Accessibility links

The Sunday Times: Навальныйды Омбы ауруханасында уламақшы болған


Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный. Берлин, Германия, 6 қазан 2020 жыл.
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный. Берлин, Германия, 6 қазан 2020 жыл.

Ұлыбританияда шығатын The Sunday Times басылымы батыс барлау қызметіндегі дерек көздеріне сілтеп, Омбы қаласындағы ауруханаға жатқызылғаннан кейін ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды аса қауіпті "Новичок" уымен екінші рет уламақшы болған деп хабарлады.

Бірақ Навальныйға атопинді ("Новичок" уына қарсы әсер ететін) дер кезінде салғандықтан екі мәрте жасалған қастандықтан кейін де ол аман қалған деп жазады газет.

Басылымның дерек көздерінің мәліметінше, әуелде ресейлік барлау қызметінің агенттері болуы мүмкін деген адамдар Томск қаласындағы Навальный түскен қонақ үйдің бөлмесіне кірген. Олар оппозицинердің іш киіміне немесе белбеуіне "Новичок" уын жаққан болуы мүмкін деген долбар айтылады.

Омбы қаласындағы аурухананың уланған науқастарды емдейтін бөлімінің меңгерушісі, Омбы облысы мен Сібір федералдық округінің бас токсикологы Александр Сабаев ТАСС агенттігіне ауруханада Навальный жатқан бөлмеге тек медицина қызметкерлері ғана кіріп-шығатын, оны екінші қайта улау мүмкін емес болатын деп мәлімдеді.

"Бұл бастан-аяқ ойдан құрастырылған. Ешқандай бірінші рет, екінші мәрте улау деген болған емес. Бұл ақпараттық өсек-аяң, оның бәрін нақты бір мақсатпен қоздырып жатыр" деді Сабаев.

Ресей билігі Алексей Навальныйды улауға қатысы бар деген айыптауды жоққа шығарып, бұл қылмысты тергеуден бас тартқан. Ресей президенті Владимир Путин 10 желтоқсанда Адам құқығы жөніндегі кеңестің отырысында "егер адам ажал аузынан қалса, бұл кез келген оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғау керек дегенді білдірмейді, бірақ тексеру жүріп жатыр" деп мәлімдеген.

Алексей Навальный қазір Германияда денсаулығын оңалтып жатыр. 20 тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан ұшақта есінен танып қалған Навальныйды алдымен Омбыда ауруханаға жатқызып, содан соң Германиядағы клиникаға алып кеткен. Германияда оппозициялық саясаткердің ағзасынан "Новичок" ізі табылғаны хабарланды. Ал Германия канцлері Ангела Меркель Ресейден болған жайды түсіндіруді талап етті. Францияның, Швецияның және Химиялық қаруларды таратпау ұйымының зертханалары Навальныйдың анализдерінде "Новичок" уы барын растады.

Қазан айында Еуропа одағы алты адамға, Органикалық химия және технология мемлекеттік ғылыми зерттеу институтына санкция салды. Санкцияға сай, олардың Еуроодақ аумағына кіруіне тыйым салынады және ондағы қаржы активтері бұғатталады. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу бұған жауап ретінде Германия мен Францияның ресми өкілдеріне қарсы санкция салатынын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG