұрыс, болмаса күшпен кетеді деп айтты.
"Пашинян бұл қозғалыстың өркениетті жолмен кетуді мүмкіндігі екенін түсінуі керек. Егер қозғалыс жеңілсе, ашулы халық оны жұлып жейді. Ол қалай да болсын кетеді" деді Манукян.
- Таулы Қарабақтағы шиеленіс қыркүйектің соңында басталған қақтығыспен қайта өршіген. Қақтығыс енді басталғанда Баку мен Ереван жағдайдың ушығуын бір-бірінен көрген. 9 қараша күні Ресей, Әзербайжан президенттері және Армения премьер-министрі Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы ортақ мәлімдеме жасады. Мәлімдемеге сәйкес, Әзербайжан мен Армения күштері қазіргі позицияларында қалып, аймаққа Ресейдің бітімгер әскері кіргізілетін болды. Таулы Қарабақты қоршай орналасқан аймақтардың бәрі Әзербайжанға қайтарылып, Арменияға Қарабаққа, Әзербайжанға Нахичеванға транспорт коридоры берілетін болды.
- Келісімге қол қойылған соң Арменияда Пашинянның отставкаға кетуін талап еткен қарсылық акциялары басталды. 17 оппозициялық партия премьер-министр қызметіне Армения үкіметін 1990-1991 жылдары басқарған Вазген Манукянды ұсынды.
ПІКІРЛЕР