Accessibility links

ОСК басшысы байқаушылар туралы қаулыны сынағандарға шүйлікті


ОСК басшысы Берік Имашев (сурет ОСК сайтынан алынды).
ОСК басшысы Берік Имашев (сурет ОСК сайтынан алынды).

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) басшысы Берік Имашев 10 желтоқсан күнгі жиын кезінде жақында қабылданған байқаушыларға байланысты даулы қаулыға "түсініктеме" берді. Ол қаулыға қатысты айтылған сындарды жоққа шығарып, айыптарды "негізсіз" деп атады.

4 желтоқсанда орталық сайлау комиссиясы тәуелсіз байқаушылар туралы қаулы қабылдаған. Тәуелсіз сарапшылар құжат байқаушылардың әрекетін шектейді деп айтқан.

10 желтоқсан күнгі жиын кезінде қаулы жайлы әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында жарияланған сын-ескертпелерден үзінді келтірген Имашев "кейбірі құжатты толық оқып, жете түсінбей, сынауға асығады" деді.

- Мысал келтірейін. "Бұл қаулының кесірінен тәуелсіз ұйымдардың басым бөлігі сайлау процесін бақылау мүмкіндігінінен айырылады, себебі байқаушы болып тіркелу үшін көп құжат қажет" дейді. Ал мемлекеттік тіркеу туралы анықтама мен ұйым жарғысының көшірмесі - көп болып па? - деді Имашев.

Сөз арасында "сайлау процесін жетік меңгерген тілшілердің" аздығын атап өтіп, ақпарат құралдарын кейбір маңызды мәселелерді назардан тыс қалдырады деп сынады.

Былтырғы президент сайлауы кезіндегі "байқаушылардың өрескел әрекеттерінен" мысал келтірген ол аталған қаулы осындай жайттардың қайталануына жол бермейді деді.

"[Осы қаулының арқасында] Сайлау кампаниясына байқаушы деген аты бар болғанмен шын мәнінде кампанияның беделін түсіргісі келетін адамдар емес - нағыз байқаушылар ғана қатысады" деді ол.

ОСК қабылдаған жаңа қаулыда сайлауды бақылауға құқығы бар ұйымдар ғана сайлау учаскесіндегі дауыс беруді қадағалай алатыны, ал фото-видеоға түсіру үшін сайлау комиссиясының рұқсаты керек екені айтылған. Осыған дейін тәуелсіз байқаушылар бұл талап заңға қайшы деп атаған.

5 желтоқсанда қаулыға байланысты мәлімдеме таратқан бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдері, саяси белсенділер мен журналистер "бұл қаулы күшін жоймаса, Қазақстан тарихындағы ең әділетсіз сайлау болмақ" деп айтқан.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Оған "Нұр Отан", "Ақжол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Қазақстан заңнамасы бойынша, депутат болғысы келетін адам партия арқылы ғана сайлауға түсе алады. Жеке кандидат ретінде тіркелуге мүмкіндік жоқ. Сарапшылар 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды.

Елде былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етіп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады.

ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған. Былтыр өткен президент сайлауында да ЕҚЫҰ "бюллетеньді топтап салу", "байқаушыға қысым жасау" сияқты заңсыз әрекеттер көп болды деп бағалаған. 2019 жылы президент сайлауы кезінде жұрт жаппай наразылық акциясына шығып, сайлауға қарсылық білдірген. Құқық қорғаушылар сайлау кезінде биліктің бейбіт митингіге шыққан азаматтарды жосықсыз қудалап, жазалағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG