Accessibility links

Семей тұрғыны қала мәслихатынан қоғамдық кеңес құрамын қайта қарауды талап етті


Восход ықшамауданындағы көппәтерлі үйдің жанындағы әжетханалар. Семей, 19 тамыз 2020 жыл.
Восход ықшамауданындағы көппәтерлі үйдің жанындағы әжетханалар. Семей, 19 тамыз 2020 жыл.

11 желтоқсанда Семей қаласының тұрғыны Олег Петрушин қалалық мәслихатқа сотқа дейінгі талабын жолдады. Ол қоғамдық кеңес құрамын және оны бекітетін жұмыс тобының құрамын қайта қарауды талап етіп отыр.

2020 жылғы қазанда Семей қаласының мәслихаты қоғамдық кеңес құрамына енгісі келетін азаматтардан өтініш қабылдауды бастаған. Кеңес құрамынан "екі мүшесі шығып кеткендіктен" өтініштер кезектен тыс уақытта қабылданған. Арада екі ай өткенде кеңестің жаңа құрамы жасақталған. Олег Петрушин жаңа құрамды іріктеген кезде кеңес туралы ереже бұзылғандықтан оның құрамын қайта қарау керек деп санайды.

– Биылғы жылдың соңында Семей қаласы қоғамдық кеңесінің құрамы өзгергені бізді таңғалдырды. Басқа БАҚ-та бұл мәліметтер жарияланбаған. Бұл әлеуметтік желілерде қызу пікірталасқа түрткі болды. Мен осы мәселені көтеруге талпынып көрдім, бірақ қоғамдық кеңес мүшелері менің сауалдарымды елеусіз қалдырды, – дейді белсенді. – Қоғамдық кеңеске мүше болып, қызметіне қатысқым келген, бірақ ақпанда рәсіміне кешігіп қалып қатыса алмасам, бұл жолы да қатыса алмадым. Мен өзімнің және өзге азаматтардың құқығы бұзылды деп есептеймін.

Олег Петрушин жұмыс тобын жасақтау кезінде-ақ "ереже бұзылған" деп санайды. Оның сөзінше, мемлекеттік орган мұндай хабарларды жариялауы тиіс ашық дерек көздерінде әлгіндей ақпарат жоқ. Петрушин кеңес құрамын да зерттеу қажет дейді.

– Бұлар "Нұр Отан" партиясының не бұрынғы, не қазіргі мүшелері. Партия жарғысы өз мүшелеріне партияның саясатына, мемлекеттік органдардың шешімдеріне қарсы шығуға тыйым салады. Тиісінше, қоғамдық кеңестің бүкіл құрамы тегіс "Нұр Отан" мүшелерінен тұрады, бұл дұрыс емес әрі қисынсыз, – дейді белсенді.

Семей қаласы қоғамдық кеңесінің төрайымы Зүлфия Жамалтдинова сотқа шағым түсіру – Петрушиннің "құқығы" дейді.

– Оның айтып жүрген уәжін сотта тексереді. Мен сөйткенін қалаймын. Сотта тыңдап, тексерсін, – деген Жамалтдинова бұдан басқа пікір беруден бас тартты.

18 қарашада Қазақстан парламенті мәжілісі "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдаған. Бұл құжатта қоғамдық кеңестердің өкілетін ұлғайтатын 40 жаңа норма мен 28 өзгеріс бар. Заң жобасында қоғамдық кеңес заңды өзгерту туралы ұсыныс енгізіп, комиссиялар құра алады және өзге де міндеттерге ие болады деп көрсетілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG