7 желтоқсанда интернетте жақында ғана Ұлыбритания соты активтерін бұғаттаған "Верный капитал" компаниялар тобының негізгі акционері Болат Өтемұратовтың компания қызметкерлеріне арнап жазған хаты жарияланды. Хатта автор БТА банк шағымы бойынша компания активтеріне шектеу қойылғанын өткен апта соңында ғана естігенін жазған.
"Шынымды айтайын, шок болдым. Дереу мәселенің мән-жайын анықтай бастадық. Заңгерлер сот шешімінің жалған құжаттарға сүйеніп шығарылғанын растады. Қазір сот шешімінің күшін жою үшін талпынып жатырмыз, бірақ оған біраз уақыт керек және мәселе жақын арада шешіледі деп сенемін. Сот процестері жүріп жатқан шақта ресми түрде мәлімдеме жасамаймын. Барлық компаниялар қалыпты режимде жұмыс істей береді" делінген 6 желтоқсанда жазылған хатта.
Хатта автор мұның бәрі "менің беделіме және компания атына нұқсан келтіріп, бизнесіме зиян тигізу үшін жасалып отыр" деп тұжырым жасаған.
Хатты Өтемұратовтың өзі жазғанын Азаттыққа "Верный капитал" өкілі Ольга Әбдірахманова растады. Өтемұратовтың медиаактивіне кіретін Informburo сайтының тілшісі Серікжан Мәулетбай та хат алғанын жазды.
Өткен аптада Ұлыбритания соты Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі Болат Өтемұратовтың активтерін бұғаттаған еді. Сот шешіміне БТА банктің арызы себеп болған. Wall Street Journal (WSJ) басылымының мәліметінше, "БТА" басқалармен бірге бизнесменді де "банктен ұрланған ақшаны жасыруға көмектесті" деп айыптаған.
Ізінше "Верный капитал" мәлімдеме таратып, бұғаттау туралы сот шешімі "жалған құжаттар негізінде шығарылды, сот шешімін апелляцияға бердік" деп хабарлаған. Ал БТА банктің өзі Азаттыққа әзірге түсініктеме бермейтінін айтқан.
Өтемұратов активтерінің бұғатталғаны жайлы ең бірінші болып хабарлаған қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов 30 қарашада Өтемұратов "не үйқамақта отыр, не оның Қазақстаннан шығуына тыйым салынған" деп жазған еді. Ал "Верный капитал" бұл ақпаратты жоққа шығарып, компания акционерінің Нұр-Сұлтанда "қоғамдық шаруалармен айналысып жүргенін айтқан".
Видео: Назарбаевтың "әмияны" Өтемұратовтың активтері бұғатталды. Бұл нені білдіреді?
WSJ жазуынша, бұғатталған активтер арасында шетелдік ірі банктердегі шоттарда жатқан ақша және Мәскеуде, Венада және Қазақстан астанасында орналасқан Ritz-Carlton қонақүйлеріне жартылай иелік ететін компаниялар, сонымен бірге Өтемұратовқа және оның ұлы Әнуарға тиесілі Burger King фастфуд мейрамханалар желісінің қазақстандық франшизасы бар.
"Forbes – Қазақстан" журналының мәліметі бойынша, Болат Өтемұратов Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарында төртінші орында тұр. Журналдың жазуынша, ол активтерінің көлемі бойынша Қазақстандағы ең ірі үштікке кіретін ForteBank-ті бақылайды (мамыр айындағы дерек). 2019 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, банк активтерінің ауқымы 2,07 миллиард теңде болған. Сонымен қатар оның тау-кен, мұнай-газ және телекоммуникация салаларында активтері бар.
ПІКІРЛЕР